5 мамыр. Тұлғалар туған күн

туған күн
Фото: Kazinform

Бүгін, 5 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

62 жыл бұрын (1962) Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры, басқарма төрағасы Нұрлан Орынбасарұлы ДУЛАТБЕКОВ дүниеге келді.

1984 жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды аяқтап, 1992 жылы ҚР ҒА философия және құқық институтының аспирантурасын тәмамдады.

Еңбек жолы: 1984-1996 жылдары Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де қылмыстық құқық және криминология кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент және кафедра меңгерушісі болды. 1996-2013 жылдары Қарағанды «Болашақ» университетінің ректоры, «Карлаг – болашақ үшін есте сақтау» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі. 2013-2016 жылдары Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған. 2016-2020 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің (VI шақырылым) депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды.

Қазіргі қызметінде 2020 жылдың тамыз айынан бері.

Заң ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі. 150-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. «Достық» (II дәрежелі) орденінің иегері.

62 жыл бұрын (1962) әнші, сазгер, заманауи хит-әндердің авторы, Британдық композиторлар мен ән авторлары академиясының (B.A.C.S.) «Best European Entry» арнайы марапатының, «Тарлан» сыйлығының иегері Еркеш ШӘКЕЕВ дүниеге келді.

Бұрынғы Көкшетау облысында Рузаевка ауылында туған.

Музыкамен кәсіби деңгейде 1987 жылы республикалық «Жастар дауысы» жас дарындар байқауындағы жеңісінен (1-орын және көрермендер көзайымы жүлдесі) кейін айналыса бастады. Осы жеңістен кейін ол Тасқын Оқапов жетекшілік еткен «Арай» ансамбліне орындаушы-автор ретінде жұмысқа шақырылды.

Кейін ол тек жеке әншілікпен ғана айналысып қоймай, қазақстандық және ресейлік жұлдыздарға арнап көптеген әндер жазды.

56 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасының мемлекет және саясат қайраткері Сапархан Кесікбайұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданының Отрабат станциясында туған. 1995 жылы Г.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын экономика және әлеуметтік жоспарлау мамандығы бойынша бітірді. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1985 жылы Түркістан құрылыс және жол машиналарын жөндеу зауытында жұмысшы болып бастады. 1986-1988 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын атқарды.

1995-1996 жылдары ҚР Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясында маман, бөлім бастығы болып жұмыс істеді. 1996-2001 жылдары «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-да бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, департамент директоры болды. 2006 жылғы қаңтарда «Азық түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның вице-президенті болып тағайындалды. 2007-2008 жылдары ҚР Парламентінің Шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған. 2008-2011 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2011-2014 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі, 2014-2016 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, 2016-2019 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің (VI шақырылым) «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, 2019-2021 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрі лауазымын атқарды.

«Тыңға 50 жыл» (2004), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

51 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасының Норвегия корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі Әділ Қапанұлы ТҰРСЫНОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2001 жылы ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.

Еңбек жолы: 1994-1996 жылдары – ҚР СІМ халықаралық ұйымдар және халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының референті, атташесі, 1996-1999 жылдары Қазақстан Республикасының Үндістандағы елшілігінде атташе, үшінші хатшы, Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы елшілігінде екінші хатшы, 1999-2001 жылдары ҚР СІМ Дипломатиялық академиясының тыңдаушысы болды, 2001-2004 жылдары ҚР СІМ-де түрлі басшылық лауазымдар атқарды. 2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы уақытша сенімді өкілі (кеңесші-уәкіл), 2008-2009 жылдары ҚР Президентінің Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары, 2009-2012 жылдары ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры, 2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Грузиядағы уақытша сенімді өкілі, Қазақстан Республикасының Грузиядағы елшілігінің кеңесші-уәкілі қызметінде болды. 2015-2016 жылдары ҚР СІМ ТМД департаментінің директоры, 2016-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі, 2019-2022 жылдары – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кеңесшісі, Елбасы Кеңсесінің Ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, 2022-2023 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Қазіргі қызметінде 2023 жылдың қаңтар айынан бастап.

128 жыл бұрын (1896-1979) актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның Халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Серәлі (Серке) ҚОЖАМҚҰЛОВ дүниеге келді.

Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. Троицкідегі Уазифа мектебінде, Орынбор қаласындағы Татар халық ағарту институтында оқыған.

Осы жылдары «Мұсылмандар клубында» Б.Майлиннің «Қаламқас», «Бетім-ау, құдағи ғой», «Қасқырбай», «Неке қияр» т.б. шағын пьесаларда рөлдерді ойнаған. 1925 жылы Қызылорда қаласында тұңғыш ұйымдастырылған Қазақ драма театрына И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, Е.Өмірзақов, Қ.Қуанышбаев, Ж.Шаниндермен бірге Қожамқұловтың шақырылуы оның актерлік өміріне даңғыл жол салған елеулі оқиға болды.

Осы тұста сахна өмірінен тәжірибесі мол Қожамқұлов театрдың алғашқы режиссері ретінде қызмет етті. Театр 1926 жылы қаңтардың 13-де ресми түрде ашылып, бірнеше спектакльді сахнаға шығарды.

Ол 30-шы жылдардан бастап «Райхан», «Амангелді», «Ана туралы аңыз», «Тыныштық», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе», т.б. фильмдерге түсіп, Қазақстанның кино өнерінің дамуына өз үлесін қосты.

Қожамқұлов туралы режиссер Қ.Әбусейітов «Сераға» атты деректі фильм түсірсе, композитор Ә.Бейсеуов «Сераға туралы әнін» шығарған. Жезқазған қаласындағы музыкалық драма театры мен Алматыдағы бір көшеге есімі берілген.

Үш мәрте Ленин орденімен, Қазан революциясы, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар