«Жыр алыбының жарқын бейнесі» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 18 ақпан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстанның көлік өндірісі шетел нарығына шыға бастаған. «Әдетте, отандастарымыз темір тұлпарларды араб елдерінен тасымалдайтын болса, енді олардың көзі Қазақстанда құрастырылған өнімге түсіп, «Нива» көлігін аттай қалап сатып ала бастапты. Қазір, автокөліктің бұл маркасы Біріккен Араб Әмірліктерінің жолдары мен шөлдеріне өз ізін сала бастады деуге болады. Бұл мүмкіндік­ке қол жеткізуге «БИПЭК АВТО Қа­­­зақстан» ЖШС Ақтаудағы фи­лиалының өтінішін аз уақыттың ішінде қарап үлгерген Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы мұрындық болды. Бұған дейін тауардың шығарылған жері туралы сертификаттаудан туындаған проблемалардың салдарынан Біріккен Араб Әмірліктеріне өс­кемендік автокөліктерді экспорттау мүмкін болмаған еді»,-деп жазады басылым. Бұл туралы басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Нива» көлігін Араб Әмірліктеріне шығаруға жол ашылды» атты мақаланы оқыңыздар.

Жыр алыбы - Жамбыл туралы «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 4 сериялы тарихи драма түсіріп шыққан. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті хабарлайды. «Фильм «Қазақстан» арнасында 28 ақпанда, яғни ақынның туған күнінде көрермендер назарына ұсынылады. «Ұлы ақын болашаққа мол мұ­ра қалдырып, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосты. Жам­был көп қырлы тұлға. Ақын­дығымен қатар, айрықша шешен­дігімен де жұртқа танылып, аты аңызға айналған. Тарихи драмада Айгүл Үлкенбаева (Дина Нұрпейісова), Ілияс Тұрманов (Лаврентий Бе­рия), Әйгерім Сәменова (Күләш Бай­сейітова), Жоламан Әміров (Жабай), Ергенбай Әбуов (Сүйінбай), Нұрбек Мұқыш (Кенен Әзірбаев), Боранбай Молдахметов (Мұхтар Әуезов), Қанат Жүнісов (Сәкен Сейфуллин), Кентай Ақүр­пеков (Темірбек Жүргенов), Бақыт Беделхан (Бауыржан Мо­мыш­ұлы) және тағы да басқа белгілі актерлер ойнайды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде бүгін «Жыр алыбының жарқын бейнесі» атты мақаладан оқыңыздар.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, батыс елдері қазақ еліндегі демократиялық өзгерістерді үлкен ықыласпен бақылайды. «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) Қазақстандағы парламенттік дода барысын бақылау миссиясын ресми түрде ашты. Бұдан бұрын ресми Астана еуропалық осы белді ұйымға шақыру жіберген болатын. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ байқаушылар мис­сиясына Борис Фрлец жетекшілік етеді. Кеше ол Сыртқы істер министрі Ерлан Ыды­рысовпен кездесті. Еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақ­стан­­ның бәсекелесті, транспарентті және әділ сайлау өткізу қағидаттарына берік­тігін мәлімдеді»,-деп жазады басылым. Б.Фрлец сайлауды байқау бойынша уақытылы шақыру жібергені және миссия жұмысы үшін барынша қо­лай­лы жағдайлар туғызғаны үшін Қазақ­станға алғысын білдірген. Бұл туралы газеттің бүгінгі санында жарық көрген «Қазақстан әділ сайлау қағидаттарына берік» атты мақаладан оқыңыздар.

Сондай-ақ, «Айқын» газетінің хабарлауынша, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы «Бал текстиль» ЖШС кілем тоқу фаб­рикасы үшін жылына 4 мың тонна полипропилен жіптерін шығаратын өндірiс орны іске қосылған. Фабрика болашақта жұмыс орын­дарын көбейтумен қатар, кәсіпорын қуаттылығын 8 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Жобаға 1,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Өндірісте аталған сала бойынша бельгиялық, француздық және герма­ниялық өндірушілердің заманауи жабдықтары пайдаланылады. Кілем тоқу саласында жетекші орынға ие Wandewielle (Бельгия) компания­сының жабдықтары тоқыма өндірудің негізгі желісі ретінде қолданылып, Superba (Франция), Neumag және Volkmann герман фирмаларының жіпті керу және бұрау жабдықтары орнатылған. Айта кеткен жөн, поли­про­пилен жіп иіру фабрикасы іске қо­сылмай тұрып «Бал текстиль» ЖШС жіпті Түркия, Бангладеш және Ин­донезиядан әкелуге мәжбүр болған еді.

Жоба тек Оңтүстік өңіріне ғана емес, жалпы еліміз үшін бірегей болып табылады. Бұл туралы «Айқын» газетіндегі «Кілем тоқитын жіп Шымкенттен шығарылады» деген мақаладан оқыңыздар.

***

Ал, «Экспресс-К» газетінің жазуынша, Қазақстан аумағында ежелгі адамзат өркениетінің іздері табылған. Бұл тарихи деректі дәлелдеумен зерттеуші Қуандық Жұманов айналысып жүр екен. Оның айтуынша, қазіргі географияның заңына бағынбайтын бірқатар ескі карталар бар. Ол карталардағы Еуразияның орталығынан бастап шығыстан батысқа қарайғы тау - шын мәнінде тау емес, бұл мұзтаудың жағасы. Бұл туралы «Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Непредсказуемое прошлое» атты мақаладан оқыңыздар.

Соңғы жаңалықтар