Инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу – басты бағыт

Дархан
Фото: Түркістан облысының әкімдігі/Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында туризм, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай жаңалық көп. Өндіріс саласында да тың жобалар қолға алына бастады. Дегенмен, өсім бар жерде өзекті мәселелер қатар жүретіні анық. Ауыз су мен суармалы су жайы, мақта бағасы, Кентаудағы жылу-энергетика орталығының жұмысы тұрғындарды алаңдатып отыр. Kazinform тілшісіне сұхбат берген облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы және өзге де мәселелер жөнінде айтады.

Түркістан
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

- Дархан Амангелдіұлы, Түркістан қаласының түркі әлемінің туристік астанасы атануы биылғы жылдың басты жаңалығының бірі болды. Жалпы, бұл бағытта өңірде қандай жобалар жүзеге асып, жұмыстар жүргізіледі?

- Түркістандағы түркі әлемінің ойшылы, ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – әлемдегі ең үздік сәулет туындыларының бірі. Шаһарымызға жыл сайын түркі елдері мен шетелдерден мыңдаған саяхатшы келеді. Тарихына қызығады. Бұл қала ежелден-ақ Еуропа саяхатшыларына да таныс болған. Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығының бірі ретінде дамығанын білеміз. Түркістан – Еуразияның жауһары.

Ясауи
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Екіншіден, Түркістан бірнеше ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Мұнда тарихымыздағы тағдыр шешті шешімдер қабылданған. Түркістанда қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, елуден астам қол бастаған батыры жерленген.

тау
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Ал, жалпы Түркістан облысының барлық аудан, қаласының өзіндік тарихы бар. Оны зерттесеңіз көне замандарға тереңдейсіз. Осынау тарихи аймақта басшы болу – мен үшін зор жауапкершілік. Аймақты дамыту, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеп отырған міндеттер мен бағдарламаларын орындау бағытында бар күш-жігерімді салуға міндеттімін.

Түркістан
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Облыс осыдан 5 жылдан астам уақыт бұрын құрылды. Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілді. Міне, осы 5 жылда өңірде аса маңызды жобалар жүзеге асты. 250-ден астам ғимарат бой көтерді. Тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, білім, медицина, инфрақұрылым нысандары ел игілігіне берілді. Соның ішінде халықаралық талапқа сай спорт кешендері салынды. «Түркістан Арена» стадионы, Халықаралық теннис орталығы, «Мұз сарайы», «Олимпик центр» спорт кешені және өзге де ғимараттар іске қосылды. Мұның бәрі Түркістанның спорттық әлеуетін көтерді. Облыс орталығында Түркі универсиадасы, қазақ күресінен Азия кубогы, республикалық кешенді спартакиадалар мен халықаралық жарыстар ұйымдастырылды. Халықаралық ірі додаларды қабылдауға дайынбыз.

туризм
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Президент тапсырмасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Былтыр Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туризм саласы басшыларының отырысы өтті. Сол жиында Түркістанды түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы деп жариялау ұсынысы қолдау тапты. Бұл шешім – түркітілдес елдердің туризм бағытындағы қарым-қатынасын нығайтуға айрықша серпін береді.

Түркістан
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

ҚР Үкіметі тарапынан қаланың сауда-экономикалық қатынастарының нығаюына және туризм саласының жан-жақты дамуына ерекше ден қойылып отыр. Осы мақсатта Түркістан халықаралық әуежайы арқылы халықаралық әуе рейстерін ашудың маңызы аса жоғары. Қазіргі уақытта, Түркістан халықаралық әуежайы 3 халықаралық Ыстамбұл, Эль-Кувейт, Абу-Даби және 7 республика ішілік Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Қостанай әуе бағыттарына қызмет көрсетеді. Атап өту қажет, шетелдік авиакомпаниялармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, 2024 жылдың 16 қаңтарында «Түркістан – Абу-Даби» әуе бағыты ашылды. Мұндай әуе бағыттарының ашылуы Түркістан өңірінің шетелмен сауда-экономикалық қатынастарын нығайтып, туризм саласының дамуына оң әсер етеді. Алдағы уақытта бірнеше халықаралық және республика ішілік әуе рейсін ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар жүк тасымалы динамикасын көтеру – басты мақсаттардың бірі. 2023 жылы әуежай арқылы 360 мың жолаушы өтті. Биыл жолаушылар ағынын 450 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Түркістан облысында тарихи-танымдық туризмнен бөлек, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм бағытымен танысуға шақырамыз.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

- Түркістан – еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері құрылған алғашқы облыстардың бірі. Қазір облыс орталығында салынып жатқан нысандардың барлығы ерекше сәулетке ие. Алдағы уақытта тағы қандай сәулетті ғимараттар бой көтереді?

- Түркістан күн санап өзгеріп келеді. Бой көтерген ғимараттардың дизайны ерекше үлгіде, қазақы нақышта салынған. Көне шаһар аумағы мәдени-рухани орталық болып қалыптасты. Нысандар ЮНЕСКО-ның келісуімен салынады. Ал, жаңа қаладағы әкімшілік-іскерлік орталықта 20 қабатты үйлер де салынған.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Еліміздің рухани орталығы – Тұран жұртының астанасы саналатын киелі де қасиетті Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде қалыптасты. Жаңа қалада тұрғын үй көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға артып жатыр. Мысалы, 2018 жылы Түркістан қаласы халқының саны 165 400 болса, қазір 220 мыңнан асты. Тұрғындар саны өскен са­йын тұрмыстық тіршілікке қатысты көптеген сұрақтың туындауы заңдылық, яғни өсім бар жерде өзекті мәселелер де болып жатады. Осы уақыт ішінде қала өмірі, қала тұрғындары мен қонақтарының тарихқа, туризмге деген көзқарасы және мәдени мұраларға деген қатынасы едәуір өзгерді. Түркістанды түлетуге құштар жандар көбейді.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістан – түркі елдерінің туристік астанасы атануына орай, биыл бірқатар нысан қолданысқа берілмек. «Түркі әлемі орталығы», «Достық үйі», «Қолөнершілер орталығы», жер асты мешіті бар «Қылует» рухани орталығы, «Көрме орталығы», «Шығыс базары», жасанды көл мен 5000 адамға арналған орталық мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, жаңа тұрғын үйлер, білім, медицина нысандары да салына бастады.

Түркістан
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

- Тәжірибеңізге сүйеніп айтыңызшы, Түркістан облысын дотациялы аймақтан шығаруға бола ма? Бұл бағытта қандай жобалар ұсынасыз және қолға алып отырсыз? Бүгінде әкімдердің алдында тұрған ең өзекті мәселенің бірі – аймаққа инвестиция тарту. Осы орайда, аудан әкімдері мен салаға жауапты мамандар Қытайға барып, тәжірибе алмасып келді. Нәтижесі қалай болды? Жалпы, алдағы жылдары қандай ірі инвестициялық жобалар жүзеге асады?

- Өте орынды сұрақ. Өндірісті дамытпай, өзіндік кірісті молайту мүмкін емес. Біз қосымша кіріс көздерін арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту, салық көздерін табу, зауыт-фабрикалар ашуға басымдық беріп отырмыз. Өңірлік инвестициялық штаб жұмыс істейді. Штаб мәжілісінде инвесторлармен тікелей жұмыс жүргізіп, олардың жобаларын сүйемелдеуге қолдау көрсетеміз. Инвестиция тарту бағытында шетелдерге делегацияларымыз барып келді. Бұл ізденістер өз жемісін беріп жатыр.

Түркістан
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Өткен жылдың қорытындысымен өңір экономикасына 972 млрд теңге (жеке инвестициялар - 705,1 млрд, бюджеттік инвестициялар - 266,9 млрд) инвестиция тартылып, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Өсім динамикасы бойынша облыс елімізде үздік үштік қатарында. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд теңге) артығымен орындалды. Биылға негізгі капиталға салынған инвестициялар индикаторы 1 трлн 133,8 млрд теңге көлемінде бекітілген. Бұл жоспарды да орындаймыз.

