Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың Тегеран нұсқасы қандай

иран израиль
Фото: Kazinform/Freepik/Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесуде Израильмен арадағы әскери қақтығыстың Тегеран нұсқасын мәлім етті.

«Кейінгі 2-3 аптаның ішінде Қазақстанда болмаған едім. Сол кезеңде әлемде біраз оқиға болды. Израиль Иран Ислам Республикасының Дамаскідегі консулдық ғимаратына әскери шабуыл жасады. Осы шабуылда Сирия мемлекетіне терроризммен күресте көмектесіп жүрген әскери кеңесшілер қатарынан 7 адам өлді. 
Өздеріңіз білесіздер, осыдан бұрын да Израиль Сирияда, басқа да елдерде Иран азаматтарына шабуыл жасаған еді. Бірақ осы жолғы шабуылдың ерекшелігі – Иранның ресми дипломатиялық өкілдігіне шабуыл жасалды. Бұл әскери шабуылды Батыс ұжымынан басқа әлемнің барлық дерлік елі айыптады. Әрине, Қазақстан да дипломатиялық өкілдерге жасалған шабуылды қатаң сынады. Өйткені дипломатиялық нысандар Вена конвенциясы бойынша қорғауға алынған», - деді ол.

Дипломат бұл әскери шабуылды Біріккен Ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесі айыптамағанына назар аударды.

«Қауіпсіздік кеңесі өз міндетін орындап, осы шабуылды айыптаған болса, Иран Ислам Республикасы тікелей әскери жауап бермес пе еді... Иранның дипломатиялық нысанына шабуылды Иранның территориялық тұтастығына, егемендігіне деген шабуыл деп есептейміз. Сондықтан, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі мен Батыс елдері бұл актіні айыптамағандықтан Иранның стратегиялық сабыры бітіп, тікелей жауап беру жөнінде шешім қабылдады. Иран Ислам Республикасының бұл жауабы өзін-өзі қорғау ережелеріне, БҰҰ-ның Жарғысына сай келеді. Иранның әскери шабуылы шектеулі болды. Иранға қарсы шабуыл жасаған әскери авиабазаны және сол жердегі Иранға қарсы тыңшылық әрекеттер атқарылған базаны көздеді. Осы қарымта шабуылдан кейін Иран әскери әрекеттің аяқталғанын, Израиль тағы әскери шара қабылдаса, өте қатаң жауап беретінін мәлімдеді», - деді Али Акбар Джоукар.

Еске салайық, сәуірдің ортасына қарай Иран Израиль аумағына ұшқышсыз ұшатын аппараттармен жойқын соққы ұйымдастырған болатын. 

Соңғы жаңалықтар