Агроөнеркәсіп проблемасы, білікті кадрлар жетіспеушілігі, Баянауылдағы туризмді дамыту

әкім
Фото: Валерий Бугаев/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар – еліміздегі ірі индустриялық орталықтардың бірі. Соңғы жылдар ішінде өмірдің көптеген саласында іске асыруға бағдарланған жобалар баршылық. Облыс басшысы Асайын Байхановпен аймақтағы суармалы жерлер мен агроөнеркәсіпті, мемлекеттік аппаратты, туризм мен азаматтық қоғам секторларын дамыту тұрғысында әңгіме өрбіттік.

зауыт
Фото: Валерий Бугаев

- Асайын Қуандықұлы, Ертіс-Баян өңірінің тізгінін ұстағаныңызға азды-көпті 1 жыл 3 айдан астам уақыт өтіпті. Павлодар облысы өткен жылды экономикадағы қандай оң өзгерістермен қорытындылады? 

- Жыл қорытындысы бойынша аймақ экономикасы оң динамикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Павлодар облысы өңдеу секторының көлемі бойынша еліміздегі үздік төрттікке енді, жалпы құны 3,1 трлн теңгенің тауары өндірілді. Бұған қоса облыс көлік саласында бірнеше жыл қатарынан көшбасшы атанып келеді. Былтыр экономикамызға 965 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 26%-ға артық.

Нақтырақ айтқанда, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықтың сапалы өмір сүру деңгейін қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалды.

экономика
Фото: Валерий Бугаев

- Соңғы уақытта өңіріміздегі экономикалық саясат ауыр өнеркәсіптен гөрі ауыл шаруашылығына қарай ойысып бара жатқандай. Бұл – неден туған қажеттілік?

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев фермерлердің әлеуетін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беріп отыр. Сондықтан Павлодар облысы да бұл бағыттан жаңылмауы керек деп есептеймін.

Өңір экономикасының шамамен 6 пайызы агроөнеркәсіптік кешенге тиесілі. Агроөнеркәсіпті қолдауға 95 млрд теңге бағытталса, соның ішінде 40 млрд теңгесі субсидиялауға, өзгесі облыстың 1,5 мың фермеріне жеңілдікті кредит беруге бөлінді. Былтырдың өзінде бұл салада 25-тен аса жоба іске асырылып, бір мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туды. Нәтижесінде өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялар көлемін 153 млрд теңгеге дейін ұлғайта алдық.

Бірақ бұл облыс экономикасындағы ауыр өнеркәсіп пен индустрияландыру қарқыны бәсеңдейді деген сөз емес. Жалпы сомасы 2,1 трлн теңгеге 127 ірі өңірлік жобалар пулы қалыптастырылып отыр. Бұл жобалар жаңадан 10 мыңнан астам жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

көгөніс
Фото: Валерий Бугаев

- Жуықта лиманды жерлердің дамуына Үкіметтен қаражат сұраймыз дедіңіз. Бұл қаншалықты маңызды?

- Мемлекет басшысы су ресурстарын ұқыптап пайдалану мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Суармалы жерлер желісін кеңейту мәселесі өңіріміз үшін өте маңызды әрі өзекті. Климаттық жағдайларды ескере отырып, біздің міндетіміз – ауыл шаруашылығы саласының табиғи құбылыстарға тәуелді болуын төмендету. Бұл мақсатта суармалы алқаптарды ұлғайту бойынша жұмыстарды жүргізіп отырмыз.

Су ресурстары министрлігімен бірлесіп, Павлодар облысының суару жүйелерін қалпына келтіру жөніндегі 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарды кезең-кезеңімен әзірледік. 6 жыл ішінде облыстағы барлық лиманды суару жүйелерін қайта жаңартуды жоспарлап отырмыз. Биыл Баянауыл ауданында аумағы 6,7 мың гектар лиманды суару жүйесін қайта жаңартуды бастаймыз. Бұл жобаны іске асырсақ, қар шамадан көп түскен жылдарда жазғытұрым тасқын судың алдын алар едік. Демек, аудандағы 8 ауылдық елді мекенді су басу қаупін жоюға мүмкіндік береді. Есесіне еріген қар суын шабындықтарды суландыруға бағыттап, мал азығы өнімділігін 4-5 есеге дейін арттыра аламыз.

егін
Фото: Валерий Бугаев

Сондай-ақ, Май ауданында аумағы 14,6 мың гектар болатын Қолыбай лиманды суару жүйесін қайта жаңарту жобасы да әзірленіп жатыр. Жоба іске асса, аталған ауданда 50 мыңға жуық ірі қара мал қыста сапалы шөппен қамтамасыз етіледі.

