11:21, 10 Мамыр 2012 | GMT +5
Жыл соңына дейін Шымкентте 243 ипотекалық пәтер пайдалануға беріледі
ШЫМКЕНТ. 10 мамыр. ҚазАқпарат - Шымкентте жылдың соңына дейін 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Бұл үйлер 2005-2007 жылдардың тұрғын-үй бағдарламасы бойынша салына бастаған болатын, алайда оның құрылысы әртүрлі себептерге байланысты аяқталмаған. Енді Шымкент қаласының бюджетінен 500 млн. теңге бөлінді, алдағы уақытта тағы осындай сомадағы мөлшерде қаражат қарастырылмақ. Үйді жылдың аяғына дейін тапсыру үшін қаржы жетеді», - деді Шымкент әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Қуаныш Рысалиев. Ол атап өткендей, 12 бесқабатты тұрғын үйде 273 пәтер, немесе 21 797 мың шаршыметр бар. «Бұл үй ипотека бойынша пайдалануға берілмек. Баспанаға ие болғысы келетіндер жеткілікті», - деді ол.
Барлық үйлер «Нұрсат» шағынауданында орналасқан. Олардың көбісіндегі құрылыс тек пәтерлердің ішкі жөндеу жұмыстары кезінде тоқтап қалған.