Ертіс-Қарағанды каналы - Сәтбаев түрткі болған ғасыр жобасы

канал
Фото: Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Шапық Шөкин бастаған отандық ғалымдар 1949-1958 жылдары Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ету мәселесін Ертіс өзенін бұру негізінде шешуге болатындығын дәлелдеді. Бұл идеяға түрткі болған Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев болатын.

Бүкіл республика бойынша су қорының небәрі 7 пайызы ғана Сарыарқа даласына тиесілі екенін естіген Қанағаң айран-асыр болыпты. Республика отынының 70 пайызын беріп отырған еліміздің орталық бөлігінде осыншама су тапшылығының болуы адамды лажсыз қалдыратын сандар ғой. Бұл екі көрсеткіштің арасалмағын теңестірмейінше жер байлығын ел игілігіне ұсыну мүмкін емес еді. 

канал
Фото: видеодан алынған кадр

Сәтбаев осы тұста отандық ғалымдардың алдына болашақта Ертіс-Қарағанды аталған су арнасын салу мәселесін қойды. Бұған жергілікті гидрологиялық институттардың көбі қарсы болып, жерасты суларын алуды ұсынады. Талас-тартысқа толы күндерде Қазақстан энергетика институтының директоры, қазақтың тұңғыш энергетика ғалымы Шапық Шөкин Сәтбаевтің алдына келіп, есебін жайып салады.

канал
Фото: Екібастұз орталықтандырылған кітапхана жүйесі

«Водоканалпроект» мекемесі салмақшы болып отырған су қоймасы ең мықтағанда жылына 585 млн текше метр су беруге қабілетті. Ал Орталық Қазақстан өндірістеріне кем дегенде 2-2,5 млрд текше метр су қажет. Осы дәлелдемесінен кейін канал құрылысына қарсы болғандардың аузына құм құйылды. Қаныш Имантайұлының тапсырмасы бойынша Ш. Шөкин қазіргі су арнасының жобасын әзірледі. Ондаған жылдар бойы қазақтың қос мықты ғалымы бұл жобаны ақылдаса отырып, жетілдірді.

шөкин
Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры

Мынау суретте бейнеленген қос алып – Сәтбаев пен Шөкин 1959 жылы Алматыда түсіпті. Бұл фотосуретті жуықта Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері өңірлік Потатин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорынан тапты. Тау тұлғаның шәкірті атанған Ш. Шөкин Сібір өзендерін Қазақстан мен Орта Азияғa бұру мәселесін ғылыми тұрғыда қарастырған алғашқы ғалымдардың бірі екенін айтып өткен абзал.

Айта кетейік, жуырда Баянауылдан академик Қаныш Сәтбаев пайдаланған жазу машинкасы табылды. Жәдігерді баянауылдық ерлі-зайыпты Михаил және Галина Баек отбасы ұзақ уақыт сақтап келген.

Соңғы жаңалықтар