Бес қабатқа — жалғыз кір машина: Тараз студенттері жатақханадағы кісі төзгісіз жағдайға шағымданды

студенттер
Фото: видеодан алынған кадр

ТАРАЗ. КАZINFORM — Әлеуметтік желілердің бірінде М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері білім ордасына қарасты № 1 жатақханаға шағымданған видеосы тарады.

Студенттердің айтуынша, бес қабатты жатақханада небәрі 1 ғана кір жуғыш машинасы бар. Оның өзі ескі болғандықтан киімді таза жумай, қайта жууға тура келетін көрінеді.

Студенттердің жуынатын жері де мәз емес. Олардың сөзіне сүйенсек, екі ай бойы жатақхана душын пайдалана алмай келеді. 

Аталған мәселеге байланысты университеттің инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Сейітжан Орынбаев түсінік берді. 

«20-21 сәуір күндері университеттің технологиялық кешенінің № 1 жатақханасында және 27-28 сәуір күндері педагогикалық кешенінің № 3 жатақханасында да залалсыздандыру жұмыстары толығымен жүргізілді. Осы ретте студенттердің денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дезинфекция жұмыстарын жүргізу барысында технологиялық кешеннің № 1 жатақханасынан № 3 жатақханасына және № 3 жатақханадан № 1 жатақханаға уақытша 2 күнге көшірілген болатын. Осы орайда, жатақханалардағы төсек жабдықтарын толығымен жуу жұмыстары атқарылып, № 3 жатақхана студенттері көшірілгендіктен, студент санының артуына байланысты кір жуу жұмысы да көбейді», — дейді ол.

Сейітжан Орынбаевтың айтуынша, кір жуғыш машиналарының ескіруіне орай жеке кәсіпкерлермен келісімшарт жасалып, жатақханаға қойылатын қосымша 10 жаңа үлгідегі кір жуғыш машинасы университет қоймасына келген.

Алынған кір жуғыш машиналарын орнату үшін тиісті монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар, университеттің барлық жатақханаларындағы жуынатын бөлмелердегі душ кабинкаларындағы душ бөлгіштері орнатылып, барлығы толықтай жұмыс істеп тұр. 

«Қалалық жылу жүйесі арқылы берілетін жылы су тоқтатылғаннан кейін жатақханалардағы аристондар іске қосылып, пайдаланылып отыр. Жатақханалардың жуынатын бөлмелерінде 200 литрлік 2 данадан аристондар орнатылған, яғни әр душқа 400 литрлік аристон арқылы жылы су беріледі. Сондай-ақ студенттер көп жағдайда аристондардағы суды жиі ашық қалдырып, тиімді пайдаланбауына орай, аристон уақытылы суды жылытып үлгермей жатады», — деді.

Соңғы жаңалықтар