Зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған деректі фильм түсірілді

АЛМАТЫ. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Бүгін Алматыда Орталық Азия елдеріндегі зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған фильмнің тұсаукесері болды. Бұл «Орталық Азиядағы азаптау әрекеттерінің жолын кесу» жобасын қорытындылау кезінде көрсетілді,

Зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған деректі фильм түсірілді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Еуропалық Комиссия ұйымдастырған жоба Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерін қамтыған болатын. Аталмыш іс-шарада соңғы екі жыл ішінде жазықсыз азаптауды болдырмау мақсатында іске асқан жұмыстар, зорлық-зомбылықты жою бағытында мемлекеттік органдар мен құқық қорғаушылардың біріккен іс-әрекеттері, осы салада қалам тартқан журналистердің еңбектері туралы баян етілді. Осы жоба аясында аймақтағы зорлық-зомбылық мәселесін қозғайтын деректі фильм түсірілді. Онда билік өкілдерінен жазықсыз қысым көрген, түрлі зорлық-зомбылықтың құрбаны болған адамдардың, осындай келеңсіз жайттардың куәсі болған жандардың әңгімелері бар. Сондай-ақ фильмде осындай оқиғаға душар болған жағдайда қандай әрекеттер жасау қажеттігінен хабардар ететін мамандардың ақыл-кеңестері беріледі. «Орталық Азиядағы азаптау әрекеттерінің жолын кесу» жобасының аясында Орталық Азия журналистерінің мақалалар топтамасы ұсынылды. Бұнда зорлық-зомбылық мәселелеріне арнап жазылған 250-ден астам материал бар.