Зинедин Зидан Франция ұлттық футбол құрамасының бас бапкері болып тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Франция футболының аңызы, 1998 жылғы әлем чемпионы Зинедин Зидан ресми түрде Франция ұлттық құрамасының бас бапкері болып таныстырылды. Ол бұл қызметте 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін отставкаға кеткен Дидье Дешамның орнын басты. Дешам ұлттық құраманы 14 жыл бойы жаттықтырып, командамен 187 матч өткізді. Бұл туралы BILD басылымына сілтеме жасап хабарлады.
— Мен француз футболын бала кезімнен жақсы білемін. Менің жалғыз мақсатым — осы құрамамен жұмыс істеп, оның жаңа жетістіктерге жетуіне үлес қосу. Бұл — бапкерлік мансабымдағы ең бақытты күн. Сырт көзге сабырлы көрінуім мүмкін, бірақ ішімде толқыныс пен қуаныш кернеп тұр, — деді Зидан.
Жаңа бас бапкер өз қызметіне 1 қыркүйектен бастап ресми түрде кіріседі. Онымен жасалған келісімшарт 2030 жылға дейін есептелген және команданы әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатына дайындауды қамтиды.
Мәліметке сәйкес, Франция футбол федерациясы Зиданмен алғашқы келіссөздерді 2025 жылдың ақпанында бастаған. Ал өткен жылдың қарашасында тараптар ауызша келісімге келген. Әлемнің жетекші клубтарынан, оның ішінде «Реалдан» ұсыныстар түскеніне қарамастан, Зидан үшін Франция құрамасын жаттықтыру әрдайым басты мақсат болып келген.
Еске салайық, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының үшінші орын үшін өткен матчында Англия құрамасы Францияны жеңген болатын.