Зумерлер жұмыстан тек ақша емес, мағына іздейді - психолог
АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі жастардың өмірге, жұмысқа және қоғамға деген көзқарасы алдыңғы буыннан айтарлықтай өзгеше. Олар тұрақтылықтан бұрын еркіндікке, психологиялық жайлылыққа және өмір сапасына көбірек мән береді. Отбасы психологы Ержан Мырзабаев BIZDIÑ ORTA подкастында қазіргі жастардың неге жұмысты жиі ауыстыратынын және ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік неден туындайтынын түсіндірді.
Маманның айтуынша, қазіргі қоғамда жиі айтылатын «зумерлер» ұғымы шамамен 1997–2012 жылдары туған буынға қатысты қолданылады.
– Бұрын бұл буынға аса көп назар аударылмады. Олар оқушы, жасөспірім еді. Ал қазір есейіп, еңбек нарығына араласып, қоғамда өз ойын ашық айтатын белсенді буынға айналды. Сондықтан бұл буын туралы әңгіме де жиілей бастады, – деді психолог.
Оның сөзінше, зумерлер – интернет, смартфон және әлеуметтік желімен бірге өскен алғашқы буын.
– Біз технологияны кейін үйрендік. Ал олар гаджетпен бірге өсті. Сондықтан технологияны өте еркін қолданады. Әлеуметтік желі арқылы олар өзін тек жақын ортасымен емес, бүкіл әлеммен салыстырады. Соның әсерінен олардың дүниетанымы да өзгерді. Қазіргі жастар өзін жаһандық қоғамның бір бөлігі ретінде сезінеді, – дейді маман.
Психолог қазіргі жастардың жұмысқа деген көзқарасы да өзгеше екенін айтады.
– 1980–1990 жылдары өскен буын үшін тұрақты жұмыс пен табыс маңызды болды. Себебі олар экономикалық қиындықтарды, дағдарысты көрді. Ал қазіргі жастар ондай кезеңді бастан өткермеген. Сондықтан олар жұмыстан тек ақша емес, мағына іздейді. Егер жұмыс ұнамаса, еш қиналмай басқа салаға ауыса салады немесе жұмыстан кетеді, – деді Ержан Мырзабаев.
Сарапшының пікірінше, дәл осы айырмашылық ұрпақтар арасындағы түсініспеушілікке себеп болып отыр.
– Үлкен буын балаларын «оқымасаң, жұмыссыз қаласың», «күн көре алмайсың» деген қорқынышпен тәрбиеледі. Өйткені олар мұны өз өмірінде көрді. Ал зумерлер ондай қиындықтарды бастан өткермегендіктен, мұндай сөздерді тарихи оқиға сияқты қабылдайды. Сондықтан бұл мотивация оларға әсер етпейді, – дейді ол.
Психологтың айтуынша, қазіргі жастар үшін басты құндылық – еркіндік.
– Олар жеке шекарасына, психологиялық жайлылығына көбірек мән береді. Кейде үлкен буын мұны эгоизм деп қабылдауы мүмкін. Бірақ бұл – қазіргі жастардың өмірге деген жаңа көзқарасы, – деп түйіндеді маман.
Айта кетейік, мамандар ата-аналарға балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін бақылап, интернеттегі белсенділігіне үнемі назар аударуға кеңес береді.