Былтыр Түркістан облысында 126,9 млрд теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 3,3 трлн теңгеге 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Олар агроөнеркәсіп, машина жасау, білім және денсаулық, өнеркәсіп және құрылыс, туризм мен энергетика салаларын қамтиды.

күн электр
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Өткен жылы іске қосылған жобалардың қатарында Отырар ауданындағы күн электр станциясы, Сайрам ауданындағы жөргектер өндірісі және күнбағыс майын өндіру, Ордабасы ауданындағы алюминий бұйымдар өндірісі, Арыс қаласындағы ПВХ гранула өндірістерін және өзге де жобаларды атап өтуге болады.

Былтыр 100-ге жуық шетелдік және отандық компаниялармен кездесулер мен келіссөздер жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды. Іс-сапарлардың нәтижесімен, жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн теңгеге жуық инвестиция құйылады. Биыл да осы тәжірибені қолдана отырып, облыстық делегацияның Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапарларын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Өңдеу өнеркәсібі саласында 30,2 млрд теңгеге 20 инвестициялық жобаны іске қостық. Жобалардың қатарында мақта өңдеу, мұнай өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, сүт және сүт өнімдерін өңдеу, шұжық өндіру, тауық еті және тауық жұмыртқасы, тігін фабрикасы, пластик өнімдерін шығару зауыттары бар. Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында 19,5 млрд теңгеге 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, бизнеске қаржылай көмек көрсету кезінде негізгі қоятын талабымыз – өңір тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету.

Өткен жылдың қорытындысымен шағын және орта бизнес секторы 45 441 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандары саны – 292 620 адам. Жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша облысымыз басқа өңірлер арасында 2 орында.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Қытайдың осы бағыттағы жұмыстарынан тәжірибе жинақтау мақсатында өткен жылы өңірдің барлық аудан, қала әкімдерінің және бизнес өкілдерінің қатысуымен жұмыс сапарлары ұйымдастырылды. Шандон, Үрімші, Дженжоу, Джоукоу, Хнан, Иу, Венжоу, Ляочин, Ляоцин сияқты провинциялары мен қалаларындағы өндіріс орындарымен танысты. Бүгінгі таңда 9 бірлескен инвестициялық жоба нақтыланып, жүзеге асыру жұмыстары атқарыла бастады. Бұл жобалар есебінен өңір экономикасына шамамен 1,2 трлн теңге инвестиция бағыттау көзделеді.

Атап айтқанда, Түркістан қаласында жиһаз шығару зауытына 2,3 млрд теңгеге құрал-жабдық сатып алынды. Жоба іске қосылды. Шұлық шығаратын зауыт ашылды, 1 млрд теңгеге қажетті құрал-жабдық сатып алынды.

Қытайлық компания Шардара және Келес аудандарында жалпы құны 45 млрд теңгеге мақта шитін өңдеу және сұрыптау, полиэтилен пленкаларын, тамшылатып суару жабдықтарын және ауыл шаруашылығы техникаларын шығару зауытын ашуға ниетті. Қазіргі уақытта жер қарастыру жұмыстарын жүргізіліп жатыр.

Арыс қаласында жалпы құны 4,7 млрд теңгені болатын алюминий радиаторларын шығару зауыты ашылмақ. Инвестор жобаны жүзеге асыру үшін қытайлық компаниямен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Арыс қаласында жалпы құны 70 млрд теңге болатын текстильді кластер құру жоспарланып отыр. Жергілікті серіктестік Мақтаарал ауданындағы мақта өңдейтін зауытқа қытайлық компаниядан жалпы құны 2 млрд теңгеге қуаттылығы 600 тонналық құрал-жабдықтар сатып алды. Инвестициялық жоба толығымен іске қосылған.

