Бишімбаев пен Байжанов соттағы соңғы сөзін айтты

Қуандық Бишимбаев
Фото: Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

АСТАНА. KAZINFORM – Көпшіліктің назарын аударған атышулы Бишімбаевтың соты аяқталуға жақын. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан сот процесінде бүгін екі айыпталушы – Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов соңғы сөзін айтты.

Қуандық Бишімбаев бұған дейін алға тартқан фактілерді тағы бір мәрте еске салып, Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтірмегенін жеткізді.

Сөз арасында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік Германияның насихат министрі болған Геббельстің «өтірік сұмдық болған сайын оған сену оңай» деген пікірін қосып, әлеуметтік желілер арқылы бүкіл қоғам өзін қаралап жатқанын атап өтті.

Ол Салтанаттың және өзінің туған-туыстарынан кешірім сұрап, алқа билер әділ шешім шығаратынына сенім білдірді.

«Мен кінәлімін. Мойындаймын. Бірақ қасақана өлтірген жоқпын», - деді Бишімбаев.

Бақытжан Байжанов та соттағы соңғы сөзін айтып, Салтанаттың өлімін жасыру былай тұрсын, өлім аузында жатқанын білмегенін алға тартты.

«Иә, қызметкерлерді үйлеріне қайтарып, мейрамхананы жауып, бейнежазбаларды өшіруді бұйырғанымды жасырмаймын. Бірақ мен сол кезде ауыр қылмыс жасалғанын білдім бе? Ант етемін. Білмедім. Егер білгенде қылмысты жасыру әрекеттерінің ешқайсысын жасамайтын едім. Салтанаттың туған-туыстарынан тағы да кешірім сұраймын. Жатқан жері жайлы болсын», – деді Байжанов.

Сот процесі 10 мамырда жалғасады.

Айта кетейік, айыпталушы Бишімбаев бұған дейін де Салтанаттың өлімінде өз кінәм бар екенін мойындап, ұрып-соққанын жасырмаған.

Соңғы жаңалықтар