Жылу-энергетика жүйесін дамытуға берілетін нысаналы даму трансферттері бойынша қомақты қаржы бөлінеді
АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Еліміздің қалаларындағы тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарды жылумен қамтуға ерекше мән беріліп отыр.
Осы мақсатта республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлу көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжілісте талқыланып жатқан «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жылу-энергетика жүйесін дамытуға берілетін нысаналы даму трансферттері» бағдарламасы бойынша үш жыл ішінде 145 млрд 945 млн 489 мың теңге шығыстар қарастырылған. Оның ішінде келер жылы қомақты қаржы бөлінеді. Яғни, 2010 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 62 млрд 062 млн 850 мың теңге қаражат жұмсалады. 2011 жылы - 45 млрд 545 млн 970 мың теңге, 2012 жылы - 38 336 669 мың теңге бөлінетіні жоспарланған.
Бұл қаражат тұрғын-үй аймақтарын және қоғамдық ғимараттарды жылу және электрмен қамсыздандыру және елді мекендерді газдандыру үшін облыстардың және Астана, Алматы қалаларының инвестициялық жобаларын іске асыруға бағытталады.
Сондай-ақ қаржы шығыстары бірқатар маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталатын болады. Оның ішінде Астана қаласының ЖЭО-2 (жылу электр орталығы-2), жылу желілері мен электржелі нысандарын кеңейту және қайта жаңарту жұмыстарын іске асыруға мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылып отыр.