Сауран ауданындағы жиһаз шығару зауытына Қытай компаниясынан 1,4 млрд теңгеге лазерлік станоктар сатып алынды. Зауыт жұмысы жүріп тұр.

Қытайдың тағы бір компаниясы Созақ және Бәйдібек аудандарында жаңартылған энергия көздері саласында жалпы құны 1 трлн теңге, қуаттылығы 1,3 ГВт күн электростанциясы инвестициялық жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ Сауран ауданында жалпы құны 2 млрд теңгеге жаңбырлатып суару құрылғыларын шығару жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Осы Сауран ауданындағы аумағы 30 гектар шағын өнеркәсіптік аймақта (жалпы құны - 12,9 млрд тг) 3 жылда 42 өндірістік ғимарат салу көзделіп отыр. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылды. Бірқатар браунфилдте зауыттар өз жұмысын бастап кетті.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Жұмыстар биыл да осы қарқында жалғасады. Түркістан облысында мақта-тоқыма саласында 75 зауыт, фабрика ашу жоспарланған. Шитті мақта өсіруден бастап, жоғары сапалы өнім шығаратын 75 кәсіпорын ашу, 9 кластер құру көзделген. 40 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, мақта талшығын қайта өңдеу көлемін 100 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Мата, май, киім және мақтадан өзге де өнімдер шығару мақсаты да қойылған.

Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

- Облыстағы негізгі мәселенің бірі – ауыз су. Өңірде әлі де арықтан су ішіп отырған ауылдар бар. Бұл мәселе толығымен қашан шешіледі? 

- Бүгінгі таңда, облыстағы 832 елді мекеннің 739-ы (7 қала, 732 ауыл) ауыз сумен қамтылған. Оның ішінде, қалаларда – 99,8%, ауылдық елді мекендерде – 97%. Биыл 47 нысанның құрылысына бюджеттен 13,3 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде, 37 нысан аяқталады, қалған 10 нысан 2025 жылға өтпелі. Нәтижесінде, 24 елді мекен ауыз сумен қамтылады, 13 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында елімізде ондаған жыл бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан ауыз су мәселесі әлі шешімін таппағанын айтып, Үкіметке өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі.

Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарына сәйкес, қазір қалып тұрған 93 елді мекенді (53,3 мың халық) ауыз сумен қамтамасыз ету шаралары күн тәртібінде. Оның ішінде, 42 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу, 51 шағын елді мекенге кешенді блок-модуль қондырғысын орнату қарастырылып отыр.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

- Су мәселесіне тоқталдық қой. Осы орайда, суармалы судың да жағдайын айтып өтсеңіз. Шаруалардың жаз бойғы негізгі мәселесіне айналатын суармалы су жайы қалай реттеледі?

- Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы республикада ерекше орын алады. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13,3%-ы біздің облысқа тиесілі. Климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында бұл – аграрлық саланы дамытуға еліміздегі ең қолайлы өңір.

Облыста 81,3 мың агроқұрылым (республика бойынша 30%) жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау мен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2023 жылдың қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 трлн 159,0 млрд теңгеге жетті (нақты көлем индексі 102% өсті). Соңғы 5 жылда өнім көлемі 2,1 есеге артты.

Сондай-ақ саланың инвестициялық тартымдылығы жылдан-жылға ұлғайып келеді. 5 жылда 1 млрд АҚШ$ көлемінде жеке инвестициялар тартылып, қайта өңдеу кәсіпорындары, заманауи тауарлы сүт фермалары, ірі бордақылау алаңдары, жылыжай кешендері, қарқынды баулар және су үнемдеу технологиялары енгізіліп жатыр. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті қарқынды артты. 2023 жылы 384,6 млн АҚШ долларының 1054,6 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды.

Бүгінгі күнде облыстың ауыл шаруашылығы саласында негізгі түйткілді мәселелер - ағын су тапшылығы мен мақта бағасының құбылмалылығы.

