26 сәуір. Тұлғалар туған күн

Туған күн
Фото: Kazinform

Бүгін, 26 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1964) советтік және қазақстандық боксшы, 1984 жылы КСРО Олимпиада құрама командасының мүшесі, КСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1984), Қазақ КСР спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еңбек сіңірген спорт жаттықтырушысы Асылбек Сақтапбергенұлы ҚИЛЫМОВ дүниеге келді.

Ресейде дүниеге келген. КСРО бойынша жасөспірімдер арасындағы бокста чемпион атағын жеңіп алған. 1979 жылы Бельцы қаласында (Молдавия), 1980 жылы Қарағандыда, 1981 жылы Харьковте, 1981 жылы Каунаста (КСРО оқушыларының спартакиадасы), 1982 жылы Пенза қаласында өткен КСРО жасөспірімдері арасынан чемпион болады.1982 жылы бүкіл Еуропа аралық чемпионатта қола жүлдені жеңіп алады, Шверин қаласы (Германия), 1984 жылы Мәскеу қаласында өткен АҚШ-КСРО кездесулерінің чемпионы болды. 1984 жылы Ташкент қаласында КСРО чемпионы атанды. 1984 жылы Ярославльде өткен КСРО кубогының жеңімпазы. Екі рет күміс жүлде алған. Біріншісі Ереванда (1985ж), екіншісі Алматыда (1986 ж) . Асылбек Сақтапбергенұлы боксқа он жылын арнаған (1977-1987 жж). Осы жылдар аралығында 216 кездесу өткізіп оның 186-ын жеңімпаз болып аяқтаған. 1982 жылы Англия тәжірибе алмасу мақсатында өздеріне шақыртады, контрактінің құны 1.5 млн(фунт.стерл).

1984 жылдың көрсеткіші бойынша Асылбек Қилымов Еуропаның ең үздік боксшысы, 75 келі салмақ дәрежесіне дейінгі әлем бойынша үшінші боксшысы атағына ие болған тұлға.

58 жыл бұрын (1966) «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Айжан Маратқызы МӘДИЕВА дүниеге келді.

Календарь
Фото: enpf.kz

1988 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тау-кен мамандығы бойынша бітірген. 1997 жылы Байқоңырова атындағы Жезқазған техникалық университетін экономика мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолы: 1988 жылы Жезқазған тау-кен металлургия комбинатының өндірістік-техникалық бөлімінің инженері, 1999-2002 жылдары Балқаш кен-металлургиялық комбинатының жоспарлау-экономикалық бөлімінің экономисі, 2002-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімінің басшысы, 2004-2005 жылдары «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» ЖАҚ бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімінің бастығы, 2005-2006 жылдары «Миг Кредит» ЖШС микрокредиттік ұйымының директоры, 2007 жылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ шоғырландыру бөлімінің бас менеджері (басшының орынбасары), 2008-2009 жылдары «ALMIR CONSULTING» аудиторлық компаниясының жетекші маманы (жұмыс тобының жетекшісі), 2009-2010 жылдары «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ коммерциялық департаментінің директоры, 2010-2014 жылдары «Аманат Қазақстан» жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы, басқарма төрағасының орынбасары, 2014-2016 жылдары «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ Ішкі аудит қызметінің басшысы, 2016-2018 жылдары «Конкорд» тәуелсіз аудиторлық компаниясында фрилансер, 2018-2019 жылдары «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ Ішкі аудит қызметінің басшысы қызметтерін атқарды.

2019 жылдың шілдесінен бастап қазіргі қызметінде.

50 жыл бұрын (1974) «Nomad Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Алмас Саятұлы МЫҢБАЕВ дүниеге келді.

Календарь
Фото: docplayer.ru

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1999-2000 жылдары «KEGOC» АҚ вице-президенті, 2001-2002 жылдары «Қазақстан халық жинақ банкі» ААҚ аппараты төрағасының кеңесшісі, 2003-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының орынбасары, 2004-2006 жылдары «MTI Medical» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, 2007 жылы «Номад Иншуранс» СК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, директорлар кеңесінің төрағасы, 2011 жылдан бастап «Nomad Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болды.

