Алматыда 300-ге жуық жас сарбаз әскери ант қабылдады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 61993 әскери бөлімінде 300-ге жуық жас десантшы әскери ант қабылдады.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, аталған іс-шараға Астана, Шымкент және Қазақстанның басқа да қалаларынан шақырылған сарбаздардың ата-аналары мен жақындары жиналған.
Әскерге шақырылған жастар бір айлық жас жауынгер курсынан өтті. Осы уақыт ішінде олар саптық дайындық элементтеріне машықтанды. Қоян-қолтық ұрыс техникасын үйренді. Көздерін байлап қаруды бөлшектеу мен құрастыруға жаттықты. Мұның бәрі салтанатты рәсімге келген қонақтарға көрсетілді.
Шымкенттен шақырылған қатардағы жауынгер Қанат Өмірзақов – жоғары білімді құрылысшы. Әскерге дейін медициналық жабдықтарды қондыру инженері болып жұмыс істеген. Әскерге бара жатып, ұшқыш болсам деген көптен бергі арманын жүзеге асыруға шешім қабылдапты.
– Жергілікті әскери басқару органында болғанда мерзімді қызметті өткерген соң еліміздегі жоғары оқу орындардың біріне грантқа үміткер бола алатынымды білдім. Алда Азаматтық авиация академиясына оқуға түсу үшін лайықты қызмет етуге ниеттімін, - деді Қанат.
61993 әскери бөлімінің командирі подполковник Данияр Карманов ата-аналармен жүздесіп, ұлдарының болашақ қызметтері туралы айтты.
Іс-шара соңында жас сарбаздар жақындарымен бірге алғашқы сейілге шықты.
Әскери ант беру іс-шаралары Десанттық-шабуылдау әскерлерінің Алматы, Жетісу және Қонаев гарнизондарында орналасқан әскери бөлімдерінде бір мезгілде өтті. Онда биылғы көктемде шақырылған 1 500-ден астам жас сарбаз Отанға адал болуға ант берді.