Зияткерлік меншік, авторлық құқық: Қазақстан Meta-мен тәжірибе алмаспақ
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Әділет министрлігінің өкілдері Meta компаниясының басшыларымен кездесті. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлайды.

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Meta компаниясының Орталық Азия және Шри-Ланка бойынша қоғамдық саясат бөлімінің басшысы Сенура Абейварденмен кездесті.
— Шарада цифрлық платформаларда зияткерлік меншік нысандарын пайдалану мәселелері, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тәжірибе алмасу тақырыбы талқыланды. 9 сәуірде Қазақстандық авторлар қоғамы мен Meta компаниясы арасында қазақстандық авторлар мен құқық иеленушілердің авторлық құқық және сабақтас құқықтарын пайдалану мәселелерін реттеу жөніндегі келісім жасалды, — делінген хабарламада.
Осылайша цифрлық платформаларда авторлық құқықты сақтау тетіктерін талқылау және зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтасты күшейту мәселесін қарастырған қос тарап алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Бірнеше күн бұрын Meta мен «Қазақстанның авторлық қоғамы» РҚБ Instagram және Facebook платформаларында қазақстандық музыканы пайдалану мәселесін реттейтін шартқа қол қойды.
Сондай-ақ Instagram желісінде қазақстандық авторлардың музыкасы қайта пайда болды.