34 жыл бұрын (1990) Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрлыбек Жұмабекұлы ХАЙРУЛЛИН дүниеге келді.

ХАЙРУЛЛИН
Фото: Казталов ауданының әкімдігі

Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Казталов ауылында туған.

2013 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін құрылысшы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2012 жылы «Қазталов ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс» бөлімінің уақытша кеңсе қызметкері, 2012-2014 жылдары «Қазталов аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің» бас маманы, 2014 жылы Атырау облысы, Исатай ауданы, «Ариадна» ЖШС шебері, 2015-2020 жылдары «Қуан Құрылыс» ЖШС директоры, 2020-2022 жылдары Қазталов ауданының коммуналдық шаруашылық құқығындағы Казталов мемлекеттік кәсіпорнының директоры.

2022 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

138 жыл бұрын (1886-1913) татар ақыны, публицист Ғабдолла ТОҚАЙ дүниеге келді.

Ғабдолла ТОҚАЙ
Фото: wikipedia.org

Үш жасында ғана әке-шешеден бірдей айырылған Ғабдолланы тағдыр бала кезінен-ақ сынапты. Батыс Қазақстандағы Орал қаласында әпкесі барын естіп, Ғабдолла 9 жасында сонда жөнелтілген. Әкесінің қарындасы Ғазизаның қолына келген жетім бала осы жерде ғана жетіліп, қатарға қосылғандай болады. Оралдағы әйгілі ғұлама, Мысырдың Әл-Асқар университетін бітіріп келген Мүтиғолла Тухватуллиннің «Мүтиғия» медресесіне оқуға түседі. Медреседе шығатын «Әл Ғасыр әл жәдид» («Жаңа ғасыр») қолжазба журналында Ғабдолланың тырнақалды дүниелері жарияланады. 1907 жылдың күзінде ақындық һәм күрескерлік атағы шыға бастаған 21 жастағы Ғабдолла Қазанға қарай бет алады. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы Абай болса, қамшының сабындай ғұмырында бес том шығарма қалдырған Ғабдолла Тоқай да татар ағайындар үшін сондай дәрежеде.

Тоқай аударма саласының тылсым иірімдеріне терең бойлап, Крыловтың алпыс бес мысалын қапысыз тәржімалайды. Сондай-ақ, Байрон мен Шиллердің, Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін түпнұсқадан шеберлікпен аудару сол тұстағы әдебиетте кездесе бермейтін құбылыс еді. Сәбит Мұқанов сол кезде түркі халықтарының ішінде бірде-бір ақын Тоқай сияқты кең түрде әйгілі бола алмағанын айтып кеткен деседі. Ғабдолла Тоқай 1913 жылы сәуір айында көз жұмған. Ал ақынның нақты қай күні дүниеден өткені туралы дереккөздер әртүрлі жазады. Бірінде оның Клячкин ауруханасында 2 сәуір күні кешкі сағат 8-дер шамасында көз жұмғаны айтылса, тағы бірінде 15 сәуір күні Қазан қаласында қайтыс болғаны жазылады. Тағы бір деректерде ақынның қайтыс болғаны туралы хат 20 сәуір күні шыққан газет бетінде жарияланған екен.

124 жыл бұрын (1900-1973) қазақтың әйгілі жазушысы, ақыны Сәбит МҰҚАНОВ дүниеге келген.

