Қазақстандық боксшылар Азия чемпионатындағы алтыншы алтынына қол жеткізді

бокс
Фото: Бокс федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Астанада өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алтыншы алтынына қол жеткізді.

Нақтырақ айтсақ, 54 келіде өнер көрсеткен Аяжан Сыдық финалда үндістандық қарсыласын қапы қалдырып, ел құрамасына алғашқы алтын жүлдені сыйласа, ерлер арасында 60 келі салмақта Алексей Хаванцев финалда үндістандық Сагар Джахар жеңіп, чемпион атанды. 71 келі салмақта Өнер Сейілхан, 60 келіде Толғанай Қасымхан, 57 келіде Аяжан Ермек өз салмақтарының үздігі атанып, Азия чемпионы болды.

Сонымен қатар осыған дейін хабарлағанымыздай, ерлер арасында 67 келіде ел намысын қорғаған отандасымыз Төрехан Сабырхан да финалдық айқаста Мухаммадазизбек Исмаиловты (Өзбекстан) 2 мәрте нокдаунға түсіріп, күмәнсіз жеңіске қол жеткізді.

Ол осыған дейін 2021 жылы 52 келі салмақта, 2022 жылы 57 келі салмақта жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанса, 2023 жылы 63,5 келі салмақта бас жүлдені қанжығасына байлаған. Міне, биыл тағы да 67 келіде жастар арасында топ жарып отыр.

Осылайша Төрехан Сабырхан ағасы Махмұдтың жасөспірім және жастар арасында өткен Азия чемпионатындағы көрсеткіштерінен асып түсті.

Махмұд Сабырхан 2017, 2018 және 2019 жылдары қатарынан үш рет сары құрлық додасында топ жарған болатын.

Соңғы жаңалықтар