Al Jazeera Орталық Азиямен байланысын нығайтуға мүдделі – Мостефа Суаг

Азия
Фото: network.aljazeera.net

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір Астанада өтіп жатқан «Al Jazeera Week» - «Al Jazeera апталығы» аясында Al Jazeera Media Network-тың басшылығы, оның ішінде Al Jazeera бас директорының міндетін атқарушы доктор Мостефа Суаг ҚР Президентінің Телерадиокешені  ұжымымен кездесіп, Қазақстандағы ең ірі медиахолдингтің қызметімен танысты. 

Доктор Суаг ҚР Президенті ТРК журналистерімен де пікір алмасты.

Атап айтқанда, шетелдік мейманның сапары аясында ұйымдастырылған сұхбатты Silk Way телеарнасынан осы жұма күні Астана уақытымен түнгі сағат 1-де көруге болады.

- Доктор Суаг, жақында Қазақстан Президентінің Телерадиокешені мен Al Jazeera Media Network өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Біз бұл құжатқа қол қойылғанына өте қуаныштымыз және оның біраз нәтиже бергенін көріп отырмыз. Бұдан әрі ынтымақтастығымыз қалай нығайтылады деп санайсыз?

- Менің ойымша, Қазақстан мемлекет ретінде жан-жақты дамып келеді. Елде бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға деген шынайы ниет пен жігер бар, бұл өз кезегінде дамуға қолдау жасаудың аса маңызды қадамы саналады.

Біздің команда өкілдерінің пікіріне қарағанда, осы ынтымақтастығымыздан оң нәтиже көріп отыр. Олар студенттердің өте ынталы, ақылды, талантты және оқуға құштар екенін айтты. Әрине, олар журналист болуды, нарықта бәсекеге түсуді асыға күтіп отыр. Бұл тұрғыда Қазақстанда мықты журналистердің жаңа толқыны шығатынына сенімдімін.

Біз үшін бұл оқуды бастау – екі тарап арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейінгі алғашқы қадам. Біз осыдан кейінгі қадамдарымызды тағы да пысықтаймыз деп ойлаймын. Мұндағы телеарна басшылығымен, университет басшылығымен және студенттермен тәжірибе алмасудағы байланысымызды тереңдете түскен маңызды. Осылайша, біз алға ілгерілеу үшін қандай шешімдер қажет екенін түсінеміз. Жалпы, бізде көптеген курстар және өзге де мүмкіндіктер жеткілікті.

Сонымен қатар, бір-бірімізге көмектесе отырып, өзіміз де үйренуге тырысамыз. Ең алдымен, біз бұл жерде үлкен мемлекет туралы және бұқаралық ақпарат құралдары жұмысы жайында біліп жатырмыз. Болашақта Орталық Азиядағы қызметімізді кеңейтуді шешсек, Қазақстан біз қарастыратын елдердің бірі болмақ. Алда көп жұмыс күтіп тұр. Сондықтан Қазақстанда ынтымақтастық аясында жүзеге асырылған іс-шараларды бірлескен жұмыстың басы деп санаймыз.

- Al Jazeera Орталық Азия мен Қазақстаннан не үйрене алады?

- Меніңше, ұзақ жылдар бойы Кеңес одағының бақылауында жүріп, журналистикаға қатысты шектеу жасайтын ережелері болған ел ретінде қалайша БАҚ-ты бұл құрсаудан босатқаны туралы мәлімет алған маңызды. Яғни, қазір бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан халқының мүддесіне қызмет етіп жатыр. Бұл өз кезегінде бізге пайдалы тәжірибе алатын аспект.

Екіншіден, Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына соншалықты көп уақыт өткен жоқ. Дәл осындай елдер осы өңірдегі журналистиканың болашағын анықтайтына және барша әлемде БАҚ-тың қалыптасуына атсалысатынына сенімдімін. Осыны өте маңызды деп ойламын.

Қазақстаннан үйренетін үшінші жағдайға тоқталсақ, бұл өңірде қалай жұмыс істей алатынымыз жайында тәжірибе жинақтауға болады. Әсіресе, ел тарихына үңілсек, жүзеге асыруға болатын іс көп. Орталық Азия елдері мен қалған мұсылман әлемі арасында 10 ғасырға жуық ортақ тарихымыз бар.

Әлемнің бұл өңірі ислам өркениетіне елеулі үлес қосты және оны қазірдің өзінде мойындап жатырмыз. Осы орайда тиісті материалды даярлап, мазмұнды деректерді аудиториямызға ұсынамыз деп үміттенемін.