дүкен
Фото: Валерий Бугаев

- Облыста азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағытында қандай шаруалар атқарылып жатыр?

- Ауылдың ырзық-берекесі қалалы жерлердің тұрғындары үшін қолжетімді бағамен сатылады. «Егістіктен – сөреге дейін» қағидасын кеңірек таратып жатырмыз. Мысал үшін, былтыр аудан-қалаларда 600-ден аса ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда 3,4 млрд теңге сомасына азық өнімдері сатылған. Павлодар қаласында «Jailau» фермерлік базары жұмыс істейді. Онда сатылатын азық-түлік тауарлары тікелей жергілікті өндірушілерден жеткізілетіндіктен, нарықтағы бағадан 15-20%-ға арзан. Биыл Екібастұз бен Ақсу қалаларында да осындай базарлардың құрылысын бастау жоспарда тұр.

Өңірлік Тұрақтандыру қорына жалпы құны 2,7 млрд теңге болатын 14,6 мың тонна өнім сатып алынды. Облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 499,6 мың тонна болатын 150 көкөніс сақтау қоймасы бар. Биыл сыйымдылығы 8 мың тонна көкөніс қоймасын салу көзделген. Сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін 8 тауарлы сүт фермасын салуға 10 млрд теңге бөлінді. Бұл сүт өндіру көлемін 39,9 мың тоннаға және мал басын 6,4 мыңға арттыруға мүмкіндік береді.

күнбағыс
Фото: Валерий Бугаев

- Былтыр өңірді қуаңшылық жайлап, егін алқаптары күйіп кетті. Фермерлер төтенше жағдай жариялауды сұрағанымен, облыс билігі олардың өтінішіне құлақ аспағандай көрінді. Төтенше жағдай жарияламаудың себебі неде?

- Павлодар облысының әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және өңірлік экология департаментімен бірлесіп, жергілікті сипаттағы табиғи төтенше жағдайды енгізу жөніндегі мәселелерді пысықтады. Экологиялық заңнаманың талаптарына сүйенсек, жаздың құрғақ болуы, атап айтқанда ауыл шаруашылығы алқаптарындағы топырақ ылғалының төмендеп кетуі төтенше жағдайға сәйкес келмейді. Осыған байланысты аймақта табиғи сипаттағы төтенше жағдай енгізілмеді.

Құрғақшылықтан зардап шеккен шаруа қожалықтарының басшыларымен бірқатар кездесу өткіздім. Онда құрғақшылық жағдайында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, күйіп кеткен егінді есептен шығару, жемшөп дайындау бойынша тәуекелдер және оларды шешу жолдары талқыланды. Осыған сәйкес, фермерлерді қолдау мақсатында келесі шараларды қабылдадық:

Біріншіден, мал азығын дайындау кезінде шығындардың құнын арзандату үшін бюджеттен 3 млрд теңге бөлінді (1,5 мыңнан астам шаруашылық мемлекеттік қолдауға ие болды).

Екіншіден, арзандатылған дизель отынының көлемі 2,5 есеге, яғни 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Трактор отынының литрі 232 теңгеден сатылды (нарықтағы құнынан 21 пайызға арзан бағамен босатылды).

Үшіншіден, фермерлер шөп шауып алу үшін мемлекеттік орман қоры алқаптарынан 25 мың гектар шабындық бөлінді.

Төртіншіден, «Павлодар» ӘКК жанынан 5 мың тонна көлемінде жемдік астықтың өңірлік тұрақтандыру қоры құрылды.

Бесіншіден, республикалық бюджеттен тұқымдарды, пестицидтерді, минералды тыңайтқыштарды, мал шаруашылығы бойынша асыл тұқымды және селекциялық жұмыстарды субсидиялауға қосымша 6,8 млрд теңге қарастырылды.

Алтыншыдан, облыстың 38 шаруашылығына құрғақшылық салдарынан зардап шеккені үшін 1,3 млрд теңге сомаға сақтандыру төлемдері төленді.

Жетіншіден, 154 фермер несие қарыздарын ұзартуға және борыштарын қайта құрылымдауға рұқсат алды.

Сайып келгенде, бұл мүмкіндіктер шаруаларға үлкен көмек болды деп есептейміз.

трактор, егін
Фото: Валерий Бугаев

- Шаруалар алдағы егіс науқанында тұқым бойынша проблемалар болуы мүмкін екенін айтып, алаңдап отыр. Бұл мәселе қалай ескеріледі? Жалпы алдағы егіс маусымына орай қандай жоспарлар тұр?

