Біз біргеміз: 10 республикалық арнаның тікелей эфирінде жалпыұлттық телемарафон өтеді

телеарна
Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – 30 сәуір күні сағат 17:00 – 22:00 аралығында 10 республикалық арнаның тікелей эфирінде «Біз біргеміз» жалпыұлттық телемарафоны өтеді. Мұндай марафон елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. 

Телемарафонның басты кейіпкерлері — табиғи апат кезеңінде батылдық танытып, өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тіге отырып қызметі мен азаматтық борышын абыроймен атқарған қазақстандықтар. Олардың қатарында құтқарушылар, медицина қызметкерлері, әскери қызметшілер, еріктілер, кәсіпкерлер мен сын сағатта жұдырықтай жұмылып, ынтымақ пен бірліктің үлгісін танытқан ел тұрғындары бар.

«Jibek Joly», «Qazaqstan», «Хабар», «Еуразия», «КТК», «31 арна», «Atameken Business», «Astana TV», «7 арна» және «Almaty TV» телеарналарының 5 сағаттық тікелей эфирінде тасқын басқан аумақты көзбен көрген, табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың жан тебірентер оқиғалары айтылып, табиғи апат аймақтарынан репортаждар беріледі.

Шараның онлайн трансляциясы Jibek Joly эфирінде, сондай-ақ YouTube желісінде жүргізіледі.

Айта кетсек, су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында төтенше жағдай жарияланған болатын. Табиғи апатқа қарсы күрес және салдарын жою шаралары қарқынды жүріп жатыр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар облысындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жариялаған болатын. Президент бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат екенін айтқан еді. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары барысында су тасқынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды. «Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бастамасын қолдаған отандық бизнес өкілдері су тасқынынан зардап шеккен жандарға белсенді қолдау көресетіп жатыр. Ірі кәсіпкерлер мен компаниялар қайырымдылық қорлары арқылы техника, гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетіп келеді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, қайырымдылық қорына түскен жалпы сома 190 млрд теңгеден асты.

Соңғы жаңалықтар