Елордада кореялық өнерпаздардың мәдени іс-шаралары өтеді

көрме
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Осы жаз бен күзде астаналықтар мен елорда қонақтары кәріс халқының мәдени іс-шараларын тамашалай алады. Бұл туралы Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Чжо Тэ-ик мәлім етті.

«2022-2023 жылдар Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы өзара мәдени алмасу жылы болды. Екі жылдың ішінде екіжақты мәдени қарым-қатынас тереңдей түсті. Атап өтер болсақ, опералық концерттер, корей дәстүрлі музыкасы мен тхэквондо бойынша қойылымдар, сондай-ақ екі елдің мәдени жақындасуына ықпал еткен сән көрсетілімдері өткізілді», - деді Чжо Тэ-ик елордада «Өнер ретінде жанданған Ханбок» атты көрменің ашылу салтанатында.

Сондай-ақ, елші мырза екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынас тенденциясын жалғастыру үшін елшілік пен Корей мәдени орталығы биыл бірқатар іс-шара өткізетінін айтты.

«Маусым айында «K-pop Cover Dance Champion» би фестивалі өтеді, ал шілдеде «Astana Comic Con» фестиваліне корей комикстері қатысады. Тамыз айында «Астана Опера» театрында Корея Республикасының ұлттық заманауи би компаниясы, ал қазан айында дәстүрлі корей би тобы өнер көрсетеді. Елшілік пен Корей мәдени орталығы көпшілікке арналған және мәдени іс-шараларды ұсына отырып, баршаңызды асыға күтеді», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар