25 сәуір. Жылнама

ҚазАқпарат күнтізбесі
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform оқырман назарына 25 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік безгекке қарсы күрес күні

Безгек әлем халқының 40 пайызына қауіп төндіруде. Жыл сайын 500 миллионнан астам адам безгекпен ауырып, бір миллионнан астамы осы кеселден көз жұмады. Ең ауыр ахуал Африканың Сахара және одан арғы оңтүстік аумақтарында қалыптасқан. Бірақ бұл індет адамдарды Азия, Латын Америкасы, Таяу Шығыс, тіпті Еуропаның кейбір бөлігінде жалмайтын көрінеді. Бүкіләлемдік безгекке қарсы күрес күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 2007 жылдың мамырындағы сессиясында бекітілген. Бұл күні ауру тарап кеткен елдер өз аумақтарында бір-бірімен тәжірибе алмасып, бірін-бірі қолдауға шақырады.

Халықаралық делегат күні

БҰҰ-ның халықаралық және атаулы күндер күнтізбесінде 2019 жылы пайда болды. 2020 жылы бұл атаулы күн алғаш рет атап өтіледі. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы көпжақты дипломатияны жүзеге асыруда, тиімді тәсілдерді қолдануда, сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, адам құқықтары мен бостандықтарына құрмет көрсетуді мадақтау, барлық халықтың әлеуметтік және экономикалық дамуына ықпал ету сияқты БҰҰ-ның негізгі мақсаттарына қол жеткізудегі делегаттардың рөлін атап өту үшін 25 сәуірді Халықаралық делегат күні деп жариялады.

Дүниежүзілік пингвин күні

Әлемдегі ерекше құстардың бірі - пингвиндерге арналған жыл сайынғы экологиялық мереке. Наурыз-сәуір айларында пингвиндер жұптасу және жұмыртқа басу үшін материкке шығады. Қалған уақытта олар Антарктида айналасындағы мұздықтарда өмір сүреді. Пингвиндердің арасындағы ең ірісі императорлық пингвиндер. Олардың бойы 120 см, салмағы 40 келіге дейін жетеді. Ең кішісінің бойы адамның тізесінен аспайды, салмағы - 2,5 келі.

Халықаралық ДНҚ күні

1953 жылдың 25 сәуірі күні Nature журналында ДНҚ молекулаларының құрылымына жасалған зерттеу қорытындысы жарияланды. Оны Джеймс Уотсон мен Фрэнсис Крик есімді ғалымдар Морис Уилкинс пен Розалинд Франклинмен бірге жүргізді.

Қазақстан футболы күні

2002 жылы 25 сәуірде Қазақстан футбол одағы Стокгольмде Еуропалық футбол қауымдастығына (УЕФА) қабылданды. Осы күннен бастап елімізде Қазақстан футболы күні атап өтіледі. Қазақстан құрамасы осы одақтың мүшесі ретіндегі алғашқы ойынын 2002 жылы шілде айында өткізді. Қарсыласы Эстония командасы болды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1917 жылы Омбыда Ақмола облысы қазақтарының съезі өтті. Съезге Ақмола, Атбасар, Омбы, Көкшетау, Қызылжар қалаларынан 250-ге тарта өкіл қатысты. Орынбордан Міржақып Дулатұлы арнайы шақырылды. Съездің күн тәртібінде мемлекеттік құрылымға, жерге байланысты қазақ комитеттерін құруға, дінге, жерге, білімге, сот істеріне, құрылтай өткізуге, соғыс жағдайы мен әйелдер ісіне қатысты 17 мәселе шығарылды. Съез барысында 10 адамнан тұратын арнайы комитет құрылды, оның құрамында: Айдарбек Тұрлыбаев (төраға), Сейілбек Жанайдаров (төраға орынбасары), Асылбек Септов, Қазы Тұрсынов, Ермұхамед Тоқбаев, Төребай Нұралин, Сәдуақас Жантасов, Ерқосай Мұкышев, Байсейіт Әділов, Мағжан Жұмабаевтар болды.

