Ертістің тасуына байланысты Кенжекөл кентінде жағалау нығайтылып жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс өзеніне жіберіліп жатқан судан жайылмадағы су деңгейі 2,5 метрге дейін көтерілген. Мамандар Кенжекөлге төніп тұрған қауіп жоқ, судың беті алдағы күндері қайтады деп отыр.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және Кенжекөл кентінің тұрғындары тізе қосып, су тасқынына қарсы алдын алу шараларын жүргізіп жатыр.
«Елді мекенді су тасқынынан қорғау үшін үйіндіні нығайту, қапшықтарды дайындау және төсеу жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 91 тонна инертті материал әкелінді, 400 қап төселді және 250 қап инертті материал дайындалды» деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Барлығы 100-ден астам адам жұмысқа тартылды.
Кенжекөл кентінің әкімі Медет Сансызбаевтың айтуынша, елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ. Дейтұрғанмен биыл Ертіс өзеніне су жылдағыдан мол жіберілуіне байланысты ауыл шетіндегі жайылмалар лық толған.
Ауыл айналасына үйілген топырақ үйінділері күн сайын нығайтылып жатыр.
«Мұндай мол судың соңғы 5-6 жылда болмағаны тіркеліп отыр. Жайылмадағы судың деңгейі әдетте 2 метрден аспайтын. Биыл 2,5 метрге дейін көтерілген. Осы апта соңына қарай деңгейі түсе бастауы керек. Жағдай екі-үш күнде тұрақталады деп ойлаймыз» дейді М.Сансызбаев.