Календарь
Фото: adebiportal.kz

Сәбит Мұқанов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жерде туған. Сәбит жеті жасқа келгенде әкесі Мұқан, сегізге толғанда шешесі өледі де, Мұстафа деген ағасының қолында қалады. Жетімдіктің ауыр қасіретін тартқан Сәбит он жасынан бастап өз бетінше еңбек етеді. Өз бетінше ұмтылып, ауыл молдаларынан хат таниды, 15 жасында қисса, дастандар оқи алатын халге жетеді. Ол 1918 жылдың күзінде Омбы қаласындағы мұғалімдер курсына түсіп, онда бір жыл оқиды. Осы жылдары «Көңілім» (1917), «Зарығу» (1918), «Жоқшылыққа» (1918) өлеңдерін жазды. Білім ала жүріп, М. Жұмабаевқа хатшылық қызмет атқарды‚ оның педагогика тарихы курсынан оқыған лекцияларын қағазға түсірді. Көкшетау ревкомының төрағасы болып қызмет атқарады. 1920 жылы жаз айында Жұмабаевтың жетекшілігімен оқытушылар курсы қайта ашылып, күзге дейін сонда оқуын жалғастырды. 1921-1922 жылдары Петропавл қалалық партия комитетінде істейді. Осы тұста Сәбит Мұқановтың өлең, мақалалары «Еңбекші қазақ», «Жас қайрат», «Лениншіл жас» газеттері мен «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарында жиі басылды.

С.Мұқанов жиырмасыншы жылдары бірнеше ұсақ өлеңдермен бірге, «Жетім қыз күйі», «Тұлпар жорығы», «Балбөпе», «Батырақ», «Октябрьдің өткелдері», «Қанды көл», «Құланның құны» дейтін поэмалары мен «Сұлушаш» романын жазды. 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа (жұмысшылар факультетіне) түсіп, оны 1926 жылы бітіреді. Баспасөз орындарында қызмет атқарды: Республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлімін басқарды, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы (1926-1928) болды. 1928 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) университетінің филология факультетіне оқуға түсіп‚ аз уақыттан соң отбасы жағдайына байланысты Петропавл қаласына келіп‚ «Кеңес ауылы» газетінің редакторы және жазушылар бөлімінің жетекшісі болды. 1930 жылы жергілікті ақын-жазушылар шығармалары негізінде «Жарыс» атты альманах шығарды. 1932 жылы Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөліміне түсіп, оны 1935 жылы бітіреді. 1935 жылы республикалық «Кеңес ауылы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы қызметін атқарды. Қазақстан Жазушылар одағын (1936-1937, 1943-1951) басқарды‚ ҚазПИ-де (1937-1941, қазіргі ҚазҰПУ) профессор болып, қазақ әдебиетінен дәріс береді. Сәбит әр алуан қызметтер арқауымен қатар түрлі жанрда жаңа шығармаларын жариялады. Поэзияда: «Колхозды ауыл осындай», «Майға сәлем», «Сөз-советтік армия»; драматургияда: «Күрес күндерінде» (1938), «Алтын астық» (1939); прозада: «Жұмбақ жалау» (1938), «Менің мектептерім» (1940), «Балуан Шолақ» (1941) секілді шығармалар осы жылдардың жемісі. «Сырдария», «Тыңда туған байлық», «Мөлдір махаббат», «Есею жылдары» атты романдары мен «Саяхаттар» (1945), «Туған жердің тыңында» (1955), «Адам Атаның шоқысында», «Алыптың адамдары» тәрізді очерктерін жазды. Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, Ленин орденімен марапатталды.

92 жыл бұрын (1932-2021) танымал совет және Қазақстан мүсіншісі, Қазақ КСР еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Елтаңбасы авторларының бірі Шота (Шот-Аман) Ыдырысұлы УӘЛИХАНОВ дүниеге келді.

Календарь
Фото: facebook / Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу сәулет институтын бітірген. Белгілі қазақ мүсіншісі, ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттк сыйлықтың лауреаты. Республикалық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының төрағасы, Алматыдағы Тәуелсіздік монументі авторлары шығармашылық тобының жетекшісі, Шоқан Уәлихановқа, Тоқаш Бокинге, Астанадағы Кенесары ханға, Семейдегі Шәкәрімге орнатылған ескерткіштердің авторы.

Соңғы жаңалықтар