- Көктемгі дала жұмыстарына қажет тұқымның көлемі – шамамен 147,4 мың тонна. Астықты дәнді дақылдар тұқымының тапшылығы – 25,2 мың тонна немесе 26%. Облыста 8 аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектісі, оның ішінде 7 шаруашылықта сатуға арналған 12,8 мың тонна тұқым бар. Бүгінде «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ астықты дәнді дақылдар тұқымын сатып алуға тауарлық несие беруді көздеп отыр. Биыл өңірдегі болжамды егіс алқаптарының көлемі 1 млн 657,6 мың гектар болады деген болжам бар. Астықты, майлы және жемшөп дақылдарының егістігін кеңейту есебінен өткен жылғы деңгейден 8,1 мың гектарға артық. Жалпы тұқым мәселесі еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің және біздің тұрақты бақылауымызда тұр.

жэо
Фото: Валерий Бугаев

- Облыстың энергетика жүйесінде күрделі мәселелер бар. Екібастұздағы жылудың жыры да әлі талай жылдарға созылатын сияқты. Бұл кемшіліктердің орнын толтыру бойынша не айтасыз?

- Энергетика жүйесінің ескіруі – тек біздің облыста ғана емес, ел бойынша өзекті мәселелердің бірі. Қазақстандағы көптеген жылу-энергия орталықтары 50 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Халықты сапалы жылумен қамтамасыз ету шараларын біз былтырғы жылдың басында қабылдадық. Екібастұз қаласында алдыңғы жылғы апатты жағдай қайталанбас үшін кешенді жұмыстар атқарылды. Екібастұз ЖЭО-ның барлық 10 қазандығына және қаланың жылу желілеріне жөндеу жүргізілді. 2023 жылы барлық 3 қалада (Павлодар, Екібастұз, Ақсу) 73,1 км жылумен жабдықтау желілері жөнделді. Нәтижесінде жылу желілерінің тозуын 82,1%-дан 80,5%-ға дейін төмендеттік. Биыл 22,7 км жылу желілерін қайта жаңарту және жаңғырту бойынша тағы 8 жобаны іске асыру міндеті тұр. Магистральдік желілердің цифрлық сызбасы да құрастырылу үстінде.

денсаулық
Фото: Валерий Бугаев

- Алыстағы ауылдарға жиі сапарлайсыз. Ауыл жұртының тұрмысынан не ой түйдіңіз?

- Облыс әкімі қызметіне тағайындалған сәттен бастап аймақтың шалғай жерлерінде орналасқан ауылдардың барлығын дерлік аралап шықтым. Апта сайын тұрғындарды жеке қабылдаймын. Халықты мазалайтын сұрақ өте көп. Барлығына тоқталу мүмкін емес, көбі – әлеуметтік мәселелер.

Ауылдардың дамуына баса көңіл бөліп келеміз. 2019-2023 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 88 ауыл жаңғыртылды. Өткен жылы 74 инфрақұрылым жобасы аяқталды, 16,4 мың ауылдық тұрғынның өмір сапасы жақсара түсті. Қалған 103 ауылды 2024-2027 жылдары қамтуды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде биыл 54 жобаны (8,9 млрд теңге бөлініп отыр) іске асырамыз. Мұның барлығы ауылдағылардың тұрмысын арттыруға бағытталған.

зауыт
Фото: Валерий Бугаев

- Облыс тұрғындарының табысын арттыру үшін қандай қадамдар қолға алынып жатыр?

- Өткен жыл қорытындысы бойынша өңірдегі 60 кәсіпорын 57 мыңнан астам жұмыскердің еңбекақысын көтерді. Жалақының өсімі облыс бойынша орташа алғанда 21%-ға жетті. Халықтың нақты ақшалай кірістері кем дегенде 5%-ға ұлғайды. Статистика органдары былтыр жаңадан 30,6 мың жұмыс орны құрылғанын, оның 22,7 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары екенін нақтылап отыр.

Павлодар
Фото: Валерий Бугаев

- Былтыр бір жиналыстағы сөзіңізде бірқатар мекеме басшысының кемшілігін ашық айттыңыз. Ал қазір өңірлік басқармалардың біразында басшы жоқ. Облыста тәжірибелі кадрларға қатысты тапшылық қалыптасып отыр ма, солай болса оның себебі неде?

- Негізі, сіздің бұл сауалыңыз – өте ауқымды тақырып. Соңғы тағайындаулар аймақта кадр тапшылығы бар екенін көрсетіп берді. Қызметке сай маманды бірден табу қазір өте қиын. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханұлы: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Әр басшы өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, салада жаңа бетбұрыстар жасауға, нәтиже көрсетуге, ең бастысы керек кезде тез арада шешім қабылдай білуге ұмтылса, құба-құп. Білімді, біліктілік пен тәжірибені, сондай-ақ, адами қасиеттерді ұштастыра білетін адам ғана мықты қызметкер бола алады.

