4 мамыр. Жылнама

Жылнама
Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 4 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық өрт сөндірушілер күні

Бұл 1999 жылы Аустралиядағы орман өрті кезінде бес өрт сөндірушінің қайғылы өлімін еске алу мақсатында бекітілген.

Қысым көрсетуге қарсы күрес күні (Қызғылт жейде күні)

Жыл сайын әлем бойынша көптеген адамдар қызғылт жейде немесе футболка киіп, Қысым көрсетуге қарсы күрес күнін қолдайтынын көрсетеді. Бұл науқан 2012 жылы басталды, содан бері оны 25 мемлекеттің қолдауын тапты. Статистикаға сәйкес, мектепте оқу кезінде әрбір төртінші жасөспірімге қысым көрсетіледі. Балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудың ең көп таралған себептерінің бірі - құрдастары тарапынан қысым жасалуы.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1939 жылыҚазақстан композиторларының одағы құрылды. Одақ құру жөнінде бастаманы 7 композитор: Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Василий Великанов, Латиф Хамиди, Борис Ерзакович, Сергей Шабельский көтерді.

1993 жылыорыс тіліндегі қазақстандық топонимдердің транскрипциясы біріздендіріліп, Қазақстан Республикасының жеке әкімшілік-аумақтық бірліктерінің атауын өзгертуге бұйрық берілді, осыған сәйкес Джамбул қаласы - Жамбыл, Талды-Курган қаласы - Талдықорған, Иссык қаласы - Есік, Ермак қаласы - Ақсу болып өзгертілді.

2012 жылыАстана қаласында Эстония Республикасы елшілігінің жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов және Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Эстонияның сыртқы істер министрі Урмас Паэт қатысты.

2013 жылы Астана қаласының Ұлттық кардиохирургиялық орталығы жанында ерекше аллея пайда болды. Ол жерге донорлық жүрекауыстыру отасы жасалған елуінші науқастың құрметіне ағаштар отырғызылды.

2014 жылыДаңқты әскери қолбасшы – ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов туралы фильм жарыққа шықты. Авторлар сұм майдан жылдарындағы оның ерлігі, соғыстан кейінгі өмірі жайлы құнды материалдар жинақтады. Сағадат Нұрмағамбетовке 21 жасында Совет Одағының Батыры атағы берілген болатын.

2015 жылы Алматыда Рейхстаг ғимаратына Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа (1924-1988) арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тақта «Алматы» қонақүйінің қасбетіне орнатылды. Бұл жерде Р. Қошқарбаев соғыстан кейін 20 жыл басшы болып еңбек еткен.

Еске сала кетейік, Екінші дүниежүзілік соғыста Рейхстагқа ту тігіп, алғаш рет жеңіс жалауын желбіреткен батырдың бірі қазақ Рақымжан Қошқарбаев болатын. Осы ерлігін көп жылдар бойы Кеңестік жүйенің сол кездегі билік басындағы шолақ белсенділері жоққа шығарып келген еді.

2017 жылы «Бабалар ізімен» 65 күндік ғылыми экспедициясы басталды. Ғылыми топ Ресей, Әзербайжан, Армения, Грузия, Украина, Молдова, Словения, Беларусь, Литва, Польша, Германия, Италия, Франция, Венгрия және Ватикан сияқты елдерге барды.

2017 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік Германияның концлагерінде тұтқында болған тоғыз қазақстандық Германия Федеративтік Республикасының Үкіметінен 2500 еуро мөлшерінде өтемақы алды, барлығы 12 қазақстандық өтініш берген болатын.

2018 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің интерні ақтөбелік Гүлназ Әділова Дүниежүзілік отбасылық дәрігерлер ұйымының стипендиясына ие болды. Ол Польшаның Краков қаласында өткен ірі медициналық конференцияға Қазақстан атынан қатысқан болатын.

2019 жылы Қарағанды облысындағы тарихи-өлкетану музейінде «Өмір мен өлім арасындағы дүние» халықаралық көрмесі ашылды. Бұл – 2010 жылы танымал швед коллекционері Турбьерн Ленскугпен бірлесіп әзірленген Армия музейінің жобасы.

2022 жылы Қазақстанда үш жаңа облыс – Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылып, Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорғаннан Қонаев қаласына көшірілді.

2022 жылы қарағандылық суретші Кәріпбек Күйіковтің картинасы америкалық актер және режиссер Жан-Клод Ван Даммға сыйға тартылды.

«Дубайдағы ЭКСПО-да көрмем өтті, онда мен бірнеше жұмысымды қалдырдым. Ван Дамм Қазақстан павильонын аралағанда, оған Дәуіт Шайхисламов, Әлихан Жарылғапов және Ермекжан Өсіпбеков суретті мен салғанымды түсіндіріп, бейнебаян көрсетті. Сосын маған телефон соғып, суретімді беруге рұқсат сұрады. Мен қуана келістім. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Ван Дамм мен үшін видео түсіріп, онда маған жұмысымды көрсетіп, мен сияқты суретшіні кездестіргенін айтты. Кумирімнің ілтипатына ие болғаныма өте қуаныштымын», – дейді К.Күйіков.

Соңғы жаңалықтар