Облыста ауыл шаруашылығы егіс алқаптарының көлемі - 870,0 мың гектар. Оның ішінде, суармалы алқап - 552,0 мың гектар. Жылдық ағын судың қажетті лимиті – 4,4 млрд м3. Ағын су шығынын төмендету бағытында, су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 32,3 мың га алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген.

Түркістан
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Көктемгі тасқын суларды тиімді пайдалану үшін «Боралдай» (45 млн м3) және «Бәйдібек ата» (68 млн м3) су қоймаларын салу жобалары әзірленді. Бұл Бәйдібек, Ордабасы, Отырар, Сауран аудандарында және Түркістан қаласында 67 мың га егіс алқабының суару мәселесін шешуге мүмкіндік береді. «Бәйдібек ата» су қоймасы бойынша құрылыс жұмыстарын бастауға 2023 жылы облыстық бюджеттен 680 млн теңге бөлінді. 2024 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.

Трансшекаралық өзендер мен магистралды каналдарға тәуелді болуына байланысты, өңірде негізгі ағын су тапшылығы Мақтаарал, Жетісай аудандарында сезіледі. «Достық» магистралды каналы арқылы 140 мың гектар суармалы алқапқа тиісті ағын су көлемі жыл сайын 30-35%-ға кем алынып келеді. Осыған байланысты, Үкіметтік деңгейде Орталық Азияның мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының отырысында бекітілген кестеге сәйкес, ағын су лимитінің босатылуы бақылауда болады.

- Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында да әкімдерге құрғақшылықпен күрес бағытында бірқатар тапсырма жүктеді. Ағын суды үнемдеу мақсатында жаңа технологияларды қолдану, тың тәсілдермен жұмыс істеу керектігін айтты. Бұл бағытта өңірде қандай жобалар жүзеге асады?

- Иә, кеңейтілген отырыста Президентіміз Түркістан өңіріндегі құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесін шешуде су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізуді тапсырды. Бұл бағытта суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейтудің қажеттілігіне тоқталды. Әрине, бұл – бүгінгі күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі. Берілген тапсырмаларды сапалы орындауға бар күшімізді саламыз.

Жалпы, Түркістан облысында ұзындығы 12,3 мың шақырым 3 мыңнан астам канал, 42 дана су қоймасы бар. 75%-ы жөндеуді қажет етеді. Мәселені шешу үшін «2030 жылға дейін Түркістан облысының суару жүйелерін қалпына келтіру» кешенді жоспары әзірленді. Соның аясында 3 жаңа су қоймасы салу, 8 гидротехникалық құрылыс және 40 суару жүйесін қайта құру қарастырылды. Соңғы бес жылда коммуналдық меншіктегі 245,1 км канал күрделі жөндеуден, 1,1 мың км қашыртқылар механикалық тазалаудан өткізілді. Нәтижесінде, 61,3 мың га жер сумен қамтамасыз етіліп, 45,2 мың га жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды. Биыл ұзындығы 62 км 11 канал күрделі жөндеуден өтіп, ұзындығы 488 км қашыртқылар механикалық тазартылады. Нәтижесінде 7,8 мың га суармалы жерлерге су жеткізу қабілеттілігі артып, 19,4 мың га жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 873,6 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Егіс құрылымын әртараптандыруға сәйкес, масақты дақылдар 7,8 мың гектарға артып, 281,2 мың гектарға, жүгері 5,6 мың гектарға артып 47 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 4,2 мың гектарға артып 227,9 мың гектарға орналастырылса, сәйкесінше күріш 1,2 мың гектарға (2 мың га), мақта 6,4 мың гектарға (105 мың га) қысқартылатын болады.

Облыстың оңтүстік өңірлерінде монодақылға айналған мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және мал азықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егісті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қамтамасыз ету мақсатында, Шардара ауданының индустриалды аймағында 35 га аумаққа құны 32 млрд теңге болатын Түркия және Франция елдерінің технологиясымен «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

мақта
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Ағын су тапшылығын төмендету мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 32 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендірілді. Ағымдағы жылға қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланып отыр. Ағын су шығынын төмендету бағытында облыста су үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға енгізілген (22 мың га тамшылатып, 10,3 мың га жаңбырлатып). Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылып отыр.

Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындарды ашу инвестициялық жобаларын жүзеге асыру қолға алынды. Түркістан қаласы өндірістік паркінде «BNK Group LTD» ЖШС-нің құны 4,1 млрд теңге болатын жылына 960 дана жаңбырлатып суару машинасын шығару зауытының 1-кезеңі іске қосылды (жылына 960 дана машина). Сонымен қатар, «ZHANASSYL» ЖШС-нің құны 6,1 млрд теңге болатын тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт жобасы әзірленіп жатыр.

Аталған жобалар есебінен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің су үнемдеу технологияларына кеткен инвестициялық шығыстарды өтеу үлесі 80 пайызға ұлғайту ұсынысы негізінде облыста су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарын толығымен орындауға мүмкіндіктер бар. Қазіргі таңда, жалпы алаңы 10,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша құны 17,8 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба дайын.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша республикада бірінші орыннан көрінді. Әрине, бұл біріншіден, шаруалардың ерен еңбегінің жемісі деп білеміз. Екіншіден, мемлекеттік қолдаудың да үлесі бар екені анық. Дегенмен, бұл салада да шешімін таппаған өзекті мәселе көп. Соның бірі – мақташылар мәселесі. Мақта бағасы жыл сайын мәселе болып көтеріледі. Осы жағдайды реттеудің қандай жол бар немесе балама жүйесін қолға алып отырсыздар?

- Түркістан – республикада мақта дақылын өсіретін бірден-бір өңір. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылым бар, оларда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді.

2022 жылдан бастап әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайларға байланысты логистикалық желілердің бұзылуы және көлік шығыстарының өсуі шетелдік компаниялардың (трейдерлердің) қазақстандық мақта нарығына қызығушылығын төмендетті. Бұл шитті мақта бағасының төмендеуіне әкелді. Осы орайда, бірінші кезекте мақта дақылын рентабельділігі жоғары дақылдарға алмастыру жұмыстары қолға алынды.

2023 жылы мақта дақылы 15,0 мың гектарға қысқартылып, егіс көлемі 111,4 мың гектар болды. Бұл – жалпы егістіктің 13%-ы. Түсімділігі 27 центнерден 318 мың тонна шитті мақта жиналды. Орны дәндік жүгері, бұршақты және мал азықтық дақылдармен алмастырылды.

мақта
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Биыл мақта дақылының егіс көлемі 6,4 мың гектарға қысқартылып, 105 мың гектарға орналастырылады.

Облыста мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы бекітілді. Олар: егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, мақта кластерін құру.

Жол картасына сәйкес, өңірде 75 кәсіпорын мен фабрикалар салу есебінен 9 кластер құру көзделіп отыр. Жобаны толық іске асыру кезінде 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылып, алдағы уақытта мақта бағасына экспорттық тәуелділік толығымен жойылады.

Бүгінгі таңда, жалпы құны 121,6 млрд теңгені болатын 6 инвестициялық жоба қолға алынды. Олар Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандары мен Арыс қаласында жүзеге асырылады.

мақта
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

- Кентау – Түркістан облысындағы жалғыз моноқала. Қаладағы №5 ЖЭО-да апат болып, тұрғындарды біраз әуреге салды. Тіпті, әлеуметтік желілерде «үйіміз жылымай жатыр» деген кентаулықтар шағымын әлі де көзіміз шалып қалады. Бұған не себеп? Кентауда жаңа жылу-энергетика орталығын салу туралы әңгіме қозғалып еді, бұл мүмкін бе?

- Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтқандай, бұл, яғни жылу-электр орталықтарын­дағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары. Кентау қаласындағы жылу орталығы осыдан тура 90 жыл бұрын салынған. Жабдықтардың тозуы шамамен 85 пайызға жеткен. Күрделі жөндеу соңғы рет 2012 жылы жүргізілген. №5 жылу-энергетика орталығынан 14 мыңнан астам абонент жылумен қамтылады.

