Алматыда Әбдімәлік Нысанбаев пен Сабыр Мәмбеевке мемориалдық тақта қойылды

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдімәлік Нысанбаевтың, сондай-ақ ҚР Халық суретшісі, мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Мәмбеевке арналған мемориалдық тақта орнатылды. 

Ескерткіш тақтайшалар олар тұрған үйдің қабырғасына қойылды.

Әбдімәлік Нысанбаевтың өмірінің көп бөлігі Философия және құқық институтымен тығыз байланысты. Мұнда ол аға зертханашыдан директорға дейін көтерілді.

Ғалым 570-тен астам ғылыми, ғылыми-сараптамалық, ғылыми-әдістемелік жұмыстың, соның ішінде 30 монография, жеке кітаптар мен оқу құралдарын жазды. Бірқатар еңбек 25 шет тілінде жарық көрді. 

Ә.Нысанбаев
Фото: Алматы әкімдігі

Академиктің негізгі зерттеу жұмысы диалектика мен таным теориясы, ғылым философиясы мен әдіснамасы, қазақ және түркі философиясы, әлеуметтік және саяси философия, саясаттану мен мәдениеттану мәселелеріне арналды. Ол ғылым мектебін құрып, PhD докторлары мен кандидаттарын дайындады.

«Әбдімәлік Нысанбайұлы өзінің бүкіл саналы өмірін ғылымға арнады. Ол Қазақстан Республикасы мен шет елдердің беделді наградаларымен марапатталды. Ол ұлт руханиятының дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым ретінде халқымыздың жүрегінде мәңгі қалады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.

Сабыр Мәмбеев – қазақ бейнелеу өнеріне өзіндік қолтаңба қалдырып кеткен суретші. Қазақстан суретшілер одағын 20 жылдан астам басқарды. Оның көптеген жұмысы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында сақталған. Ең үздік картиналары «Тауда» (1957), «Киіз үйде» (1958). 

С. Мамбеев
Фото: Алматы әкімдігі

Ескерткіш тақта өнер қайраткері тұрған Назарбаев даңғылындағы №128 үйде орнатылды.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда сандықтар көрмесі өтіп жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар