Индонезия сапары: Балилік қазақтар

бали
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстіктен оңтүстікке қарай 80 шақырым аумаққа, шығыстан батысқа қарай 145 шақырым аумақта созылып жатқан Бали аралында 4,2 млн адам тұрады. Ресми мәлімет бойынша, сол 4,2 млн адамның ішінде 500-ге жуық қазақстандық та бар. Индонезияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған ақпараттық саяхат кезінде сол отандастарымыздың тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті.

Армандар орындалатын арал

Динара Шагирова Индонезия жерінде бізге жолыққан алғашқы отандасымыз болды. Елшіліктің Лабуан-Баджо қаласында ұйымдастырған ресми кездесулерінің бәріне бірге қатысқандықтан Балидегі қазақтар туралы мәліметтің көбін осы адамнан білдік. Осындағы өзге отандастырымызбен таныстырған да өзі. Оның үстіне, Индонезиядағы қазақстандықтар қауымдастығының төрағасы дейтін лауазымы бар. Бірақ бұл қоғамдық жұмыс деуге болады. Ал табысты Балидің бірнеше бөлігінде жалға вилла беріп, содан көреді. Өзінің айтуынша, бала кезінен «мұхит жағасында үйім болса» деген арманы болыпты.

Динара Шагирова
Фото: Kazinform

«Батыс Қазақстан облысындағы Аңқаты ауылында нағашы атам тұратын. Сол кісімен сиыр кезегіне еріп баратынмын. Бірде мұхит жағасында үйі бар қыз туралы детектив оқыдым. Автор мұхиттан шығып, жағадағы үйге беттеген қыздың бейнесін шебер суреттегені соншалық, «Өскенде менің де мұхит жағасында үйім болады» деп ойладым. Атама әлгі арманымды айтып едім, күлді. Қазір ойласам, періште аузыма салған екен», - дейді Динара.

Бала күнгі арманның шындыққа айналуына пандемия түрткі болса керек.

«Мен Балиге 2020 жылдың 3 қазанында келдім. Бұл пандемия кезі болатын. Локдаун басталып кеткен кезде енем мен қайын әпкем осы аралдан шыға алмай қалды. Олар Балиден сурет жібереді. Біздегідей шектеу жоқ екенін көріп, қалыпты өмір ырғағына, мәңгі жаз табиғатына қатты қызықтым. Жарты жыл өткенде балаларыммен бірге осында келдім. Содан бері Балиде тұрып жатырмын. Алғашқы екі апта климатқа үйренуге кетті. Басында ыстыққа шыдамай, тамақ жақпай, біраз қиналдық. Мұнда қалуымызға екі жағдай әсер етті.

Әуелі қаңтар оқиғасы, одан кейін Украинадағы жағдай кезінде Қазақстандағы туыстар «Андағы жақтан қозғалмай-ақ қойыңдар. Мына жақта қауіпсіздік шытынап тұр деп» ақыл айтып жатты. Бір жағынан бұл жақта өмір сүру Қазақстандағыдан арзан. Экологиясы да таза. Бірақ қанша дегенмен, бөтен елде ұзақ тұру үшін тұрақты табыс көзін іздеу керек болды. Бали экономикасының 90 пайызы туризмге тәуелді болғандықтан, туризммен байланысты кез келген бизнес дамып шыға келеді. Бірнеше вилланы жалға алдық та, пандемия кезінде жөндеп шықтық. Қазір соларды келген туристерге жалға береміз. Индонезиялықтардан жалға алып, оны туристерге жалға беріп отырмыз», - дейді отандасымыз.

Индонезия заңы бойынша, вилланы (кез келген жылжымайтын мүлікті) жеке меншікке сатып алу мүмкін емес – 25 жылға дейін жалға алуға ғана рұқсат бар. Одан да бір жылға жалға алып, ұзартып отырған тиімді көрінеді. Пандемия кезінде виллалардың иелері жалдау ақысын жыл сайын төлеп, ұзартып отыруға келісуге мәжбүр болған. Ал қазір ондайға ешкім келіспейтінін айтады.

