Израиль әскері палестиналықтарды шабуылға дейін Рафахтың шығысынан кетіп қалуға шақырды

палестиналықтар
Фото: Абед Рахим Хатиб / Flash90

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль әскері Газа секторының оңтүстігіндегі аймаққа жоспарланған шабуыл алдында палестиналықтарды Израиль шекарасына жақын орналасқан Рафах қаласының шығыс аудандарын эвакуациялауға шақырды. 

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) дүйсенбі күні Шығыс Рафахқа мәтіндік хабарламалар жіберіп, қоңырау шалды және палестиналықтарға шабуыл алдында кетуге болатын аймақтар туралы және белгіленген гуманитарлық аймаққа қандай жолмен бару керектігі туралы нұсқаулар берді.

«Үкіметтің хабарлауына сәйкес, Израиль армиясы ХАМАС бақылауындағы халықты Рафахтың шығыс аудандарын кеңейтілген гуманитарлық аймаққа уақытша көшіруге шақырады», - делінген Израиль әскерилерінің мәлімдемесінде.

Бейбіт тұрғындарды Әл-Маваси және Хан Юнис аудандарындағы кеңейтілген гуманитарлық аймаққа көшуге шақырып жатыр, онда көшпелі ауруханалар мен палестиналық босқындар үшін лагерьлер салынған. 

Эвакуация туралы бұйрық әзірге Газаның оңтүстігіндегі бүкіл қалаға емес, Рафахтың кейбір шығыс аудандарына ғана қатысты. 

Халықаралық қауымдастық Израильге 1,5 миллион палестиналық паналаған Рафахтағы әскери операцияның «апатқа әкелетінін» ескертті. 

Израиль әуе күштері дүйсенбіге қараған түні Рафахтағы ХАМАС-тың бірнеше позициясына шабуыл жасады. Салдарынан 22 адам қаза тапты, оның сегізі - бала.

Соңғы жаңалықтар