Ақтөбе қаласында тасқын салдарын жою жұмысы осы аптада басталады

Жол
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына шамамен 100-150 млн теңге қажет. Осы аптада қаланың қақ ортасындағы Сазды өзені бойындағы темір қоршаулар мен жүргіншілер жолы жөнделе бастайды.

Ақтөбе қаласы бойынша су тасқыны кезінде су бұру жұмыстары жүргізілді. Сол кезде бірнеше жол жырылып, бөгеттер бұзылды.

Ақтөбедегі су тасқыны бұзған жерлер
Фото: Kazinform

- Су тасқыны кезінде бірқатар жолдарды бұзып, су өткізуге тура келді. Судың әсерінен жол жабындысы отырған жолдар да бар. Қаладағы Оңтүстік айналма жолға су өткізгіш кұбырын, Мұстафа Шоқай көшесі учаскесіне темірбетон арық, Қанағат тұрғын алабына су өткізу құбырын, К. Мұңайтпасов көшесі, Авиатор-Самал учаскесінде темірбетон арық, 12 шағын аудандағы айналма жолға су өткізу құбырын орнату жоспарланып отыр. Сонымен бірге Сая, Мағаджан тұрғын алабына су өткізу құбырлары салынады. Бұл жұмыстарға шамамен 100-150 млн теңге қаражат сұралады,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

Ақтөбедегі су тасқыны бұзған жерлер
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, 11 және 12 шағын ауданды бойлай аққан Сазды өзенінің жағалауында бүлінген жерлер бар. Мұнда сел жүрген кезде экскаваторлармен жағаға шығарылып, темір қоршаулар мен жаяу жүргіншілер жолы бүгінді. Қазіргі кезде тротуар тастары шашылып, кейбір тұста темір қоршаулар орнына бос тұр.

Ақтөбедегі су тасқыны бұзған жерлер
Фото: Kazinform

- Сазды өзенін қайта бөгеу және де сол аумақтағы қоршаулар мен бүлінген тротуар плиткаларын қайта қалпына келтіру жұмыстары осы аптада басталады,- деді Айгүл Байменова.

Ақтөбедегі су тасқыны бұзған жерлер
Фото: Kazinform

Ақтөбе қаласында тасқын қаупі сейіліп, қазір тұрғындардың көбі үйіне оралды. Ал үйін сыз басқаны тұрғындар әлі де эвакуациялық пункттерді паналап отыр. Бұл орын мектептерде емес, жоғары және арнаулы оқу орындарының жатақханаларында орналасқан. Барлығы 7 эвакуакциялық пунктте 1074 адам бар, оның ішінде 480-і бала.

Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы Анар Даржанованың айтуынша, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін резервтен 7 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылды.

Соңғы жаңалықтар