Динара әр вилланы жалға алмай тұрып мұхиттан қанша алыс жатқанын, инфрақұрылым қаншалықты сапалы екенін, келешекте туристердің келу ықтималдығы қалай екенін тыңғылықты зерттеп отырған. Туристер үшін аса тартымды болып келе жатқан Семиньяк және Чангу аудандарына таңдау осылайша түсіпті.

Балиде білім беру тілі – ағылшын және индонезия тілдері. Динараның 4 баласының екеуі мектеп жасында. «Қарды сағындық» деген соң Қазақстандағы әкелеріне жіберіпті. Біз Индонезияға келген күннің ертеңінде олар да әкелерімен бірге Балиге оралып жатты.

«Бұл біздің бірінші жобамыз деуге болады. Енді балалардың даму орталығын ашып жатырмыз. Өйткені, Балидегі проблеманың бірі – мектепке дейінгі балалардың тәрбиесі. Балабақша соншалық көп емес, ал бөбектерді мектепке дайындау керек.

Орталықты түгелдей қазақстандықтар салып жатыр деуге болады. Тіпті дизайнын да қазақстандықтарға жасаттық. Педагогті де Қазақстаннан алдырдық. Бірақ оған еңбек визасын рәсімдеу кезінде біраз қиналдық. Өйткені, Индонезия мемлекеті өз халқын еңбек қатынастары мәселесінде қатты қорғайды. Массаж, бет, тырнақ, шаш күтімі, асхана, мейрамхана сияқты салаларда қызмет көрсетушілерге еңбек визасын бермейді. Қысқасы, еңбек визасын алу үшін жергілікті халықтың қолынан келмейтін мамандық иесі екеніңді дәлелдеу керек.

Орталықты Санура дейтін ауданнан ашамыз. Өйткені, бұл ауданда Балиге біржола мекен етуге келгендер тұрақтайды. Тұрғындарының көбі – зейнеткерлер мен балалы отбасылар. Осы жағын ескеріп Санураға таңдау түсті. Оның үстіне, Балидің кез келген бөлігінен мұнда жету жеңілірек», - дейді ол.

бали
Фото: Kazinform

Балиге келсең, қайғың ұмытыла ма?

Индонезияның Қазақстандағы елшілігінің мәліметі бойынша, Индонезияны 500-дей қазақстандық тұрақты мекен етіп жүр. Оның басым бөлігі Балиде екені айтпаса да түсінікті.

«Мен де осы статистикамен келісемін. Бірақ келіп-кетушілердің саны әлдеқайда көп. Демалуға ғана келетіндер бар. Қысты осы жақта өткеріп, жазда оралатындар бар. Цифрлық көшпелілер де бар. Олар бүкіл әлемді шарлап жүреді. Өйткені, жұмыстарын қашықтан істей береді. Ондайларға Бали – ең сүйікті орындардың бірі. Өйткені, өмір сүру құны арзан, экологиясы таза, табиғаты тамаша. Сондай-ақ, туристік виза бойынша бір ай Балиде болып, мерзім біте бастағанда шекарадан бір өтіп, қайта келіп амалдайтындар бар. Осылайша ай сайын туристік визасын ұзартып жыл бойы тұруға болады», - дейді кәсіпкер.

Қазақтар Балиге кейінгі 5 жылдың көлемінде ағыла бастаған. Динара Шагирова осы «көштің» бел ортасында жүр деуге болады.

«Алғаш осында келген кезде қазақтар өте аз болатын. Instagram арқылы бір-бірімізді іздеп, байланыста жүрдік. Кейін әлеуметтік желіден біздің өмірімізді көріп, қаптай бастады. Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда интернет болмай, оның зардабы мұндағы қазақстандықтарға тиген еді. Сол кезде Әлия дейтін отандасымыз ортақ чат ашып, сол арқылы бір-бірімізге көмектесе бастадық. Қазір ол чатта екі мыңнан астам адам отырады. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қазақстандықтардың ең үлкен чаты шығар.

