Forbes рейтингі: Қазақстанның бай-манаптар тізімі 25 бизнесменмен толықты

Forbes
Фото: DALL-E

АСТАНА. KAZINFORM – Forbes Kazakhstan басылымы соңғы 12 жыл қатарынан жыл сайын еліміздегі ең дәулетті 50 кәсіпкердің тізімін жариялап келген болатын. Биыл алғаш рет басылым осы тізімді кеңейтіп, кәсіпкерлер санын 75-ке жеткізіп отыр.

Осы жылдың 16 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны ауыртпалығын еңсеруге жәрдемдескен бизнес өкілдерімен және еріктілермен жүздесіп, зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударған еді.

«Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені, олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басылымның жазуынша, Президенттің дәл осы сөзінен кейін Forbes тізіміне кіруге ұмтылған кәсіпкерлер саны күрт артқан көрінеді.

«Айта кетерлігі, ТОП-75-ке кандидат іріктеуде шынайы проблема болжанған жоқ еді. Бірақ, әдеттегідей іске саясат араласты. Ел Президенті су тасқынынан зардап шеккен әр өңірді қайта қалпына келтіру үшін оларға Forbes тізіміне кіретін кәсіпкерлер бекітілетіндігін мәлімдегеннен кейін оған қалай болғанда да кіруге ниет танытқандардың саны геометриялық прогреспен арта бастады», - деп атап өтеді басылым.

Сонымен, рейтингке кірген бай-манаптың жиынтық байлығы өткен жылмен салыстырғанда 8,2 млрд долларға артып, 46,63 млрд долларға жетіп отыр. Егер биыл да ең дәулетті 50 кәсіпкердің ғана тізімі жарияланғанда олардың жиынтық байлығы 44,07 млрд доллар болса, ал орташа мәні өткен жылғы көрсеткіштен артып, 8881,4 млн доллар болар еді.

Рейтингке бұрын бұл тізімде болған 7 кәсіпкер қайта қосылса, жаңа есімдер саны – 19. Олардың көпшілігі біраз уақыттан бері жұрттың ауызында жүргені белгілі. Тізімге жаңадан қосылған екі адамның бірі – InDrive негізін қалаған Арсен Томский. Ол өткен жылы компаниясын Қазақстанға көшіріп, азаматтық та алып үлгерген болатын. Екіншісі – Швейцарияда тіркелген Harvest Group трейдингтік-логистикалық компанияның негізін қалаушы – Алмаз Әлсенов.

Forbes тізіміне қайта оралған кәсіпкерлер және олардың дәулеті

  • Дариға Назарбаеваның байлығы – 590 млн доллар, рейтингтегі орны – 15. Ол «Еуропа плюс Қазақстан» және «КТК» телеарнасы» серіктестіктеріне иелік етеді. «Регион-Медиа» ЖШС-інде де үлесі бар.
  • Сухраб Махмудовтың байлығы – 375 млн доллар, рейтингтегі орны – 24. Ағасы Фаррухпен бірге Orbis Kazakhstan компаниялар тобына иелік етеді.
  • Владимир Жұманбаевтың байлығы – 365 млн доллар, рейтингтегі орны – 25. Ол Дияр Қанашевпен бірге «Алтыналмас» компаниясының 20 пайыз акциясына иелік етеді. Сонымен қатар, оған «Қаражыра» АҚ-ның 20 пайызы да тиесілі. Мұнан өзге де компаниялары бар.
  • Александр Гарбердің байлығы – 282 млн доллар, рейтингтегі орны – 33. Қазақстан мен Қырғызстанда жұмыс істейтін «Прима дистрибьюшн» серіктестігінің мажоритарлық иесі. Компания халық тұтынатын тауарлар дистрибуциясы саласындағы ең ірі компаниялардың бірі саналады.
  • Алмас Мыңбаевтың байлығы – 250 млн доллар, рейтингтегі орны – 36. Nomad Life және «Номад Иншуранс» сақтандыру компанияларының жалғыз акцонері әрі Директорлар кеңесінің төрағасы. Өзге де компаниялары бар.
  • Нұрәлі Әлиевтің байлығы – 220 млн доллар, рейтингтегі орны – 41. «Транстелеком» АҚ-ның, «Capital Holding» және «Darmen Holding» серіктестерінің мажоритарлық акционері. Дубайдағы Donatello Hotels and Resorts және Алматыдағы Donatello boutique hotel қонақ үйлеріне, Алматы мен Астанадағы мейрамханаларға иелік етеді.
  • Нұрбол Назарбаевтың байлығы – 170 млн доллар, рейтингтегі орны – 49. Ол «Prime Capital Invest» және «Prime Capital Holding» серіктестерінің иесі, «PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы» мен «PLS-TM» серіктестерінің тең иелерінің бірі.

Forbes тізіміне жаңадан қосылған кәсіпкерлер және олардың дәулеті

  • Рейтингте 10-орында тұрған Арсен Томскийдің байлығы – 920 млн доллар. Бүгінде InDrive қызметі әлемнің 46 елінің 749 қаласында қызмет көрсетеді. Ресейдің Саха облысында құрылған компания 2021 жылы 1,23 млрд долларға бағаланған еді. 2022 жылдың күзінде Томский компания кеңсесін Якутиядан Алматыға көшірді. Ал бір жылдан кейін өзі де Қазақстан азаматтығын алды.
  • Александр Чукреевтің байлығы – 290 млн доллар, рейтингтегі орны – 32. Ол азық-түлік көтерме саудасымен айналысатын «Стелл» және «Дальпродукт» серіктестіктеріне иелік етеді.
  • Марат Жұманның байлығы – 260 млн доллар, рейтингтегі орны – 35. Ол Atasu Group көлік-логистикалық компаниясының негізін қалаушы әрі тиесі. Оның құрамына «Atasu Logistics», «Dostyk Cargo Service», «Жетісу Асыл Сервис», «Жас Customs» серіктестері кіреді.
  • Айжан Есімнің байлығы – 207 млн доллар, рейтингтегі орны – 44. Байлығының басым бөлігін «Қазфосфат» серіктестігіндегі үлесін сату арқылы тапқан. Мұнан бөлек «Sport Center» серіктестігінде және Петропавл нан-тоқаш комбинатында үлесі бар.
  • Алмаз Әлсеновтің рейтингтегі орны – 53. Ол Швейцарияда орналасқан Harvest Group компаниясының негізін қалаған. Компания ауыл шаруашылығы дақылдары мен өнімдерінің халықаралық дистрибуциясымен айналысады. Теңіз және ішкі логистика, сақтау және өңдеу қызметтерін көрсетіп, экспорт алдындағы қаржыландыру және сауда несиесін де ұсынады. Кәсіпкердің байлығы – 160 млн доллар.
  • 110 млн доллар байлығы бар Дулат Қожамжаров өндіріс ошағы Шымкент қаласында орналасқан Hill Corporation компаниясына иелік етеді. Кәсіпорын түрлі майлау материалдарын шығарады. Рейтингтегі орны – 57.
  • 59-орындағы Владимир Сидельковскийдің байлығы 105 млн долларға бағаланады. Бизнесменнің «Рақымжан-Петролеум» ЖШС-інде, «ЦУМ» акционерлік инвестициялық жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-да үлесі бар. Байлығының біраз бөлігін энергетикалық сектордан тауып отыр.
  • Ерем Арутюнянның байлығы – 103 млн доллар, рейтингтегі орны – 60. Ол «Мечта» электронды және тұрмыстық техникалар дүкені желісінің мажоритарлық акционері. Дүкеннің еліміздің 44 қаласында 96 сауда нүктесі бар.
  • Ибрагим Акдрашевтің байлығы – 103 млн доллар, рейтингтегі орны – 61. Ол құрылыс-монтаж жұмыстары мен сервистік қызметтерді орындайтын «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-нің иесі. Компания құрылымына «CIS Kashagan», «КазахНефтеГазСервис», «Kentz Kazakhstan» және «Батысстройконтракт Лтд» серіктестері кіреді.
  • Қаныбековтер отбасының байлығы – 100 млн доллар, рейтингтегі орны – 62. Олар «Petro Asia» АҚ арқылы мұнай өндіретін «Саутс-Ойл» серіктестігінің 39,17 пайыз акциясына иелік етіп отыр. Сонымен қатар «Nimex Logistics», «Нимэкс-Транс» және «Хеликоптер Сервис» серіктестіктері де осы отбасына қарайды.
  • Виктор Буллердің байлығы – 96 млн доллар, рейтингтегі орны – 64. Ол астанада тауарлық бетон мен темір-бетон бұйымдарын шығаратын «Стройконструкция» АҚ-ның мажоритарлық акционері.
  • Ерлан Баймұратовтың байлығы – 93 млн доллар, рейтингтегі орны – 65. Ол «KazFoodProducts» серіктесінің негізі иесі. Осы компания арқылы оған «Баян сұлу» АҚ пен «АзияАгроФут» АҚ-тағы мажоритарлық үлеске иелік етіп отыр. Мұнан өзге де серіктестіктерде үлесі бар екені белгілі.
  • Қапаровтар отбасының байлығы – 86 млн доллар, рейтингтегі орны – 67. Гауһар Қаппарова ұлы Нұрсұлтанмен бірге құрамына мұнай сервистік «Ер Сай Каспиан Контрактор» мен «Жандиг-С» ЖШС, Tin One Mining тау-кен компаниясы және Quantum Stem мектептер желісіндегі үлес кіретін Lancaster Group компаниясындағы үлеске иелік етеді.
  • Сағат Түгелбаевтың байлығы – 85 млн доллар, рейтингтегі орны – 68. Ол швейцарлық First Montana Capital AG компаниясы арқылы мұнай өндіретін «Anaco» серіктестігіне мажоритарлық акционер болып отыр. Өзге де компаниялары бар.
  • Владислав Лидің байлығы – 83 млн доллар, рейтингтегі орны – 69. Ол рейтингте 22-орында тұрған Бақытбек Байсейітовпен серіктес әрі «ЦентрКредитБанкі» АҚ пен инвестициялық «BCC Invest» АҚ-тың дауыс беретін акциясының 11,16 пайызына иелік етеді.
  • Шыңғыс Беріғожиннің байлығы – 74 млн доллар, рейтингтегі орны – 71. Ол Қызылорда облысының Ащысай кен орнында мұнай-газ өндіретін «Кор» мұнай компаниясының 41 пайызына тікелей және жанама иелік етеді.
  • Берік Қаниевтің байлығы – 64 млн доллар, рейтингтегі орны – 73. Lancaster Group акционері әрі Директорлар кеңесінің төрағасы. Мұнан өзге де компанияларда үлесі бар.
  • Юрий Пактың байлығы – 64 млн доллар, рейтингтегі орны – 74. Оның Lancaster Group компаниясында 25 пайыз және басқа да компанияларда үлесі бар
  • Төлеген Балғымбаевтың байлығы – 63 млн доллар, рейтингтегі орны – 75. Ол бір жылдары Қазақстанның премьер-министрі болған Нұрлан Балғымбаевтың ұлы. Оның «Консорциум Isker», «West Dala» серіктестіктерінде үлесі бар. «Уест Ойл», «Алма Ист Вест Груп», «КаспийМеталл», «АМS-Real Estate» серіктестіктеріне бақылау жасайды.
Соңғы жаңалықтар