- Орталық Азия өңіріндегі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінің аумағындағы бұқаралық ақпарат құралы нарығына кеңінен кіру жоспарда бар ма?

- Бізде нақты өңірге немесе елге арналған телеарна станциясын және цифрлық платформаны ашу туралы жоспарымыз жоқ. Атап айтқанда, осындай нақты жоспарымызды құрмадық. Дегенмен, бұл бағытты зерттеу маңызды. Біз қаржылық әрі заң тұрғысынан және кәсіби жағынан қандай мүмкіндіктер бар екенін саралап, Al Jazeera-ның осы өңірге келуі халыққа қандай пайда әкелетінін пысықтаумыз қажет.

Өйткені, адамдар қызықпайтын іс-әрекетпен айналысқан дұрыс емес. Бұл тұрғыда біршама уақыт керек. Біздің ынтымақтастық аясында қазір Қазақстанмен танысып жатырмыз. Атап айтқанда, қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндіктер баршылық. Қазақстанның өзінен жақсы әсер алдым және елді дамыту үшін жасалып жатқан бастамалар көңіл көншітеді. Бұл болашақта өз жемісін береді.

Осыған дейін Қазақстандағы әріптестеріммен пікір алмасқан едім. Сондықта қазақстандық арналарға немесе сіздердің телеарналарыңызға (ҚР Президентінің Телерадиокешені құрамындағы) Al Jazeera-ның кейбір материалдарын көрсетуге мүмкіндік берілуі ықтимал.

Екіншіден, дистрибьюторларды Al Jazeera контентін кең аудиторияға таратуды мәжбүрлеуге болады. Себебі осында барлығы CNN және BBC-ді көре алатынын байқадым, бірақ Al Jazeera кеңінен таралмаған. Біз барлық басқа да шетелдік медиа желілермен тең тұрғымыз келеді, өйткені шын мәнінде, жаңалықтар бойынша Al Jazeera олардан әлдеқайда жақсы.

- Al Jazeera өз тарихында қиын кезеңдерді бастан өткерді. Әсіресе, қазіргі геосаяси күнтәртібін ескере отырып, редакциялық шешімдерге қатысты көзқараста қандай да бір өзгерістер болды ма?

Al Jazeera – кеңінен танымал БАҚ. Бұқаралық ақпарат құралдарының стандарттары, этикасы мен ережелері анық және жұртшылыққа белгілі. Егер осыны елемесеңіздер, кәсіби тұрғыдан нашарлай түсесіздер, сондай-ақ саяси, экономикалық, коммерциялық және басқа жағдай ықпал етіп отырғанын сезінесіз. Al Jazeera-ның бағыты бастапқы кезеңнен өзгерген емес, өзіміздің редакциялық стандарттар бар. Басқа елдер бізді сынаған кезде де редакциялық стандарттар өзгермеді.

Аудиториямыз да бізден теріс айналып кетпеді. Біз аудиториямызды жоғалттық деген пікір шындыққа жанаспайды. Шындығында, бізге басқа елдер немесе үкіметтер қысым жасағысы келгенде, аудиториямыз айтарлықтай өсті. Мәселен, араб елдеріне барып, кез келген үйге кірсеңіз, олардың Al Jazeera-ны көретінін байқайсыз. Al Jazeera батыс елдерде де өте танымал. Бұған дейін Африкада, Азия мен Латын Америкасының көптеген елінде бізден әр тілде хабар таратуды сұрады. Яғни, испан, португал немесе қытай тілінде Al Jazeera телеарнасын ашу мүмкіндігі жайында ұсыныс болды.

Бізде француз, испан, қытай және кейбір басқа тілдерде контент дайындайтын цифрлық платформалар бар, бірақ бізде жаңа телеарна ашылған жоқ. Менің ойымша, болашақта жаңа қадамдар жасалуы мүмкін. Сондықтан адамдарға дәстүрлі телеарна емес, технологиялық жағынан жетілдірілген заманауи платформа керек сияқты. Біз сол технологияны ұстанатын боламыз.

- Әңгімеңізге рақмет!

Бұған дейін Астанада өтіп жатқан «Al Jazeera апталығы» аясында Қатар телекомпаниясының басшылары ҚР Президенті телерадиокешені ұжымымен кездесіп, Қазақстандағы ең ірі медиахолдингтің қызметімен танысқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар