«Қамбарата-1» ГЭС-інің құрылысына Қазақстан қанша үлес қосады

Камбар-Атинская ГЭС-1
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстандағы «Қамбарата-1» ГЭС-ін қолданысқа берудің үшжақты келісімшарт жобасы жарияланды.

Құжат Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикаларының Үкіметтері арасында бекітіледі. Келісім Қырғызстандағы Нарын өзенінен бой көтеретін «Қамбарата-1» ГЭС-ін үш ел бірлесіп салып, кейін оны өзара тиімді пайдалануға бағытталған.

Жобаны іске асыруға кететін қаражатты үш мемлекет бірлесіп шығарады. Сол үшін жеке акционерлік қоғам құрылады.

Келісімшарт жобасының 4-бабында осы акционерлік қоғамның жарғылық капиталына Қырғыз тарапы – 34 (отыз төрт) пайыз, Қазақстан тарапы – 33 (отыз үш) пайыз, Өзбекстан тарапы – 33 (отыз үш) пайыз иелік ететіні, сәйкесінше шығынды да осы көлемде өтейтіні айтылған. Бірақ станса салынып біткеннен кейін қоғамның акциялары мен активтері тұтастай Қырғыз Республикасының меншігіне өтеді.

«Әрбір тарап қоғамның құрылтайшысын дербес айқындайды және өз тарапынан және дипломатиялық арналар арқылы басқа тараптарды хабардар етеді. Тараптардың үлестік қатысуы өз үлестерін біріктіру, беру және сату мүмкіндігін толық қоспағанда өзгеріссіз қалады. Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді. Қаржы акционерлік қоғам құрылтайшыларының меншікті қаражатынан, халықаралық қаржы институттары мен коммерциялық банктерден тартылатын қарыздардан, гранттардан алынады», - делінген құжаттың түсіндірме жазбасында.

Сондай-ақ, түсіндірме жазбада «Қамбарата-1» ГЭС-ін бірлесіп салу Қазақстанға не беретіні айтылған.

«Қазақстанның жобаға қатысуы түбегейлі міндет болып табылады. Оны шешу «Тоқтоғұл» ГЭС-інің жұмыс режимін энергетикалық режимнен ирригациялық режимге біртіндеп ауыстыру үшін қажет. Бұл вегетациялық кезеңде оңтүстіктегі облыстарды сумен жабдықтаудың тұрақтылығын арттырады. «Қамбарата-1» стансасы Қазақстан үшін Сырдария өзенінің ағынын көпжылдық мерзімде реттейтін су қоймасы ретінде стратегиялық маңызды мәнге ие», - делінген құжатта.

Соңғы жаңалықтар