Жыл соңына дейін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» 74 тұрғын үй тапсырады

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Жыл соңына дейін «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» 6 мың пәтерлік 74 тұрғын үйді тапсырады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған банктің басшысы Айбатыр Жұмағұлов мәлім етті.

Жыл соңына дейін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» 74 тұрғын үй тапсырады

Оның айтуынша, биылғы жылы тапсырылатын баспананың ауданы - 384 мың шаршы метр, ал оның жалпы құны - 43,4 млрд. теңге.

Бағдарламаны іске асыру басталғалы банк пен жергілікті атқарушы органдар арасында жалпы ауданы 875 мың шаршы метр аумақтағы 13,7 мың пәтерлік 171 тұрғын үйдің құрылысы бойынша келісімдер бекітілді.

«2013 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жалпы ауданы 324 мың шаршы метрдегі 5 мың пәтерлік 63 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалған 34 үйді біз алдағы кезеңде тапсыратын боламыз», - деді ол.