Астанада жеңіл атлетика эстафетасының үздіктері анықталды

Астана
Фото: Астана спорт басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін жеңіл атлетикадан Жеңіс күніне орай студенттер мен мектеп оқушылары арасында дәстүрлі эстафета сайысы өтті. 

Қалалық спорт басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Астана қаласының керемет жерлерінің бірі — «Триатлон» саябағында жеңіл атлетикадан ЖОО, колледж студенттері мен мектеп оқушылары арасында кезекті эстафета жеңімпаздары анықталды.

Астана
Фото: Астана спорт басқармасы

Іс-шараның салтанатты ашылуына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. 

«Жеңіс күніне арналған жыл сайынғы жеңіл атлетика эстафетасында жастарымызды тағы да көргеніме қуаныштымын. Бұл мерекелік жарыс жақсы дәстүрге айналғанына көңіл қуантады. Айтулы іс-шараға жыл сайын мыңға жуық елордалық студенттер мен мектеп оқушылары қатысуда. Эстафетаның мақсаты – жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар ардагерлерге құрмет көрсету, қаламызда жеңіл атлетиканың дамуына ықпал етіп, үздік командаларды анықтау. Баршаңызға сәттілік пен жарқын жеңістер тілеймін!» - деді ол.

Астана
Фото: Астана спорт басқармасы

Жарыс барысында 10 адамнан тұратын әр команда 10 кезең бойынша 2 250 метрді қашықтықты жүгіріп өтті. 

«Тәуелсіздік алғалы бері ұйымдастырылып келе жатқан жүгіру эстафетасы биыл екінші мәрте Триатлон саябағында өтіп жатыр. Бұған дейінгі жылдары шарамыз қала ішіндегі Жеңіс даңғылында бастауын алатын еді. Бірақ соңғы жылдары жыл сайын елордамызға 50-60 мың адамның көшіп келуіне байланысты көлік ағыны көбейді. Сондықтан өзгелерге кедергі жасамау үшін осындай қадамға бардық» - деді жарыстың бас төрешісі Дәулет Хамзин.

Астана
Фото: Астана спорт басқармасы

Айта кетелік, эстафетада 4 ЖОО, 7 колледж, 15 мектеп бақ сынады. 

Турнирдің қорытындысы келесідей: 

Мектеп арасында 

1-орын. №32 гимназия мектебі

2-орын. №22 гимназия мектебі

3-орын. Қасым Қайсенов атындағы №32 мектеп лицейі

Колледж арасында 

1-орын. Педагогикалық колледж

2-орын. Астана политехникалық колледжі 

3-орын. Менеджмент және Бизнес колледжі 

Университет арасында 

1-орын. Астана халықаралық университеті 

2-орын. Ауыл шаруашылық университеті 

3-орын. Медицина университеті 

«3-ші жыл қатарынан дәл осы сайысқа қатысып келе жатырмын. Өткен 2 жылда жүзден үздік шығып, чемпион атанған болатынбыз. Университетімізде дәл осы турнирге арнайы түрде дайындық жүргіземіз. Бұл жерде жылдамдықпен қатар, таяқты дұрыс беру де үлкен рөл ойнайды. Сондықтан осы факторға назар аударғанның арқасында жеңіске жетіп келе жатырмыз», - деді Астана Халықаралық университетінің физика мамандығы бойынша 3 курс студенті Әділхан. 

Іс-шара соңында жеңімпаздар арнайы естелік сыйлықтармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар