Атырау облысы Сарайшық ауылында бөгет астынан кеткен тасқын суға дер кезінде тосқауыл қойылды

бөгет
Фото: ТЖМ

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бұрынғы жерасты құбыры болған орын жарылып, салдарынан бүгін, 14 мамыр, сағат түнгі 01:20 шамасында бөгеттен су кеткен. Бұл туралы жедел штабтан мәлімдеді.

Археологиялық қазба орнына жақын жердегі бөгет астынан бұрынғы жерасты құбыры болған орын жарылған. Бөгет бойында түнгі кезекшілікте жүрген азаматтар ауылға төнген қауіп жөнінде дабыл қақты. Оқиға орнына ауыл тұрғындарымен қатар аудан, Махамбет ауданы әкімі Қайрат Нұрлыбаев жетті. Шұғыл түрде 11 техника мен жергілікті азаматтар жұмылдырылып, бөгет жанына құм төгіліп, ағын суға тосқауыл қойылды.

Шұғыл шаралар нәтижесінде ауылға су кірмеді. Қазіргі уақытта қосымша бөгет соғылып жатыр.

Айта кетейік, Сарайшық ауылдық округіндегі бөгеттің ұзындығы – 13,6 шақырым. Оның ішінде бөгеттің 5,4 шақырымы қайта жаңғыртылған қолданыстағы ескі дамбы. 8,2 шақырым бөгет жаңадан соғылды. Махамбет ауданына қарасты Сарайшық ауылында 506 үй, 2972 тұрғын бар.

Бұған дейін Жайық өзенінен Атырау маңындағы 5 елді мекенге қауіп төнуі мүмкін екенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар