Газа секторында гуманитарлық жүк тиелген колоннаға соққы жасалып, еріктілер қаза тапты

Газа секторы
Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM – Газа секторындағы гуманитарлық көмек тиелген колоннаға жасалған шабуыл салдарынан World Central Kitchen ұйымының жеті еріктісі қаза тапты. Қаза тапқандар – Палестина, Аустралия, Польша, Ұлыбритания, АҚШ және Канада азаматтары, деп хабарлайды Al Jazeera.

Израиль қорғаныс күштерінің колоннамен бірге еріп жүруіне қарамастан, Газаға теңіз арқылы жеткізілген 100 тоннадан астам гуманитарлық азық-түлік көмегі түсірілгеннен кейін қарауылшы жасаққа Дейр эль-Балах қаласындағы қоймадан шыққан кезде оқ атылды.

Бұған дейін хабарланғандай, Газа секторындағы Әл-Шифа ауруханасы Израиль әскері екі апталық рейд жүргізіп, тастап кеткеннен кейін толықтай қираған.

7 қазаннан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан кем дегенде 32 916 палестиналық қаза тауып, 75 494 адам жарақат алған. Израильде 7 қазанда ХАМАС шабуылынан қаза тапқандар саны 1139 адам.

Еске сала кетсек, Иран Израильді Дамаскідегі консулдыққа әуеден шабуыл жасағаны үшін айыптады. Шабуыл салдарынан Иран Ислам революциясы корпусының генералы қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар