Жылқы ұрлаушыларымен арада тұтанған қақтығыс барысында қазақстандық бір шекарашы ауыр жараланып, 2 ұры қаза тапса, тағы бірі қолға түсті

2 ұры қаза тапса, тағы бірі қолға түсті. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары Амангелді Абылқанов мәлім етті.
Оның атап өтуінше, шілденің 13-і күні кешкі сағат 4-5-тің аралығында қазақстан-қырғызстан шекарасында Шонжы шекара отрядының «Саты» заставасының шекара жасағы тау жолдары арқылы Қазақстаннан көрші елге 1 үйір жылқы айдап бара жатқан ұрыларды анықтаған. «Оларды тоқтатып, құжаттарын тексеру жасамақ болған шекара жасағына жылқы ұрлаушылар бірінші болып қарсылық көрсетіп, оқ атқан. Ұрыс барысында қазақстандық шекарашы жараланды. Заң аясында әрекет жасаған шекара жасағы мемлекеттік шекараны заңсыз бұзушылардың жолын кесу және өздерін қорғау мақсатында қару қолданды», деп атап өтті ол.
Атыс барысында 2 қырғыз ұрысы оқиға орнында қаза тауып, 1-еуі қолға түскен. Қазіргі уақытта қолға түскен қырғыз азаматы өздерінің мемлекеттік шекараны бұзып өткендіктерін және бірінші болып қару қолданғандарын мойындап отыр.
«Ауыр жараланған шекарашы шекара авиациясының тікұшағымен Шекара қызметінің орталық әскери госпиталіне жеткізіліп, түнгі 2-де операция жасалды. Қазіргі уақытта оның жағдайы бірқалыпты ауыр деп бағалануда», деді А.Абылқанов.
Мемлекеттік шекараны бұзушылардан 3 қару мен 20 бас жылқы тәркіленді.