Жалпы қазақстандықтардың бұл жаққа деген қызығушылығы орасан. Әсел Сәдуақасованың сұхбатынан кейін маған жүгінетін адамдар тіпті көбейіп кетті. Қазір күніне 9-10 адам «біз де келсек деп едік» деп хабарласады.

Олардың басым бөлігі – ересек өмірге енді аяқ басқан жастар. Екінші бөлігін «шаршаңқы» адамдар дер едім. Күнделікті күйбең тірліктен, қарбалас жұмыстан, қаланың у-шуынан мезі болып, табиғат аясынан тыныштық іздеп келетіндер ғой. «Балиге келсең, бар қайғың ұмытылады» дейтін маркетинг аңыздардың жетегімен келетіндер де көп. Соның көбі іздегенін тауып жатады. Өйткені, бұл жақтағы адамдардың басты өмір қағидасы біздегі «обал» ырымына ұқсайды. «Карма» - бұлар үшін ең негізгі құндылық. Өздері алдау, қиянат жасау дегенге жоқ. Ал жергілікті халықтың осы қасиетін теріс жаққа пайдаланғысы келгендерге ақылмен, айламен есесін қайтарып отырады.

Мұнда бизнес ашып жатқан кәсіпкерлердің бір бөлігі туристік оператор қызметін ұсынады, бір бөлігі мейрамхана жалдап ұстайды, тағы бір бөлігі виза мәселесін шешумен айналысады», - дейді отандасымыз.

Айтуынша, Балиге демалу үшін келетін қазақстандықтардың саны қазіргіден де көп болуы мүмкін еді. Тікелей рейс болмағандықтан, жол шығыны өте қымбат. Бірі Үндістан арқылы, бірі Тайланд арқылы, бірі Вьетнам, бірі Малайзия арқылы келіп жүр. Алматы – Куала-Лумпур – Денпасар рейсі ашылғалы жатыр. Осы маршрут ашылса, қазіргі бағыттардан әлдеқайда арзан болмақ.

«Балиді танымал еткен «Eat Pray Love» (ішіп-же, мінәжат ет, сүй) фильмі деуге болады. Осы киноны көрген америкалықтар мен еуропалықтар Балиге ағыла бастады. Оны байқаған Индонезия билігі Джулия Робертсті алдырып, «Жұмаққа бастар билет» дейтін кино түсірді. Ол фильмнен кейін отбасылы адамдар үй-ішімен Балиге ағылды. Бізге индонезиялықтардың осы тәсілін үйренуге болады деп ойлаймын. Бұлар жалпы аңыз бен тарихты әдемі «сата» біледі. Міне тау, міне сарқырама. Осыдан жаныңа құштарлық ұялататын аңыз жасап шығара салады. Бізде де небір тарих, небір көрікті жерлер бар ғой. Соның бәрін әдемі ұсына білуді үйренуге болады», - дейді Динара.

Индонезия қазынасына туризмнен түсетін табыстың 90 пайызы Балиге тиесілі.

«Балиде өмір сүру балалар кішкене кезде қолайлырақ. Бала өскен сайын білім беру қиындай түседі. Әсіресе университетте оқыту мүмкіндігі аз. Сондықтан көбі баласы есейгенде көшіп кетіп жатады. Ал біз үлкен ұлымызды әжесіне жібердік. Сол кісінің қолында оқып жатыр.

Қалғандары өскенде қалай болатынын көреміз. Бұл жақтағы білім жүйесі біздегіден түбегейлі өзгеше. Әсіресе, совет заманының білім беру жүйесін көрген адамдарға түсініксіз. Бұларда бәрі Кембридж жүйесі бойынша, ойын ережесіне құрылған. 4-сыныпта оқитын балам Қазақстанға қайтып, тест тапсырған кезде 6-сыныптың оқушысына, 2-сыныпта оқитын қызым 4-сынып оқушысына сай білім көрсетті», - деген кейіпкеріміз өзі ашатын орталық та ағылшын тілінде тәрбие беретінін айтты.

Балиде өмір сүру шынымен арзан ба?

Балиде бір ай өмір сүрудің шығыны қанша? Динараға әлеуметтік желілер мен чаттарда ең көп қойылатын сұрақ осы екен.

«Ай сайынғы шығын қаншалықты қолайлы тұрмыс таңдағаныңа байланысты. Рухани тыныштық іздеп келсең, вегетариан болсаң, Убут ауданына барған дұрыс. Ол жақта мұхитқа шыға алмағаныңмен әйгілі күріш терассалары бар. Бір жағынан баға да салыстырмалы түрде арзан. Ал жалғызбасты болсаң, серфинг пен жағажайдағы би кештерін ұнатсаң, Улуватуға барасың. Түнгі клубтар мен мейрамханаларды жақсы көрсең, Чунгаға барғаның абзал. Отбасыңмен келсең, Семиньяк ауданы ыңғайлы. Ол жерде инфрақұрылым әлдеқайда жақсы дамыған. Сәйкесінше баға да басқаша. Балиде адамдар табиғатының көркемдігі үшін емес, адамдардың мінезінің көркемдігі үшін қалып жатады. Басында бәрі неге күліп қарап, танымаса да амандасады деп таңғалатынмын. Кейін өзім де сол әдетті сіңірдім. 3 жылдан кейін Қазақстанға бардым. Сол кезде Балидегі әдет бойынша жолыққан адамның бәріне амандаса беріппін. Тіпті 1-2 адамнан сол үшін сөз де естідім. Бетіме қарап, «Аурусың ба?» деп күліп кетті. Бұл жақта адамды киіміне, қалтасындағы ақшасына, астындағы көлігіне, қолындағы қызметіне қарап бағалау жоқ. Адамсың ба, адам емессің бе, соған ғана қарайды», - дейді отандасымыз.

Екінші жиі қойылатын сұрақ: «Отбасыммен 10 күн демалуға барсам, қанша ақша кетеді?»

«5 адамдық отбасыға кемінде 3 ұйықтайтын бөлмесі бар вилла керек. Олардың күндік бағасы 150 доллардан басталады. Ең жақсы дегендерінің күндік бағасы 300-450 долларға дейін барады. Ал Нуса Пенида сияқты аралдарға барып түнеу үшін қайық жалдау керек болады. Сапардың бір жағына ғана әр адамнан 200 мың индонезия рупиін (6 мың теңге) алады. Аралға жеткен соң ары-бері жүру үшін бір күнге 50 доллар төлеп машина жалдауға болады. Тамаққа 5 адамға бір күнде 300 доллардай кетеді. 10 күнге тамақтың өзіне ғана 3 мың доллар кетеді. Оның сыртында сұлулық салоны мен массаж, мәдени шаралар мен көрнекті орындар бар. Жол шығыны арзан емес екенін бағана айттым», - дейді ол.

Сәуір мен қазан аралығында Балиде жауынсыз маусым жүреді. Қарашадан наурызға дейін – жаңбырлы маусым. Бағаның екі есе өсетін кезі – Жаңа жыл қарсаңы. Ең тыныш кезең – ақпан, наурыз, сәуір. Ораза кезінде де турист азаяды. Өйткені қызмет көрсететіндердің бірталай бөлігі мұсылман болғандықтан ораза ұстау үшін өз үйлеріне кетеді.

Тахмина Юнусметова
Фото: Kazinform

Тахминаның тағдыры

Тахмина Юнусметова дейтін отандасымыз 2004 жылы арман қуып Шымкенттен Малайзияға келеді. Оның да Балиге табан тіреуіне пандемия әсер еткен.

«Балиге алғаш аяқ басқаннан бері 5 жыл өтіпті. Содан бері 20 рет келіп, кеткен шығармын. 2019 жылдың желтоқсанында соңғы рет келдім де осы жақта табан тіредім. Оған дейін жазда Чехияда, қыста Малайзияда тұрып жүргенмін. Балиге табан тіреуім кездейсоқ болды. Бір қысты Балиде өткізіп көрейінші деп ойладым. Пандемия басталып, Малайзияға шыға алмай қалдым. Кейін локдаун біткеннен кейін де бұл аралдан кеткім келмейтінін байқадым. Ақыры осында өмір сүреді екенмін, тұрақты табыс көзі керек болды. Малайзиядағы бизнесімнің бір бөлігін осында көшірдік. Ол кезде мәжбүрліктен істегеніммен, қазір солай болғанына қуанам. Арасында Қазақстандағы туыстарыма барып тұрамын», - дейді ол.