1921 жылы құрамында 233 болыс елді біріктірген Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл уездері негізінде Ақмола губерниясы құрылып, орталығы Петропавл қаласы болды.

1921 жылы Қапал уезінің атауы Талдықорған болып өзгерді, ал орталығы Гавриловка селосы болды.

2002 жылы Стокгольмдегі конгресте Қазақстан футбол одағы Еуропа футбол қауымдастықтары одағына (УЕФА) кірді. Қазақстан құрамасы осы одақтың мүшесі ретінде алғашқы ойынын 2001 жылдың шілдесінде өткізді. Оның қарсыласы Эстония командасы болды.

2005 жылы Алматыда Сырым Бөкейхановтың қазақ және орыс тіліндегі «Өткенді ұмытуға болмайды» деген кітабының таныстырылымы өтті. Ол кітапта қазақтың көрнекті қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Смағұл Сәдуақасов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Елизавета Бөкейханова-Сәдуақасова және олардың ұрпақтары туралы айтылған. Қосымша мәліметтер Мәскеуден және Санкт-Петербургтан алынған, Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы ақпарат кеңейтілген, Қасенхан Алтынбеков туралы жаңа тарау пайда болды.

2009 жылы Алматыдағы қалалық әкімдік ғимаратының алдында Сакура аллеясының салтанатты ашылу рәсімі болды. 2008 жылдың маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапармен барған кезінде Сакура көшеттері Қазақстан халқына сыйға берілген болатын. Хоккайдо аралынан сакураның 9 түрі алынған, ондағы климат Алматының табиғатына ұқсас.

2012 жылы Бухарест мэрі Румыния астанасының бір көшесіне Астана атын беру туралы шешім шығарды.

2012 жылы Каспий теңізінде жауынгерлік міндеттерді орындау мақсатында Әскери-теңіз күштері тұңғыш қазақстандық «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесін суға жіберді. Оны «Зенит» Орал зауыты» ұлттық кәсіпорны жасап шығарған болатын.

2013 жылы «Қазпошта» АҚ «Шығыс күнтізбесі» тақырыбында номиналы 100 теңгелік көркем марканы қолданысқа енгізді. Онда қазақ халқының ғасырлық тарихының бір қырын бейнелейтін қазақ күнтізбесінің 12 жылдық циклындағы жануарлар бейнеленген.

2015 жылы Нью-Йоркте бокс туралы жазатын Журналистер қауымдастығының (BWAA) тарапынан салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл марапатты Геннадий Головкин алды.

2017 жылы Оралда «Ұлттық музейге сыйлық» атты республикалық акция өтті. Акция аясында музейге Дина Нұрпейісова, Мәншүк Мәметова, Сатан Арыстанов, Ахмет Дауылбаев, Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев сияқты тұлғалардың отбасылық архивінен көптеген жәдігерлер тапсырылды.

2017 жылы АҚШ-тағы Қазақстан Елшісі Ержан Қазыханов Президент Дональд Трампқа сенім грамотасын тапсырды. АҚШ Президенті өз кезегінде екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

2018 жылы «Астана Операның» жетекші солисі Бақтияр Адамжан Dance Open (Санкт-Петербург) халықаралық балет премиясының лауреаты атанды.

2019 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ноғайдың талантты график-суретшісі Әлібек Қойлақаевтың «Түркі әлемінің аңыздары» атты жеке көрмесі ашылды. Экспозицияға суретші тушьпен салған 80 туынды ұсынылды.

2020 жылы қазақстандық онкомамолог дәрігер Назгүл Омарбаева онкология саласындағы ТМД-ның ең үздік жас ғалымы деп танылды. Оның «Қазақ популяциясындағы сүт безі обыры кезіндегі генетикалық зерттеулердің рөлі: жаңа буынның секвенирлеу нәтижелері» атты ғылыми жұмысы ТМД және Еуразия онкологтары мен радиологтарының XI Съезі аясында өткізілген жас ғалымдар байқауында бірінші орынды жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар