Елімізде күн сайын 110 адам иттердің шабуылынан зардап шегеді

ит
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде күн сайын 110 адам иттердің шабуылынан зардап шегеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев айтты.

«Бұралқы иттердің және қараусыз қалған жануарлардың тістеуінен, тырнауынан, сілекейлеуінен зардап шегіп, антирабиялық көмек сұрағандар мәліметтеріне тоқталайын. Иесі бар иттерден 18 мың, бұралқы иттерден 19 мың және қызметтік иттен 1 адам зардап шеккен. Яғни, 1 жылда 40 мыңға жуық адам зардап шегіп отыр. 1 жылда 365 күн бар десек, күніне 110 адам иттердің шабуылына ұшырап отыр», - деді депутат «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында.

Оның дерегінше, қазіргі уақытта еліміздің 3 облысында бұралқы иттерге арналған панажай мен уақытша ұстау орны, 3 облыста уақытша ұстау орны, 3 облыс пен 1 қалада панажай жоқ. Осыған орай аталған заңға мынадай өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек:

– жануарларды есепке алудың бірыңғай электрондық базасын орталықтандыру;

– жануарды уақытша ұстау орнына орналастырғанға дейін жануардың иесіне одан бас тартуға тыйым салуды белгілеу, сондай-ақ жануардың иесіне оны далаға тастамай, уақытша ұстау орнына өткізуді міндеттеу;

– жануарлар агрессия танытып, шабуылдаған жағдайларда жергілікті атқарушы органдардың осындай оқиғаларға шұғыл ден қою шараларын ұйымдастыру міндетін белгілеу;

– ауруға шалдыққан, агрессия көрсететін, зооқорғау ұйымдары мен өзге де тұлғалар тарапынан орналастырылмаған және талап етілмеген жануарлардың санын реттеу үшін егер олар бұралқы иттер болса 15 күн ішінде, ал егер олар қараусыз қалған жануарлар болса 60 күн ішінде эвтаназия қолдану.

Соңғы жаңалықтар