Баспана салуға БЖЗҚ қаражатын тікелей инвестициялау тиімсіз – Үкімет басшысы

бектенов
Фото: ҚР Үкіметі

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік жылжымайтын мүлік құрылысын қаржыландыру үшін БЖЗҚ қаражатын тікелей инвестициялау тиімсіз. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

«Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің тұрақтылығын арттырудың маңызды элементтерінің бірі – зейнетақы жинақтарының сақталуына, еселеуіне және нақты құнының сақталуына бағытталған тиімді инвестициялық басқару. Әлеуметтік жылжымайтын тұрғын үй құрылысына салынған инвестицияда біршама тәуекел бар. Ол теріс рентабельділікке, ашықтықтың болмауына және салынған қаражаттың қайтарымдылығына байланысты болады. Сондай-ақ зейнетақы активтерін нарықтық емес қағидаттарда, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру мақсаттарынан басқа әлеуметтік және өзге де міндеттерді шешу үшін нарықтық мөлшерлемелермен салыстырғанда төмен кірістілікпен инвестициялауға жол берілмейді. Өйткені бұл ұзақ мерзімді кезеңдегі жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және салымшылардың зейнеткерлікке шығу кезіндегі жинақтарының жеткіліктілік деңгейіне теріс әсер етеді», - деді Премьер-Министр жауабында. 

Оның атап өтуінше, Қазақстанда зейнетақы қорына аударымдардың сингапурлық моделін іске асыру кезінде (азамат табысының 20% және жұмыс берушіден 20%) теріс салдарлар болуы мүмкін. Мысалы, Қазақстан азаматтарының жалақысы Сингапурға қарағанда едәуір төмен және аударымдар мөлшерінің артуы олардың қосымша төмендеуіне әкеледі. Нәтижесінде әлеуметтік шиеленіс пайда болады. Бұдан басқа, міндетті аударымдар бойынша жүктемені азайту мақсатында жұмыс берушілер тарапынан ресми жалақының мөлшерін әдейі төмендету тәуекелдері туындауы мүмкін. 

«Сонымен қатар қазіргі уақытта азаматтарға тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарна енгізу, тұрғын үй салымдарын толықтыру, ипотекалық қарыздар бойынша берешекті өтеу және тағы басқалары үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан артық қаражатты алу арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсарту мүмкіндігі ұсынылды. Құрылыс саласы өте жоғары тәуекелді салаларға жататынын ескере отырып, осы кезеңде әлеуметтік жылжымайтын мүлік құрылысын қаржыландыру үшін БЖЗҚ қаражатын тікелей инвестициялау тиімсіз деп санаймыз. Өз кезегінде азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін мемлекет шаралар кешенін қабылдауда», - деді Олжас Бектенов. 

Соңғы жаңалықтар