Жыл соңына дейін Жамбыл облысында ҮИИД-дың 3 жобасы іске қосылады
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - 2015 жылы Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында жоспарланып отырған алты ж обаның ішінде аймақта жыл соңына дейін тағы 3 өндіріс пайдалануға берілмек, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
Алты жобаның жалпы сомасы 30,3 млрд. теңгені құрап отыр. Барлығы 425 жаңа жұмыс орны құрылады.
Бірінші жартыжылдықта іске асырылған инвестициялық жобалардың арасында - құны 23,5 млрд. теңгені құрап отырған «Бурное Солар-1» күн электр стансасы бар. Жуалы ауданында орналасқан күн электр стансасында электр энергиясын шығару үшін шамамен 192 мың күн панелі орнатылған. КЭС-ның қуаттылығы - 50 МВт. Бұл жоба Индустрияландыру күні Мемлекет басшысына таныстырылды.
«Полиэтилен-Агро» ЖШС-нің жылыжай кешендері үшін пленка шығаратын зауыт іске қосылды. Оның құны 381 млн. теңге, қуаттылығы - жылына 500 тонна пленка өнімі, 27 жаңа жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ «Тараз-көлік жолы» ЖШС-нің құрылыс құмы, шақпақтас, қиыршық тасты және асфальт-бетон қоспаларын шығаратын зауыты өз жұмысын бастады.
Екінші жартыжылдықта «Әулие-ата феникс» ЖШС-нің құс фабрикасы, «Golden Compass Capital» ЖШС-нің алтын кенін қайта өңдеу фабрикасы және «Жамбыл Недр» ЖШС-нің цемент зауытының іске қосылуы күтіліп отыр.
Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Алмас Мәдиевтің «ҚазАқпарат» тілшісіне айтып бергеніндей, ҮИИД бағдарламасының бірінші кезеңінде (2010-2014 жылдар) Жамбыл облысында 123,3 млрд. теңгеге 33 инвестициялық жоба іске асырылған, шамамен 5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. 2014 жылдың өзінде ғана құны 22,84 млрд. теңгеге 6 жоба іске асырылып, 994 жаңа жұмыс орны құрылған, 274,3 млрд. теңгеге өнім шығарылды (2,3 есе өсім). «Мойынқұм ауданындағы Мыңарал цемент зауыты және Ақбақай алтын өңдеу фабрикасы, Байзақ ауданындағы Тараз құбыр зауыты, Жамбыл ауданындағы «SUPER PHARM» медициналық бұйымдарды шығару зауыты, Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің 30 мың мал басына арналған бірегей бордақылау кешені - бұл заманауи жоғарытехнологиялы өндірістік нысандар. Бұл жобалардың қатарында елде жалғыз болып табылатын натрий цианиді өндірісі, ЖЭС, КЭС баламалы энергетиканың нысандары, гидроэлектр стансалары, ет, балық өңдеу, үй салу комбинаттары бар», - деп атап өтті ол.
Бағдарламаның 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңінде жалпы сомасы 579 млрд. теңгені құрайтын 23 инвестициялық жобаны іске асыру қарастырылған, пайдалануға беру кезеңінде шамамен 6,5 мың жұмыс орнын құру шамаланып отыр. Облыста ең ірі «серпінді» жобалар - «Еврохим-Тыңпайтқыш» ЖШС мен «Тараз химиялық паркі» АЭА іске асырылады. Соңғысының аясында жоғары қосылған құны бар экспортқа бағытталған өнімдерді шығаратын 16 химиялық зауытты құру жоспарлануда. Бұл жобаның құны - 375 млрд. теңге, 2 мың жаңа жұмыс орны құрылады.