Алматыда Батыр панфиловшылар шыңына көтерілу альпиниадасының уақыты өзгерді

Алматы тау
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қар көшкіні қаупіне байланысты «Алматы-2024» альпиниадасының ұйымдастыру комитеті Батыр – панфиловшылар шыңына жаппай көтерілу мерзімін 2024 жылдың 7 мамырынан 12 мамырына ауыстырылды.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, іс-шараны ауыстыру туралы шешім қалалық төтенше жағдайлар департаменті, құтқару қызметі, Алматы альпинизм федерациясы және «Шымбұлақ» қар көшкіні стансасының ұсынысы бойынша қабылданды.

«Тұйықсу альпагерінен 2024 жылдың 27-28 сәуірдегі Мәншүк Мәметова асуына дейінгі маршрутты барлау ауа температурасы төмендеген кезде қар жамылғысы 20 см-ге ұлғайғанын, бұл ретте көшкін қаупі деңгейі едәуір артқанын көрсетті. 

Осылайша, өрмелеу бағыты 12 мамырда сағат 05:30-да Медеу биік таулы мұз айдынынан (1600 м) басталады. «Шымбұлақ» ТШК-на дейін және одан әрі Тұйықсу, Мыңжылқы шатқалдары (3000м) – Мәншүк Мәметова мұздығы (3600м) – Мәншүк Мәметова асуы (3900м) – Батыр – панфиловшылар шыңы (4120м). Шыңның биіктігі 4120 метр. Бағыттың альпинистік күрделілігі ретінде 1А қиындық санаттары ретінде бағаланады»,- деп хабарлады әкімдіктен.

Альпиниадаға қатысуға барлық ниет білдірушілер шақырылады, алайда қатысушылар ауа райына сәйкес жабдықталуы және таулы туристік тәжірибесі болуы тиіс. 

Альпиниаданың қауіпсіздігін Алматы қаласы альпинизм федерациясының, Тау құтқарушылар қауымдастығының, Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметі қамтамасыз етеді. 

Қатысушыларды тіркеу, өткізу ережесі мен шарттары – «Алматы 2024» альпиниадасының сайтында.

Соңғы жаңалықтар