Астанадағы хостелдерде өрт қауіпсіздігі сақтала ма

Өрт қаупсізідігі
Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы хостелдерде өрт қауіпсіздігіне тексеріс жүргізілді. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты жазды.

Тексерісті ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс 18 қаңтардан басталған. Бүгінге дейін 78 нысанның өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкестігіне тексеріс жүргізілді. Осындай тағы 9 хостелде жұмыстар жалғасып жатыр.

хостел
Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті хостелдерде жоспардан тыс тексерістер жүргізіп жатыр. Тексеріс нәтижелері бойынша 377 өрт қауіпсіздігін сақтамау фактісі анықталды. Оның ішінде нысандардағы шығу жолдарының жабық болуы, терезелерге темір торлар орнатылуы, өрт қауіпсіздігі құралдарының жоқтығы, дабыл жүйелерінің дұрыс жолға қойылмауы сияқты кемшіліктер жиі кездесті. Өрт қауіпсіздігін сақтамаған нысан иелері әкімшілік жазаға тартылып, оларға ережені бұзу фактілерін жою туралы ұйғарым тапсырылатын болады», - деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мадияр Мырзагелдиев.

Оның айтуынша, қала бойынша 107 хостел орналасқан, оның 22-сі өз еркімен жұмысын тоқтатқан. Тексеру жұмыстары жалғасын табады.

Бұдан басқа қала бойынша ойын-сауық орталықтарында «Қауіпсіз сауда» атты оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар