Дональд Трамп Нью-Йорктегі алаяқтық ісі бойынша 175 миллион доллар төледі

Трамп
Фото: rawpixel.com

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Нью-Йорктегі алаяқтық ісі бойынша кепілге 175 миллион доллар төледі. Ол бұл соманы төлемеген жағдайда, активтері тәркіленуші еді, деп жазады ВВС.

Бұған дейін Нью-Йорк соты Трамптың кепіл ақысын 464 миллион доллар деп белгілеген, бірақ аппеляция нәтижесінде ол айтарлықтай қысқарды.

Ақпан айында сот Трампты қаржылық алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Сот шешімінде экс-президенттің банктерді жаңылыстыру және несие шарттарын жақсарту үшін он жыл бойы байлығын асыра көрсеткені айтылған.

Республикалық партиядан қайтадан Ақүйге үміткер Трамп барлық айыптарды негізсіз және саяси себептері бар, деп түсіндірді.

Трамп сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсірген, шағым қабылданбаған жағдайда экс-президент 464 миллионды толығымен төлеуі керек. Бұған дейін Трамптың адвокаттары оның салық төлеу үшін мұндай соманы таба алмайтынын айтқан болатын.

Егер Трамп 175 миллион долларлық кепілді төлемесе, оның барлық мүлкі, соның ішінде Манхэттендегі зәулім үйі мен Флоридадағы Мар-а-Лаго жері тәркілену қаупіне ұшырауы мүмкін еді.

Сонымен қатар, Трамп жазушы Джин Кэрроллға жала жапқаны үшін кінәлі деп танылған тағы бір іс бойынша 91 миллион доллар төлеуге мәжбүр болды.

Forbes журналының есептеуінше, Трамптың таза байлығы 5,7 миллиард долларды құрайды – ол экс-президент өзінің Truth Social әлеуметтік желісінің акцияларын биржаға орналастырғаннан кейін күрт өсті.

Алайда Трамп бұған дейін қолындағы қолма-қол ақшаның көлемі 400-500 миллион долларды құрайтынын айтқан.

Нью-Йорктегі азаматтық алаяқтық іс Ақүйдің бұрынғы басшысына қарсы қозғалған бірнеше істердің бірі ғана.

15 сәуірде Манхэттенде оның қылмыстық істерінің бірі - 2016 жылғы президенттік сайлау қарсаңындағы порножұлдыз Сторми Дэниэлске қатысты төлемдер бойынша бірінші тыңдау басталады.

Сондай-ақ Трампқа Вашингтонда бүлік жасамақ болды, Джорджиядағы президент сайлауының нәтижелерін жойды және президент қызметін атқарған кезде құпия құжаттарды сақтау ережесін бұзды, деген айыптар тағылды.

Соңғы жаңалықтар