Зыряновскідегі қазандықта электр энергиясын өндіретін екі турбиналы генераторды орнату басталды
ӨСКЕМЕН. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Зыряновск қаласындағы қазандықта екі турбиналы генераторды орнату басталды. Бұл туралы Өскеменде өткен баспасөз мәслихатында Зыряновск ауданының әкімі Ермак Сәлімов хабарлады.
Құны 1 миллиардтан астам теңге тұратын жобаны іске асыру қаланы сапалы жылу энергиясымен қамтамасыз ету, жылу энергиясына тарифтердің өсуін тежеу және өз қажеттіліктері үшін электр энергиясын өндіру үшін қолға алынды.
Аудан әкімінің айтуына қарағанда, аудан қазандығына екі турбинаны орнату меншікті арзан электр энергиясының есебінен шығарылатын өнімнің өзіндік құнын төмендетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және қазіргі заман талаптарына сай келетін жабдықтар мен технологияларды қолдана отырып, сенімді жылумен жабдықтау жүйесін жасап шығарады.
«Зыряновск үшін жылумен жабдықтау өте маңызды мәселе болып табылады. Зыряновск - еліміздегі ең суық жер, - деп баса айтты Ермак Сәлімов. - Бұл жоба тек біздің ауданымыз үшін ғана емес, бумен жылытуды қолданатын барлық аудандар, мысалы, Глубокое ауданы және Курчатов қаласы үшін қызықты».
Е.Сәлімов, сондай-ақ, әрқайсысының қуаты 3 МВт екі турбина жұмыс істеген кезде жылдық электр энергиясын жасап шығару көлемі сағатына 26,6 млн. кВт құрайтынын баса айтты, бұл электр энергиясына өз мұқтаждығын өтеуге ғана емес, сонымен қатар оны басқа ұйымдарға өткізуге мүмкіндік береді.
Ол, сондай-ақ, бұл жобаны іске асыру қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарылуын азайтуға және осы үдерісті бақылауға бағытталған қосымша басымдықтарға жол ашатынын атап айтты.