Ақтауда теңіз жаяу әскерлері жаттығу өткізді

Ақтауда теңіз жаяу әскерлері жаттығу өткізді
Фото: Индира Сатенбай/ ҚазАқпарат ХАА

Еліміз бойынша тек Ақтау қаласында теңіз жаяу әскерлері бар. Олар бүгін жаттығу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Каспий теңізінің жағалауын қорғау – әскери бөлімнің міндеті. Осы орайда әскерлер жауынгерлік дайындық жаттығуларының екінші күнінде «террористермен» күресті. Оймашы әскери полигонында өткен тәжірибелік сабақта террористер елді мекенді басып алып, жергілікті тұрғындарды тұтқындады. Жас жауынгерлерге содырларды толығымен жою міндеті жүктелді. Терроризмге қарсы операцияны орындау кезінде әр жауынгердің алдында жеке міндет тұрды.

теңіз жаяу әскерлері жаттығу өткізді

 

«Взводыма ғимаратты және елді мекеннің маңын тазарту міндеті жүктелді. Бұл нысан Ақтау қаласының аса маңызды объектілерінің одан әрі серпілуіне жол бермеу мақсатында жауды жою үшін таңдалды. Менің ойымша, мақсат орындалды. Взвод бағалау тапсырмасын өте жақсы орындады», - деді Әскери теңіз күштерінің бөлім командирі Ерасыл Саудабек.

Жанындағы жолдасын жау қолында қалдырмау – теңіз жаяу әскерінің міндеті. Сондықтан дайындық кезінде әскердегілер жау қолынан аман шығу әдістерін де үйренеді. Осылай сарбаздар төзімділікті, тәртіпті талап ететін командалық жұмысты атқара жүріп, ұрыстың әдіс-тәсілін толық меңгеріп шығады. Бүгінде теңіз жаяу әскерінің әлеуеті жоғары. Заманауи үлгідегі озық техникалар, қару-жарақтармен толықтай қамтылған. Осы ретте әскери-теңіз күштерінің басшылық құрамының өкілдері атап өткендей, бүгінде ел әскерінің беделі артып келеді.

Каспий теңізінің жағалауын қорғау – әскери бөлімнің міндеті

 

«Әскери-теңіз күштерінің ерекшелігі жақсы қызмет етуге мүмкіндік береді. Мысалы, Каспий маңы аймағындағы басқа мемлекеттерге шығуына болады. Атап айтсақ, көп ұзамай біздің база Әзербайжан қарулы күштерімен бірлесіп жаттығулар өткізу үшін Әзербайжан Республикасының порттарына теңізге шығады. Жалпы біздің әскери теңізшілердің жалақысы да жақсы», - деді ҚР әскери теңіз күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Жұмабек Хасенов.

Еліміздің әскери теңізшілері 90 пайыз арнайы маманмен қамтылған. Келетін жастардың саны да жылдан-жылға артып келеді. Айтуларынша, мұндай көрсеткішке Ақтөбедегі әскери институт базасында теңіз жаяу әскері үшін мамандар даярлау кафедрасының ашылуы әсер еткен.

Бұған дейін судағы әскер қатарында пайда болған жаңа күштік құрылым – Ақтаудағы әскери теңіз базасындағы сүңгуірлер ротасы туралы жазған едік.

теңіз жаяу әскерлер

 

Соңғы жаңалықтар