Әзербайжан мен Армения Алматыда келіссөз өткізеді – СІМ

Азербайджан
Фото: Kazinform / Pixabay

АСТАНА: KAZINFORM – Қазақстан Әзербайжан мен Арменияға келіссөздер алаңын ұсынады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров апталық брифингте мәлім етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуға да, Ереванға да жақында жасаған сапарларында осы елдер арасында берік, ұзақмерзімді бейбітшілікті тез арада орнатудың маңызын атап өткен еді. 

Сондай-ақ, Қазақстанның келіссөз өткізу үшін алаң ұсыну арқылы жәрдем көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

«Шынында да, осындай келіссөздер Алматыда өтуге жоспарланып отыр. Біз Әзербайжан мен Армениядағы әріптестерімізбен байланыстамыз. Алдағы келіссөздер тек қана екі тарап арасында жүргізіледі. Астананың делдалдығы туралы сөз жоқ екенін атап өткім келеді. Біз тек қана «Good office» деп аталатын ізгі ниет қызметтерін көрсетеміз. Өтетін күні немесе басқа да ақпарат қосымша хабарланады», - деді А. Смадияров.

Сонымен бірге, А. Смадияров бұл келіссөзге жұмсалатын қаражат туралы тілшілер сұрағына жауап берді.

«Бұл сондай ауқымды шара емес. Қазақстан қандай да бір шығындарды өтеуі мүмкін, бірақ қос тарап мәмілеге келіп жатса, оның пайдасы тұтас аймаққа септігін тигізеді», - деп жауап берді ресми өкіл.

Соңғы жаңалықтар