Тахминаның айтып отырған бизнесі – шетелдіктерге виза рәсімдейтін агенттік. Оның көмегіне негізінен ТМД тұрғындары жүгінеді.

«Біз Балиде бизнес бастаған кезде пандемияның кесірінен туризм тоқтап тұрған. Сол тұста бизнес визасы арқылы инвестор ретінде келу мүмкіндігі болды. Заңның бір қалтарысы ғой. Сол виза арқылы Балиге жетіп алғысы келетіндер мұндағы бизнестің күш алып кетуіне қолайлы ахуал туғызды. Кейін туризм қалпына келді де, біз визаның барлық түрімен айналыса бастадық.

Пандемиядан кейін қашықтан жұмыс істеуге болатынын түсінген адамдар Индонезияда жатып табыс табуға кірісіп кетті. Олардың арасында орыс тілділер көп. Солардың бәріне қызмет көрсете аламыз.

Былтыр Бали танымалдық жағынан Дубайдан кейін екінші орын алды. Туристер саны жыл сайын артып жатыр. Менің бизнесімнің Балидегі ауқымы Малайзиядағы бөлігінен асып кетті. Ол жақта қандай да бір құжат рәсімдеу үшін уақыт көп жұмсайсыз. Ал мына жақта оның бәрі оңай деуге болады. Керекті адамдарды тапсаң, ақшаң болса, заңнан аттамасаң виза алу да, лицензия жасау да, басқа құжаттар рәсімдеу де әлдеқайда оңай. Қазақстанда оның бәрі электронды үкімет арқылы рәсімделсе, мына жақта арнайы агенттер жалдайсыз. Біздің компания да сондай агенттер ұсынады», - дейді Тахмина.

бали
Фото: Kazinform

Ол да Балидің басты артықшылығы жергілікті тұрғындар екенін айтады.

«Бали жағажайдан бөлек әдемі табиғатымен, таңғажайып мәдениетімен, әлемнің әр түкпірінен келетін түрлі халық өкілдерімен, әлемдік деңгейде танымал адамдардың түрлі бұқаралық шаралар өткізетінімен тартымды. Балиге 2-3 күнге ғана келетіндер аралдың сиқырын түсініп үлгермеуі мүмкін. Көбірек тұрып, адамдармен араласқан кезде ғана мұндағы рухани әлемнің сиқырын түсінуге болады. Пандемия кезінде Балиден шыға алмай қалған блогерлер көп болды. Солардың таратқан контенті аралға тегін жарнама болды. Пандемиядан кейін бұл жаққа туристердің ағылуына ол да әсер етті.

Кеше ғана үш қабатты жаңа кеңсеге көштік. Қызметімізге сұраныс тоқтаусыз артып жатқандықтан жұмысшылардың да санын көбейту керек. Бірақ біз жұмыстың негізгі бөлігін адамның күшімен емес, технологияның көмегімен атқаруға күш салып жатырмыз. Иә, қазір шығыны көп болатын шығар. Бірақ кейін ол шығын еселеп ақталады», - дейді кәсіпкер.

Қиырдағы қазақтың бір-біріне деген қамқорлығын Балидегі қазақтардың әңгімесінен көруге болады.

«Арамыздағы қарым-қатынастың көбі достыққа негізделген. Қазақстандық біреу мейрамхана ашса, бәрі қолдап барады. Ондағы тамақтың дәмі ұнамауы да мүмкін, бірақ отандасын қолдау үшін барады. Осыған қуанам.

Балидегі қазақстандықтар өрескел заң бұзып, елдің атын жаман жағынан шығарған оқиғалар болған жоқ, яғни Балиге келетін қазақстандық туристерді «сапалы» деуге болады. Көбіне табысы, жұмысы бар адамдар келеді. Заңды айналып, табыс табу үшін жүргендер аз. Осының бәрі қазақстандықтарды балиліктер мен өзге шетелдіктердің көз алдында жағымды етіп көрсетеді.