Бүгінде, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, ақпарат және қоғамдық даму басқармалары басшыларының орындары бос тұр. Мекемелер басшылығына сай келетін азаматтарды іріктеу жүргізіліп жатыр, оның ішінде Президенттік кадр резервіне баса мән беріп отырған жағдайымыз бар.

Павлодар
Фото: Валерий Бугаев

- «Облыста идеология саласы ақсап тұр» деген пікірді ел ағалары мен қаламгерлердің аузынан жиі естиміз. Бұған не уәж айтасыз?

- Идеологиялық жұмыс – әрдайым өңірлік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Әрине, айтылатын сын да, ұсыныс та көп.

Павлодар облысында ұлттық мүдде мен ел болашағы үшін еңбек етіп жүрген зиялы қауым өкілдері өте белсенді. Жергілікті қаламгерлер, қоғам белсенділері, ұлт жанашырлары әлеуметтік саламен тығыз қарым-қатынаста. Ақсақалдар кеңесімен, зиялы қауым өкілдерімен, қаламгерлермен, өнерпаздармен кездесулер, әр түрлі бірлескен жиындар тұрақты түрде өтіп тұрады. Онда айтылған әрбір ұсыныс пен пікір жұмыс барысында міндетті түрде ескеріледі. Кемшіліктер мен жетілдіретін тұстарды зиялы қауым тікелей кез келген мемлекеттік қызметкерге айта алады.

Жұмысымызға қатысты пікір алмасу мен талқылаудың болуы – заңдылық. Біз, мемлекеттік аппарат өкілдері қандай да бір нақты ұсыныстар мен сынды әрқашан қабылдауға дайынбыз. Олқы соғып жатқан тұстарды орнына келтіру үшін жұмыстарды жалғастырамыз.

Павлодар
Фото: Валерий Бугаев

- Соңғы жылдары өңірлік ономастика комиссиясының отырыстары сиреп кеткені байқалады. Қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері жиі көтеретін тақырып - Павлодар қаласының/облысының атауын өзгерту туралы ұсынысқа өз тарапыңыздан не ой-пікір қосасыз?

- Меніңше, ономастика комиссиялары өз жұмыстарын жаман жүргізіп отырған жоқ. Былтыр облыстық комиссия екі мәрте отырыс жасаған. 2023 жылы 146 көше мен 17 елді мекеннің атауы өзгерді.

Ал Павлодар облысы мен қаланың атауын өзгерту – өте күрделі мәселе. Бұл ретте, аймақ пен шаһар тұрғындарының пікірі аса маңызды. Мұндай бастамаға жұртшылықтың басым бөлігінің қолдауы қажет. Бұл – бір. Екіншіден, атауларға қатысты ұсыныстарда бірізділік жоқ, қоғам белсенділері мен зиялы қауым, тұрғындар ортақ байламға келе алмай жүр. Бір ғана Павлодар қаласының атауын өзгертуге қатысты 10-ға жуық нұсқа бар (Ертіс, Сарыарқа, Кереку, Қимақ, Тұзқала және т.б.). Сондықтан, ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, асығыстыққа жол берілмегені дұрыс деп есептеймін.

табиғат
Фото: Валерий Бугаев

- Соңғы сұрақ өңірдегі туризмнің әлеуетіне қатысты. Баянауылдағы туристік әлеуетті одан әрі дамыту үшін не жасалады? 

- Баянауыл курорттық аймағында бір демде 5 мың адам демала алатын 54 туристік нысан бар. Таулы өлкеде 13 негізгі туристік маршрут және 68 көрнекі орын жұмыс істейді. Былтыр Жасыбай демалыс аймағына шамамен 120 мың адам келді.

Туристік саланы дамыту жөніндегі 2028 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы бекітілді. Онда 8,5 млрд теңгеге 17 инвестициялық жобаны және 12,3 млрд теңгеге 7 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру бойынша іс-шаралар көзделген. Баянауылдағы туристік әлеуетті одан әрі дамыту үшін Павлодар облысының әкімдігі мен ERG арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде 3 жобаның сметалық құжаттамасы әзірленді. Олар - Баянауыл кентінде Ұлы Отан соғысы батырларына арналған стелла бойындағы жаяу-серуендеу аймағын қайта жаңарту, Сабындыкөл көлінің жағалауы мен жағажайын қайта жаңарту, туристерге арналған музейі бар орталық салу. Бұған қоса ауданда дене шынықтыру-сауықтыру орталығын ашу көзделген. Келешекте аудан орталығында шаңғы-роллерлік трасса, шипажай салу, хостелі бар ірі заманауи жанармай құю стансасын тұрғызу сияқты жоспарлар да бар.

табиғат, туризм
Фото: Валерий Бугаев

 

Соңғы жаңалықтар