Зообақтар Қазақстанның фаунасына тән емес аңдармен толығып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, олардың негізгі бөлігі үш мемлекеттік зоологиялық бақта мекендейді.

Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан зообақтарының коллекциясы келесі жануарлармен толықты:
Жыртқыш аңдар:
— африкалық арыстан — 3,
— амур жолбарысы — 13,
— пума — 3,
— ягуар — 1,
— қарақал — 3,
— сервалар — 2.
Солтүстік аң түрлері:
— ақ қасқыр — 2,
— ақ аю — 1.
Приматтар:
— аққолды гиббон — 2,
— жапон макакасы — 8,
— мысық тәрізді лемур — 2.
Құстар:
— тырна (жапондық және тәжді) — 4,
— тотықұстар және басқа да түрлер.
Ведомствоның нақтылауынша, Қазақстан фаунасына тән емес жануарлар, негізінен, зообақтар арасында өзара аң алмасу тәсілімен жүзеге асырылады. Бұл қадам жануарлар коллекциясын жаңартуға, сондай-ақ инбридингтің алдын алуға мүмкіндік береді. Әкелінген жануарлардың басым бөлігі ТМД елдерінен жеткізілген.
Айта кетейік, бүгінде елімізде үш мемлекеттік зоологиялық бақ жұмыс істеп тұр, ол Қарағанды, Алматы және Шымкент зообақтары.
Алматы мемлекеттік зоологиялық бағында — 350 түр және 3 840 дара жануар бар, соның ішінде Қазақстан табиғи фаунасына тән емес жануарлар да мекендейді.
Қарағанды зообағында — 97 түр және 368 дара жануар бар.
Шымкент зообағында — 288 түр және 3 559 дара жануар бар, оның ішінде Қазақстан табиғатына тән емес жануарлар да бар.
Еске салайық, биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда көшпелі цирктер мен зообақтарға тыйым салынды.