Жылыту маусымына дайындық сылбыр жұмысты көтермейді - М. Бигелдиев

Негізгі баяндаманы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов жасады. Оның айтуынша, жылыту маусымын өткізуге дайындық барысында қазандықтар, жылу желілері жөнделіп, қажетті отын мен құрылғылар сатып алынуда. Бүгінгі күнге облыстағы 28 қазандықтың 22-сі, 40 шақырым жылу жүйесінің 33 шақырымы, 13800 шақырым электр желілерінің 11500 шақырымы жылыту маусымына дайын. Бүгінгі күнге жеке сектордың қатты отын тұтынуына қажетті көлемнің 70 пайызы қоймаларда бар. Мұнан соң Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Марат Разбеков, «Қапшағайжылу» кәсіпорнының директоры Сейдахмет Даданбеков, «Қазмырыш-Текелі» ЖШС директоры Валерий Тарлавин, «Талдықорғанжылусервис» кәсіпорнының директоры Манархан Ахымбеков сөз алып, жылыту маусымына дайындық және қолдауды қажет ететін мәселелер туралы баяндады. Мінбеге көтерілген азаматтардың хабарламалары мен проблемаларын тыңдай келе, облыс әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиев қатысушыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. - Сарқан ауданында салынған жаңа қазандықты іске қосуға байланысты экономикалық негіздеме құжаттарын сауатты дайындап өткізу, кадрлық, техникалық дайындығын пысықтау қажет. Әр сала басшысы аудан, қалаларда өздеріне тиісті мекемелердің жылу маусымына дайындығын қатаң бақылауға алсын, түйінді мәселелер болса жасырмай айтып, дер кезінде шешілуіне көңіл аударыңыздар. «Нұрлы жол» бағдарламасымен қолға алынып отырған алты жобаның жүзеге асырылуы назарда болуы тиіс. Сондай-ақ, дебиторлық қарызды қайтару бағытында тыңғылықты жұмыс істеңіздер. Мекемелерге сұйық отын уақытылы жеткізілуі және жеткізілген отынның төлемі дер кезінде жасалуы қажет. Жалпы жылыту маусымына дайындық енжар, сылбыр жұмыс істеуді көтермейді - деді М. Бигелдиев қорытынды сөзінде.