Фристайл-могулдан әлем кубогы кезеңінде ел намысын кімдер қорғайды

Фристайл-могул
Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінде 8-10 наурыз аралығында фристайл-могулдан өтетін әлем кубогы кезеңі өтеді.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті мәлім еткендей, аталған бәсекеге Қазақстан командасының көшбашылары түгел қатысады. Сондай-ақ, жас спортшылар да өз бағын сынап көрмек.

Әйелдер арасында ел намысын Юлия Галышева, Анастасия Городко, Аяулым Әміренова, Юлия Феклистова, Анастасия Ларионова бастаған спортшыларымыз қорғаса, ерлер арасында Павел Колмаков, Антон Бондарев, Максим Емельянов, Федор Бугаков, Денис Раструба, Семен Русаков бастаған тәжірибелі спортшыларымыз сынға түседі.

Бас бапкері Елена Круглыхина елімізде өтетін әлемдік жарысқа команда толығымен дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, жарақат алған команда көшбасшылары біртіндеп бабына енуде. 

«Өз жеріміздегі әлем кубогы кезеңіне жақсы дайындық жүргіздік. Кейбір спортшыларымыз әлі де жарақатынан соң қалпына келіп жатыр. Басты мақсатымыз – жанкүйерлерді жеңіспен қуантып, шоу көрсету. Себебі, спорт дегеніміз – тұнған эмоция. Ел намысын абыроймен қорғасақ деген ойдамыз», - дейді бас бапкер. 

Айта кетелік, могулшылар додасы 8-9 наурызда өтсе, шаңғы акробатикасының өкілдері 10 наурызда жарыс жолына шығады.

Соңғы жаңалықтар