Балиліктердің ұлттық киіммен жүретінін, күн сайын көшелерде түрлі ғұрыптар өтіп жататынын көрген шығарсыздар. Храмдардың бос тұрған кезі болмайды. Осы мәдениеттің бәрін шетелдіктерді өзіне тартады», – дейді отандасымыз.

Тахмина сөз соңында Балиге азғантай ақша табу үшін келудің мәні жоқ екенін ескертті.

«Мысалы, Дубайға барып даяшы болып жұмыс істеу жастар арасында кең таралған. Бұл жақта ол тиімсіз. Өйткені, біріншіден, айлық өте төмен. Даяшылар айына 200 доллар алады. Ал мұнда шалқып өмір сүру үшін бір адамға айына 2 мың доллар керек. Екі адам болса, керісінше өмір сүру арзанырақ болады. Өйткені баспана ақысын бөліп төлеуге болады дегендей. Бұл жаққа бизнес бастап әкететін капиталмен немесе жұмыс істеп тұрған, онлайн басқаруға болатын дайын бизнеспен келу керек.

Бір қазақстандықтың ғана депортацияланғаны есімде. Білуімше, бұл жақта еңбек визасынсыз жұмыс істеген. Мұндай оқиғалар ресейліктердің, ТМД тұрғындарының басында жиі болады.

Балиде тапшы мамандық иесі болмасаңыз, жұмыс табу қиын. Өйткені, жұмыс берушіңіз еңбек визасына деп ай сайын 150 долларға дейін жарна төлеп отырады. Ондай шығынмен шетелдікті алуға кез келген жұмыс беруші келісе қоймайды», - дейді ол.

бали
Фото: Kazinform

Тахмина Юнусметова Балиде тұратын қазақтарды үш топқа бөлуге болатынын айтады.

«Индонезияда қазақстандық студенттер бар деп естиміз. Бірақ олармен жұмыс барысында ұшырасып көрмеппін. Өйткені, көбіне Жақартада, соның іргесіндегі шағын қалаларда шоғырланған. Ал Балиде тұратындарды үш санатқа бөлуге болады. Біріншісі – Қазақстандағы жылжымайтын мүліктерін жалға беріп, соның ақшасына осында бос жатып өмір сүретіндер. Олардың үлесі тым аз. Екіншісі – онлайн ақша табатындар. Олардың бір бөлігі онлайн бизнеспен айналысса, екінші бөлігі онлайн жұмыс істейді. Балидегі қазақстандықтардың негізгі бөлігі осылар, үлесі 50 пайыздан артық шығар. Ал бұлардан кейінгі қатары мол топ – осында бизнес ашқандар», - дейді отандасымыз.

Біз Балиден Қазақстанға қайтатын күні Динара Шагирова жолдасымен бірге арнайы келіп, сәт-сапар тілеп, шығарып салды.

«Наурыз кезінде келсеңіздер, Бали қазақтарының Ұлыс күнін қалай тойлайтынын көретін едіңіздер», - деді Динара.

Балидегі Наурыз Ұлан Назаралиев есімді қырғыз азаматы ашқан Buhara Bali мейрамханасында өткенін кейін әлеуметтік желіден көрдік.

бали
Фото: Kazinform
бали
Фото: Kazinform

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Индонезияның Қазақстандағы елшілігі бірнеше БАҚ өкілі мен кино мамандарының, Бали аралында кәсіппен айналысып жүрген қазақстандықтардың басын қосып, ақпараттық саяхат ұйымдастырды. Делегация құрамында Kazinform тілшісі Есімжан Нақтыбай да бар. Сапардан жазылған алғашқы материалды мына жерден оқи аласыз.

Ақпараттық саяхат маршруты Лабуан-Баджо қаласынан кейін теңіз деңгейінен 800 метр биікте жатқан елді мекенге бұрылды. Мело деп аталатын этноауыл мен ондағы қайықшы Дураджа туралы материалды да оқи отырыңыз. 

Соңғы жаңалықтар