Зохран Мамдани мэр болған жағдайда Трамп Нью-Йорк қаласын қаржыландыруды қысқартады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йорк тұрғындарын демократ Зохран Мамданиді мэр етіп сайлаудан сақтандырды. Ол халықты тәуелсіз кандидат Эндрю Куомоға дауыс беруге шақырып, әйтпесе қаланы қаржыландыруды қысқартамын деп қорқытты, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.
Ол бірнеше рет коммунист деп атаған Мамдани жеңіске жеткен жағдайда Ақ үй қалаға заңмен белгіленген ең аз мөлшерден тыс федералды қаражат бөлуі екіталай екенін айтты.
— Эндрю Куомо ұнаса да, ұнамаса да, сізде іс жүзінде басқа таңдау жоқ. Сіз оған дауыс беруіңіз керек, — деп жазды Трамп дүйсенбі, 3 қарашада Truth Social әлеуметтік желісінде.
Дауыс беру 4 қарашада өтеді. Сауалнамалар Мамданидің Куомо мен республикашыл кандидат Кертис Сливадан алда екенін көрсетті.
Мамдани Трампты қарсыласын қолдағанын сынға алды.
— MAGA («Америкаға қайта даңқ әкелейік») қозғалысын қолдау арқылы Эндрю Куомоны қолдауы Дональд Трамптың оның өзіне ең қолайлы мэр екенін түсінетінін көрсетеді, — деді Мамдани. — Трамп пен Куомоның донорлары бірдей, көзқарастары ұқсас және өз әрекеттеріне жауапкершілік сезімі жоқ, — деп мәлімдеді Мамдани.
Резонансты сайлау
Нью-Йорк қаласындағы сайлау бүкіл ел бойынша қызығушылық тудырды, себебі оның қорытындысы Демократиялық партияның беделіне әсер етуі мүмкін.
Өзін демократиялық социалист деп атайтын отыз төрт жастағы Мамдани прогрессивті электоратты тарта алды, бірақ бірқалыпты демократтарды алаңдатты. Оның сайлауалды бағдарламасына қаланың ең дәулетті тұрғындары үшін салықты көтеру және мемлекеттік тұрғын үйді кеңейту кіріп отыр.
Мамдани Демократиялық партияның праймеризінде күтпеген жерден Куомоны жеңді. Енді Демократиялық партияның көптен бергі мүшесі болған Куомо тәуелсіз сайлауға кандидат ретінде түсіп жатыр. Ол 2021 жылы Нью-Йорк штаты Бас прокурорының он бір әйелге жыныстық қысым көрсетті деген айыптауына байланысты есебі жарияланғаннан кейін губернаторлық қызметінен кетті.
Нью-Йорк қаласы Есеп беру палатасының мәліметінше, қаланың федералдық қаражаты шамамен 7,4 млрд долларды құрайды, бұл қала бюджетінің 6,4 пайызына тең. Екінші мерзімі кезінде Трамп саяси себептермен әртүрлі бағдарламаларға федералдық қаржыландыруды тоқтата тұрамын деп бірнеше рет қорқытты.
Бұған дейін Нью-Йорк қала мэрін сайлауға дайындалып жатқанын жазған болатынбыз.
Нью-Йорк мэрі қызметіне кім үміткер екенін мына материалдан оқи аласыз.