Астаналықтар көшеден қоқыс көрсе көтере ме — эксперимент

эксперимент
Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Астана тұрғындары арасында әлеуметтік эксперимент жүргізілді. 

Бұл шара елорда тұрғындарының экологиялық мәдениетті қалай сақтайтынын және қоршаған ортаның тазалығына қамқорлығын анықтауға көмектесті.

Ұйымдастырушылар Есіл өзенінің жағасындағы жаяу жүргіншілер көшесіне бос бөтелке, қағаздар және басқа да қоқыстарды тастады. 

Түсірілім тобы ары-бері өткен адамдар жерде жатқан қоқысты көтере ме, оны арнайы қоқыс жәшігіне сала ма — соны бақылап отырды.

Әлеуметтік эксперимент барысы жасырын камераға түсірілді.

бала
Фото: Астана әкімдігі

Видеодан елорда тұрғындары қоршаған ортаның тазалығына бей-жай қарамай, жерде жатқан қоқысты арнайы жәшікке тастайтынын байқауға болады.

«Біз Астана тұрғындарының тазалықты сақтағанын көрдік. Бұған бір сағаттай қарап көз жеткіздік. Ересектер де, балалар да жерде жатқан қоқысты арнайы қоқыс жәшігіне тастайтынын көріп қуандық. Бәріміз айналамыздағы тазалыққа жауаптымыз. Коммуналдық саланың қызметкерлері ғана емес, әрбір тұрғын біздің қаламыздың таза әрі жайлы болуына өз үлесін қосуы тиіс деп санаймыз», — деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Астанада «Таза Қазақстан: Астана — тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр.

Бұл апта «Мөлдір бұлақ» деп аталады, оның барысында су айдындары — өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.

Ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмысы жүргізіліп жатыр.

қоқыс
Фото: Астана әкімдігі

Сондай-ақ, жасыл желекті күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою ісі жолға қойылған. 

Соңғы жаңалықтар