Жылыту маусымына қарай Кентауда 4 қазандық іске қосылды. Олар демеушілер есебінен 600 млн теңгеге жөнделді. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Сондықтан ЖЭО-ны күрделі қайта құру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жаңа қазандықтарға толық көшуді қамтитын ауқымды жұмыстарды Барнаул мен Теміртаудан жабдықтарды жеткізген өте тәжірибелі мердігер компания атқарып отыр.

Сонымен қатар былтыр басталған екі жаңа қазандықтың құрылысы аяқталып қалды. Жуырда оларды пайдалануға беру жоспарланған. Жыл соңына дейін тағы төртеуі жиналады. Жаңа қазандықтар кемінде 20 жылға есептелген. Олар көмір мен табиғи газды отын ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Сонда барлық мәселе шешіледі. Қазандықтарды қайта жаңартуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбек. Биыл жалпы 6 қазандықты қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталуы тиіс.

Түркістан
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Жыл сайын ЖЭО-ға бюджеттен 2 млрд теңге бөлінеді. Бұл әрине өзін-өзі ақтамайды. Соның көмегімен еліміз бойынша ең төменгі тариф Кентауда екенін айта кеткен жөн.

Президент монополистерге қызмет көрсету шығындарын көрсету үшін тарифтерді қайта қарау қажеттілігі туралы айтқаны белгілі. Сондықтан төлем шығындарға сәйкес болатындай етіп тарифтік саясат қайта құрылады.

Кентауды жылумен жабдықтау мәселесінің тағы бір шешімі – жеке секторды автономды жылытуға көшіру. Өткен жылдан бастап газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіле бастады, сондықтан қазір үйлерде жылыту қазандықтарын орнату мүмкіндігі бар. Қалада 2500-ден астам абонент еш қиындықсыз автономды жылытуға ауыса алады. Сонда 347 көппәтерлі үй мен әлеуметтік нысандар әрі қарай да ЖЭО-дан жылу алуды жалғастырады.

Магистральдық жылу құбырларын ретке келтіру керек, олардың тозуына байланысты жылу энергиясының үлкен шығыны бар. Өткен жылы 3,8 млрд теңге сомасына 4,7 шақырымы жөнделді. Биылға ұзындығы 1,9 шақырым магистральдық жылу құбырын жөндеу және 81 шақырым ішкі орамдық жылу құбырын қайта құру жұмыстарын атқару жоспарланған.

Қазіргі кезеңде бу-газ турбиналы қондырғылар тиімді болып отыр. Бұл бағытта заманауи орталық салуға қызығушылық танытқан бірнеше инвестормен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістан облысы халық саны жағынан да, бала саны бойынша да көш бастап тұр. Облыстағы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі қалай шешіледі?

- 2023 жылдың 14 қарашасында Қазақстанда халық саны 20 млн жетіп, тарихи оқиға тіркелді. 20 миллионыншы тұрғынның бірі Түркістан облысы Жетісай ауданында дүниеге келді. Бұл – біз үшін зор мақтаныш.

Иә, Түркістан облысы – еліміздегі ең демографиясы жоғары аймақ. Облыста 2022 жылы 57 429 бала дүниеге келген. Биыл жыл басынан бері 46 мыңға жуық сәби дүние есігін ашты.

Облыста жалпы 1029 мектепте (мемлекеттік – 908, жеке – 121), 519 мың оқушы білім алады. Осы жаңа оқу жылында 53 222 бала 1-сыныпқа барды, 11-сыныпты 29 422 оқушы бітіреді. Мектептерде 35 мың орынға тапшылық бар. 4 апатты, 5 үш ауысымды және 11 үш ауысымға өту қаупі бар мектептер жұмыс істеп тұр. Аталған мәселені шешу үшін 4 бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз.

