Бұрынғы босқын әлемдік Нансен сыйлығының лауреаты атанды

Нансен сыйлығы
Фото: UNSOM

БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы Нансен атындағы сыйлықтың 2023 жылғы лауреаты журналист әрі бұрынғы босқын, білім алу құқығын қорғап, Кениядағы босқын балаларға 100 мыңнан астам кітап сыйлаған Абдуллахи Мире екенін жариялады. Каzinform агенттігі бұл туралы БҰҰ жаңалықтар сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Абдуллахи Мире - жер аударылған қауымдастықтарда әлемді өзгертетін идеялар туындай алатынына тірі дәлел», - деді БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Филиппо Гранди.

Абдуллахи Мире Сомалиде дүниеге келіп, Кениядағы босқындар лагерінде өскен. Ол біраз уақыт Норвегияда тұрды, бірақ өз қауымдастығына қызмет ету ниеті оны Африка құрлығына қайтып оралуға итермеледі. Мире Кенияда журналист болып жұмыс істеп, онда Refugee Youth Education Hub ұйымын ашты. Бұл ұйым босқындар лагерьлерінде демеушілер сыйға тартқан кітаптарға толы үш кітапхана ашты, сондай-ақ осында көшірілген он мыңдаған баланың білім алуы үшін мүмкіндіктерді кеңейтті.

«Бұл – менің жеке жеңісім емес. Бұл менімен бірге жұмыс істеп жүрген барлық еріктілердің ортақ сыйлығы... Сондай-ақ бұл – мектептерде білім алып жүрген балалардың сыйлығы», - деді 36 жастағы Мире.

Әлемдік сыйлық 13 желтоқсан күні Женева қаласында Босқындар мәселелеріне қатысты Жаһандық форум барысында беріледі. Журналист Энн Карри жүргізетін шарада танымал музыка орындаушылары өнер көрсетеді.

Биыл сондай-ақ Нансен сыйлығының аймақтық жеңімпаздары да мрапатталады, олардың арасында: Элизабет Морено Барко (Солтүстік және Оңтүстік Америка): Колумбиядағы қарулы ішкі қақтығыстардан зардап шеккен қауымдастықтар құқығын қорғаушы; Азия Әл-Машреки (Таяу Шығыс және Солтүстік Африка): Йемендегі қақтығыстардан зардап шеккен екі миллионға жуық адамға көмек көрсеткен Тұрақты даму қорының негізін қалаушы және төрағасы; Абдулла Хабиб, Сахат Зия Геро, Салим Хан және Шахида Вин (Азия-Тынық мұхиты аймағы): азаматтығы жоқ босқындардың қоныс аударуы мен қиындықтарын құжаттайтын рохинджа халқының төрт өкілі.

Лена Гроховска мен Владислав Гроховский (Еуропа): қонақ үй желісі мен қайырымдылық ұйымы босқындарға баспана мен білім беретін поляк жұбы.

Нансен сыйлығы – БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының жыл сайынғы босқындар құқықтары саласындағы жетістіктер үшін берілетін сыйлық. Ол норвегиялық полярлық зерттеуші, Ұлттар лигасының босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссары және Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Фритьоф Нансеннің құрметіне аталған.

Соңғы жаңалықтар