Батыс Қазақстан облысының әкімі ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады

Аким Западно-Казахстанской области поздравил ветеранов с Днем Победы
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

ОРАЛ. KAZINFORM — Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына — 79 жыл.

9 мамыр Жеңіс күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев облыс орталығындағы «Жеңіс» алаңына барып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Аким Западно-Казахстанской области поздравил ветеранов с Днем Победы
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Іс-шараға еңбек ардагерлері, құқық қорғау саласының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.

Жиналғандар сұрапыл соғыс жылдарында кеудесін отқа тосып, бейбітшілік үшін күрескен батырларға тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен соң, БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласында тұратын соғыс және еңбек ардагерлерінің үйіне барды.

БҚО
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Атап айтқанда, Нариман Төреғалиев соғыс ардагерлері — Иван Гапичті, Вениамин Скаленконы және тыл ардагері — Ақбай Жайсаңды Жеңіс күнімен құттықтады.

Облыс әкімі соғыс ардагерлеріне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан құттықтау хаттарын табыс етті.

БҚО
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

«Ардагерлеріміздің ұлы ерлігін әрбір қазақстандық құрметтеп, есте сақтауы керек. Сіздердің арқаларыңызда қазіргі ұрпақ бейбіт күнде өмір сүріп жатыр. Ардагерлерге қамқорлық көрсету — біздің ортақ парызымыз. Оларға қолдау білдіру әрқашан мемлекеттің басты назарында болады» -деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында ҰОС-ның 14 ардагерлері бар. Биыл 9 мамыр қарсаңында олардың әрқайсысына 1,5 млн.теңгеден әлеуметтік көмек берілді.

 

Соңғы жаңалықтар