мектеп
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Біріншіден, бюджет есебінен 34 мектептің құрылысы басталды (жобалық қуаты – 8 250 орын). Биыл 20 мектепті тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңға 6 мектеп пайдалануға берілді. Екіншіден, Президентіміздің бастамасымен құрылған «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 9 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр (жобалық қуаты – 6 650 орын). Үшіншіден, «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 3 жылда 63 мектеп салынады (жобалық қуаты – 49 мың орын). Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, келесі жылы аяқталады. Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру жоспарланған. Төртіншіден, жеке инвестиция есебінен 17 мектеп салынды (жобалық қуаты – 5 000 орын).

мектеп
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Осы мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің құрамы және олардың біліктілік талаптарын арттыру мақсатында облыс аумағында шетелдік озық педагогикалық тәжірибелермен танысу және оларды ендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Алғашқы 15 педагог Жапония мемлекетінің білім беру саласындағы Саяси зерттеулер ұлттық институтының қолдауымен «Мұғалім тәжірибесіндегі сабақты зерттеу (Lesson Study)» шетелдік семинарына қатысып келді. Алдағы 1,5 жыл ішінде облыстың 100 мұғалімі шетелде тәжірибе алмасу семинарларына қатысады деген жоспар бар.

- Жиі-жиі өңірді аралап, халықпен кездесесіз. Қоғамдық қабылдау өткізіп, ашық диалогке шығып жүрсіз. Өңірде қандай өзекті мәселелер бар? Тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер мен ұсыныстардың шешілу барысы қалай?

- Облыс көлемінде барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс жоспары бекітілген. Оның ішінде халықпен кездесу – маңызды талап. Иә, өңірдегі барлық аудан, қаланы тұрақты түрде аралап, жеке қабылдау, «Ашық есік күнін» ұйымдастырып тұрамын. Ашықтық, әділдік, сындарлы диалог мен үшін өте маңызды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында, 2023 жылы бекітілген кестеге сәйкес барлық аудан, қала тұрғындарымен жалпы 34 кездесуім өтті.

Түркістан
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді іске асыру жөнінде барлық аудан, қалалар бойынша іс-шаралар жоспарлары бекітілген. Іс-шаралар жоспарларына енгізілген сұрақтардың жалпы саны – 293. Басым бөлігі негізінен инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік сала, тұрғын үй және жер мәселелері мен ауыл шаруашылығына қатысты. Тұрғындардың әрбір өтініші назарға алынған. 2023 жылдың қорытындысымен 139 мәселе (48%) шешімін тапты. Қалған 154 ұсыныс-пікірдің 78-і бойынша (51%) құрылыс жұмыстарына қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

- Кітап оқып, спортпен шұғылданатыныңыздан хабардармыз. Астанадағы кітап дүкенінде жүрген сәтіңіз де желіде жарияланды. Қандай кітап оқығанды құп көресіз? Спортқа да уақыт бөлу үшін не істеу керек, кеңес бере кетсеңіз...

- Кітап оқу – адамның ой-өрісін дамытып, жанына қуат береді. Менің ойымша, рухани бай, мәдениетті адам қоғамға, мемлекетке ешқашан қиянат жасамайды. Қай мамандық иесі болсын, рухани бай болса, Отанға адал қызмет етеді. Бала кезімізден кітап оқып өстік. Әлі де қолым қалт еткенде қазақстандық және әлемдік деңгейдегі жаңа, үздік кітаптарды оқып тұруға тырысамын. Қазір Түркістан өңірінің тұрғындары кітапқа бет бұрып жатыр десек болады. Барлық аудан, қала әкімдіктерінде кітапхана бұрыштары ашылды. Жуырда Түркістандағы орталық базарда да кітапхана бұрышы ашылды. Арнайы ғимараты, кітапханашысы бар. Руханият саласындағы жұмыстар жалғасады деп сенемін.

Ал спорт мәселесіне келсек, спорт – сергектік кепілі. Сондықтан әр адам спортпен шұғылданып, жаттығулар жасап тұрса, өзі үшін пайдалы. Ең бастысы, ниет пен тәртіп керек.

Соңғы жаңалықтар